Елбасы стратегияны іске асыруға қатысты міндеттер мен тапсырмаларды белгілеп берген «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты 2014 жылғы Жолдауында: «Ғылыми қамтымды экономика құру – ең алдымен, Қазақстан ғылымының әлеуетін арттыру. Бұл бағыт бойынша венчурлік қаржыландыру, зияткерлік меншікті қорғау, зерттеулер мен инновацияларды қолдау, сондай-ақ, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру жөніндегі заңнаманы жетілдірген жөн. Ғылымды қаржыландыру көлемін біртіндеп арттырып, оны дамыған мемлекеттердің көрсеткіштеріне жеткізу қажет», деп атап өткен еді.
Аталған жұмыстар қазір шешімін тауып келеді. Отанымыздағы білім мен ғылымды ұштастыра жүргізуде оң өзгерістер бар.
Бұрынғы желіні жалғастыра отырып, уақыт талабына сай жаңа университет ұйымдастыру ісі 2009 жылы қолға алынып, 2010 жылы заманауи білім ордасы алғашқы студенттерге есігін ашқан еді. Бұл − Назарбаев Университет болатын. Оқумен қатар, инновациялық зерттеу қызметін жүргізуге бағытталған білім ордасының ғылыми инфрақұрылымы қай жағынан да қарымды. Жаңа университет инновациялық зерттеу қызметін жүргізуге бағытталған осы заманға сай ғылыми орталық болуды мақсат тұтады. Осы орайда білім мен ғылым ордасына ең үздік ұлттық және халықаралық оқымысты ғалымдар мен зерделі зерттеушілер шақырылып, оларға барлық жағдай жасалды. Университеттің академиялық және ғылыми саясаты университет құрамына кіретін мектептер (институттар) жүйесіне қарай қарастырылған. Бұл еліміздің индустриялық-инновациялық мақсаттарын орындау үшін білім, ғылым және өндірістің арқасындағы өзара байланысты қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні алдын ала ойластырылған болатын.
Назарбаев Университеттің басты миссиясы қандай дегенге келетін болсақ, Қазақстанда білім мен ғылыми-зерттеу қызметінің дамуына мүмкіндік беру, сонымен қатар, Астананы Еуразия кеңістігіндегі зерттеу және білім беру орталығы ретінде қалыптастыру болып саналады. Университет жан-жақты ойластырылған өзіндік білім стандарты бойынша жұмыс істейтінін айта кетсек дейміз.
Назарбаев Университетте ғылыми жұмыстар жүйелі жүргізіліп отырады. Жыл сайын 700-ден астам үздік грантпен оқу орнына қабылданады. Олардың алды білім ордасын бітіріп, ел дамуына өздерінің үлестерін қоса бастағаны мәлім. Бір ғана мысал, өткен жылы бітірген екінші лектің 622 түлегінің 444-і бакалавриат, 178-і магистратура бағдарламасы бойынша тәмамдады. Түлектердің көпшілігі ғылым және технологиялар, инженерия, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар, жоғары бизнес, жоғары мемлекеттік саясат мектептерінен қанат қағыпты.
Университет бітірушілер теориялық білімдерін өздері таңдап алған мамандық бойынша тәжірибе жүзінде дәйектеп келеді. Жалпы, ғылымға бет бұрған азаматтар университеттің химия, физика, роботтытехника, геномика, материалтану және өзге де зертханаларында жұмыс жасайды. Олардың ізденістеріне білім ордасындағы қазыналы кітапхана да септігін тигізіп отыр. Мәселен, онда 210 000-ға жуық электронды кітап, 101 000-нан астам ғылыми журнал, 228 дерекқор бар екенін атап айтуға болады.
Қазір елімізде зерттеу университеттері экономиканың дамуына, ұлттық инновациялық жүйелердің өрістеуіне мүмкіндік тудырып отыр. «Назарбаев Университет» дербес білім беру ұйымы Зерттеу университетінің негізгі міндеті жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің барлық деңгейлеріндегі ғылыми қызмет пен білім беру үрдісін интеграциялау болып табылады.
Бұл күндері Назарбаев Университеттегі ғылыми жетістіктер атап өтуге тұрарлық. Студенттерге шетелдік оқытушылар сабақ беріп келеді. Ал отандастарымыз ғылыми-зерттеу жұмыстарына өз үлестерін қосуда. Айталық, 518 халықаралық ұйыммен, оның ішінде Оксфорд, Гарвард, Кембридж, Принстон, Токио және басқа да беделді университеттер бар, тығыз қарым-қатынас орнатылды. Мысалы, биомедицина, биоинформатика, биоинженерия, ғылымның жаңа технологиялары, энергетика, су ресурстары, ауыл шаруашылығы инфрақұрылымы бойынша зерттеулер жүргізіледі. Осындай ауқымды жұмысқа 458 оқытушы мен зерттеуші тартылған.
Ғылыми жетістіктердің айналымға түсуіне келсек, 2011-2017 жылдар ішінде 1100 ғылыми мақала халықаралық басылымдарда жарық көріп, бағасын алыпты. Томсен Рейтерс компаниясы Назарбаев Университетті Қазақстандағы ең танымал ғылыми ұйым деп атаған. Ал өткен жылы университет студенттерінің 90 ғылыми мақаласы әлемдік журналдарда жарияланса, бұл көрсеткіш 2015 жылы 8 жарияланымды ғана құраған болатын.
Заманауи университеттің тақырыптар аясында ғылыми жарияланымы қай дәрежеде дегенге көңіл бөлсек, медицина саласы − 7,9 пайыз, биохимия және молекулярлық ғылым – 6,1 пайыз, компьютерлік ғылым – 12,2 пайыз, математика – 5,9 пайыз, физика және астрономия – 11,2 пайыз. Университет ғалымдары мен қызметкерлеріне бөлінген гранттарға келсек, Ұлыбритания, АҚШ, Швейцария сынды бірқатар елдер грант бөліп, әріптестік байланыстарды нығайтып келеді.
Бір сөзбен айтқанда, ғылым мен білімнің бүгінгі іргелі орталығына айнала бастаған Назарбаев Университеттегі жұмыстар, оның оң нәтижелері жұртшылықтың ілтипатына бөленуде. Университет ел брендіне айналуға талпыну үстінде. Басты мақсаты − тәуелсіз елдің жас ұрпағын өркениет көшіне қосу болса, қазірдің өзінде бұл игілікті іс ілгері басып, мыңдаған талапкер білім ордасында оқуға ниет танытып келеді. Университеттің білім бағдарламасы бірте-бірте еліміздің жоғары оқу орындарында қолданысқа ене беретіні ақиқат.
Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»