Чемпиондар лигасының ширек финалындағы қарсыластар анықталғанда "Барселонаға" "Ювентустың" оңай болмайтыны белгілі еді. Қазіргі туриндіктер екі жыл бұрынғы команда емес. Бұл "Ювентус" Францияның "Пари Сен Жермені" емес. Мұнда Италияның мықты қорғаушылары жиналған. Өткен жазда команданың бас бапкері Массимилиано Аллегри өзіне қажет футболшыларды қатарына қосқан.
Бұл ойында біз бірер ай бұрын франциялықтарды тас талқан еткен "Барселонаны" емес керісінше Парижде ойсырай ұтылған команданы көрдік. Бұл жолы біз қарсыласынан айласын асыра білген Месси, Неймар, Суарес үштігін бұрынғы деңгейінде көре алмадық. Орталық жартылай қорғаныста Серхио Бускетстің жоқтығы (сары қағазының көптігінен қатыса алмады) мен негізгі құрамда қорғаушы Жереми Матьенің шыққанынан-ақ испаниялықтардың жағдайы қиын екені түсінікті еді.
"Ювентус" "ә", дегеннен-ақ қарсыластарын қысымға алумен бастады. Әрбір туриндік өзіне жауапты ойыншыны назардан тыс қалдырмады. Сол қапталдан Даниэль Алвес отандасы Неймардың адымын аштырмаса, оң қапталдан Лионель Мессиді Алекс Сандро өзінен ұзата қоймады. Ал орталық қорғаушыларды бұзып өтетін Луис Суарес Джорджо Кьелини мен Леонардо Бонуччидің арасынан көрінбей де қалды. Каталондықтар әдеттегідей допқа көбірек иелік етумен ғана болды.
Матчтағы алғашқы гол 7-минутта соғылды. Оң қапталдан айып алаңына енген Хуан Куадрадоның пасынан кейін Пауло Дибала мергендігімен танылып, есеп ашты. Кездесудің 22-минутында сол қапталдан Марио Манджукичтің берген добын Пауло Дибала тоқтатпастан қақпаға бірден бағыттап, дубль иесі атанды. Аргентиналық шабуылшының бұл голы 2014 жылы әлем чемпионатында Бразилияны ойсырата жеңген Германияның голдарына ұқсағандай.
Алғашқы таймда 3-4-3 сызбасы сәтсіз болғандықтан Луис Энрике келесі 45 минутта бұрынғы 4-3-3 нұсқасына көшті. Екінші таймның басында Жереми Матьенің орнына Андре Гомешті шығарып, орталық жартылай қорғаныста жүрген Маскераноны қорғанысқа қойды. Ал Серхи Роберто оң қапталдың қорғанысына жауапты болды.
Бірінші таймдағыдай емес келесі 45 минутты қонақтар жаңа қарқынмен бастады. Бірақ бірінші болып гол жіберіп алды. Ойынның 55-минутында Пьяничтің бұрыштамадан әуелете берген добына Кьелини бірінші болып жетіп, үшінші допты соқты. Бұл матчтағы соңғы гол болды. Есеп 3:0. Ширек финалдағы алғашқы ойында "Ювентус" Испания чемпионын осылайша жеңді.