Елбасы Сенім грамоталарын қабылдаған елдердің қатарында Марокко Корольдігінің елшісі Абделжалил Собри, Оңтүстік Африка Республикасының елшісі Кийтуметци Сийпело Тандека Мэттьюс, Біріккен Араб Әмірліктерінің елшісі Мұхаммед Ахмед Сұлтан Иса әл-Джабер, Сауд Арабиясы Корольдігінің елшісі Захир бен Мутиш әл-Анези, Малайзия елшісі Дато Саид Мохамад Бакри Бин Саид Абдул Рахман, Грузия елшісі Зураб Абашидзе, Моңғолия елшісі Лувсан Баттулга секілді жеті мемлекеттің елшісі болды.
Мемлекет басшысы рәсімге қатысушыларды құттықтап, шетелдік дипломаттардың қызметтері Қазақстан үшін маңызды кезеңде басталғалы отырғанын атап өтті.
– Қаңтар айында мен халыққа арнаған Жолдауда Қазақстанның үшінші жаңғыруын қамтамасыз ету міндетін белгіледім. Біз күш-жігерімізді елдің жаһандық бәсекеге қабілеттігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құруға бағыттаймыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті өзінің биылғы 10 наурызда «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қоюы ел өміріндегі тағы бір маңызды оқиға болып саналатынын айтты.
– Соңғы түзетулерге сәйкес, Президенттің бірқатар өкілеттіктері биліктің басқа тармақтарына берілді. Конституциялық құрылымның, ел егемендігі мен тәуелсіздігінің мызғымастық кепілдігі нығая түсті, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде өңір атынан өкілдік ету Қазақстан үшін зор мәртебе екенін жеткізді.
Қазақстан Президенті ядролық қауіпсіздік, энергетикалық қауіпсіздік, су қауіпсіздігі және азық-түлік қауіпсіздігі мемлекетіміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысының басымдығы бар төрт бағыты ретінде қарастырылатынын атап өтті.
– Қазақстан – жаһандық антиядролық қозғалыстың бастаушысы әрі көшбасшыларының бірі. Биыл Астанада Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні – 29 тамызда бірқатар маңызды халықаралық іс-шара өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарын, Париж келісімдерін іске асыруға және «жасыл экономиканы» насихаттауға Қазақстанның белсене атсалысып отырғанын айтты.
– Осы мақсатта Астанада «Болашақтың энергиясы» тақырыбымен ЭКСПО халықаралық көрмесі өтеді. Көрме жұмысы аяқталған соң ЭКСПО базасында «Астана» халықаралық қаржы орталығы ресми түрде жұмысын бастайды, сондай-ақ онда ІТ-стартаптардың халықаралық технопаркін, энергетикаға, қоршаған ортаға және технологияларға маманданған кластерлерден тұратын ғылыми-технологиялық паркін құру көзделген, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы экономикалық бағыт шетелдік серіктестермен ынтымақтастығымыздың негізгі элементі болып саналатынын атап өтті.
– Біз сауданы ұлғайтып, өндірісті дамыту үшін сапалы инвестиция тартуға мүдделіміз. Инвесторлар үшін түрлі жеңілдіктер қарастырылған, сондай-ақ «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетіледі. Біздің ел 2015 жылдан бері Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі болып саналады. Қазақстан «Бизнес жүргізу жеңілдігі» көрсеткіші бойынша әлемнің 190 елінің арасынан 35-ші орын алып отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті еліміздің географиялық тұрғыдан оңтайлы орналасқанына тоқталып, мұның Қазақстанды маңызды көлік-транзит торабы ретінде қарастыруға мүмкіндік беретінін айтты.
– Еліміз арқылы Еуропадан Қытайға және Оңтүстік-Шығыс Азияға баратын қысқа жолдар өтеді. Осыған орай, «Нұрлы жол» ұлттық инфрақұрылымдық бағдарламасы белсенді түрде жүзеге асырылуда. Кәсіпкерлер қауымы Индустриялық-инновациялық дамудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына және ауқымды жекешелендіру науқанына атсалыса алады. Сіздердің елдеріңіз осы жобаларға белсене қатысады деп үміттенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатының көпвекторлы сипатта екенін айтып, Біріккен Араб Әмірліктерін әлемдегі негізгі серіктесіміздің бірі ретінде деп атады.
– Әмірліктер Қазақстан экономикасы үшін аса ірі өңірлік инвестор болып саналады. Біздің елде әмірліктер капиталының үлесі бар 200-ге жуық бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Астанада құрылысы жүріп жатқан өңірдегі аса ірі «Абу Даби Плаза» инвестициялық жобасы көз алдарыңызда жүзеге асуда. Әмірліктер басшылығымен менің кездесулерімнің қорытындысы бойынша бірлескен ірі жаңа жобаларды жүзеге асыру жөнінде уағдаластық, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті Сауд Арабиясы Корольдігін еліміздің сыртқы саясаттағы бастамаларын ұдайы қолдап келе жатқан маңызды халықаралық серіктесіміздің бірі ретінде қарастыратынымызды жеткізді.
– Екіжақты өзара іс-қимылды мейлінше дамытуға менің Эр-Риядқа былтырғы қазан айындағы сапарым да септігін тигізді. Біз агроөнеркәсіп кешені, мұнай химиясы, энергетика, геологиялық барлау салаларындағы өзара іс-қимылды ілгерілетуге өзара мүдделілікті қуаттадық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Марокко Корольдігімен қарым-қатынасымыздың жүйелі дамып келе жатқанын атап өтті.
– Астанада Марокко елшілігінің ашылуы өзара тиімді саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты арттыруға тың серпін береді, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі сенімді серіктесі – Малайзиямен үнқатысу қарқынды дамып келе жатқанын айтты.
– Жоғары технологиялық инфрақұрылым және құрылыс жобалары, ислам банкингі жүйесі, «халал» стандартындағы азық-түлік өнімдерін шығару сияқты бағыттарда ынтымақтастықты дамытуға мән беру қажет. Малайзия – АСЕАН-ның мойындалған көшбасшысы. Қазақстан бұл қауымдастықпен тығыз байланысын одан әрі нығайтуға мүдделі, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті Біріккен Араб Әмірліктерінің, Сауд Арабиясының, Марокконың және Малайзияның елшілеріне сөз арнай отырып, олар биыл қыркүйекте Астанада өтетін Ислам ынтымақтастық ұйымының Ғылым мен технологиялар жөніндегі саммитіне өз елдерінің жоғары деңгейде қатысуы үшін белсене атсалысады деп үміт артатынын жеткізді.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Оңтүстік Африка Республикасымен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға баса мән беретінін айтты.
– Оңтүстік Африка Республикасы әлемдік қоғамдастықтың беделді мүшесі әрі Африка құрлығындағы саяси және экономикалық үдерістерге қатысып отырған негізгі ел ретінде танымал. Қазақстан бұл елмен ынтымақтастығын серіктестіктің жоғары деңгейіне көтеруге мүдделі. Әріптестігіміздің жарқын мысалы ретінде 2015 жылы құрылған «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» бірлескен кәсіпорнын айтуға болады, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Грузиямен екіжақты қарым-қатынасты дамытудың маңыздылығына тоқталды.
– Біз Тбилисимен үнқатысуды барлық салада және барлық деңгейде әрі қарай жалғастыруға мүдделіміз. Грузия Президентінің Астанаға алдағы сапары аясында біз кең ауқымды мәселелерді талқылап, екіжақты өзара іс-қимылдың жаңа перспективалы бағыттарын айқындаймыз деп сенемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы еліміздің Моңғолияны Шығыс Азиядағы маңызды серіктес ретінде қарастыратынын атап өтті.
– Соңғы жылдары Моңғолияның Азиядағы маңызды транзиттік мемлекет, саудадағы әріптес және табиғи ресурстарды жеткізуші ретіндегі рөлі айтарлықтай артты. Халықтарымыздың тарихындағы ортақтастық, экономикалық мүдделеріміз бен геосаяси сын-қатерлердің ұқсастығы Қазақстан мен Моңғолияның саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын одан әрі тиімді нығайту қажеттілігін тудырады, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылы Қазақстан мен рәсімге қатысып отырған елшілердің елдері арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнауының мерейлі межесі атап өтілетінін айтты.
– Биыл біздің еларалық байланыстарымыздың басталғанына 25 жыл толады. Сіздердің Астанадағы қызметтеріңіз елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталады деп сенемін, – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев рәсімге қатысушыларды Қазақстандағы дипломатиялық қызметтерінің ресми түрде басталуымен құттықтап, оларға және отбасыларына денсаулық пен табыс тілеп, елімізде өткізетін күндерінің жайлы болуына ниеттестік білдірді.
Елші Захир бен Мутиш әл-Анези Қазақстан Президентіне Сауд Арабиясы Королінің сәлемін жеткізгені туралы айтты.
– Сенім грамотасын тапсырғаным үшін қуаныштымын. Қазақстан Республикасының Жоғары мәртебелі Президентіне Сауд Арабиясының Королінің сәлемін жеткіздім. Президент мырза Сауд Арабиясының Королі жолдаған қасиетті Қағбаның жамылғысын қуанышпен қабыл алды. Сонымен қатар, Сауд Арабиясы Королінің Қазақстан Республикасына ресми сапармен келу ниеті көрсетілген хатын жеткіздім. Құдай қаласа, сапар жақын арада жүзеге асады деген үмітіміз бар,– деді Сауд Арабиясы Корольдігінің елшісі.
Марокко Корольдігінің елшісі Абделжалил Собри журналистерге берген сұхбатында Қазақстан Президентіне Марокко Королі Мұхаммед VI-ның ыстық сәлемін жеткізгенін айтты.
– Мәртебелі Король бауырлас әрі достас ел Қазақстанмен арада байланысты дамытуға мүдделі екендігін жеткізді. Қазақстан мен Марокко арасындағы байланыстардың жақсы екенінен хабардарсыздар. Біздің елдеріміз өз аймағында маңызды рөл атқарады. Екі мемлекет те басқа діндер, мәдениеттер және өркениеттер үшін ашық. Екі елде де бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға маңыз беріледі, – деді ол.
Біріккен Араб Әмірліктерінің елшісі Мұхаммед Ахмед Сұлтан Иса әл-Джабер Қазақстан Президенті мен халқына қонақжай пейілі үшін алғысын білдірді.
– Қазақстан Республикасына келген алғашқы күннен бастап ыстық пейілмен қарсы алғандарыңыз үшін алғыс білдіремін. Біріккен Араб Әмірліктерінің басшылығына да маған Қазақстан сынды достас мемлекетте дипломатиялық миссия атқару сынды мәртебелі міндет жүктегені үшін риза,– деді ол. Елші айтып өткендей, екі мемлекеттің арасындағы байланыстар мемлекеттердің басшыларының өзара достығының арқасында жыл санап нығайып келеді.
Жеті мемлекеттің Төтенше және өкілетті елшілері Қазақстан Президентіне алғыстарын білдірді. Олар өз елдерінің алдағы уақытта Қазақстанмен арадағы жан-жақты ынтымақтастық байланыстарды нығайта түсуге ниетті екендіктерін жеткізді.
Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»