Президент Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауды тапсырды.
Бүгін «Егемен Қазақстан» газетінде шыққан «Болашаққа бағдар – ұлттық жаңғыру» атты мақаласында Мемлекет басшысы латын әліпбиіне көшуді бастаудың нақты уақыты туралы айтты. «2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз. Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек. Біз осынау ауқымды жұмысты бастауға қажетті дайындық жұмыстарына қазірден кірісеміз. Үкімет қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауы керек» деді ол.
Елбасы латын әліпбиіне көшудің маңыздылығына тоқталды. «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты. Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес» деді Президент.
Назарбаев 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керектігін айтты. «2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет. Алдағы 2 жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілуге тиіс» деді Елбасы.
Сонымен қатар, жаңа әліпбиге бейімделу кезеңінде белгілі бір уақыт кириллица алфавиті де қолданыла тұратынын айтты.