28.02.2013
Рим Папасы Бенедикт ХХVІ бүгін Рим уақыты бойынша кешкі сағат 20-да тақтан түсті. Ватикандағы билік басындағылардың бәрі де қызметтен кетті. Сағат 20-да Ватиканды күзеткен швейцариялықтар іштен шығып, қақпа жабылып, қорғауды полицейлер қабылдады. Папа сағ. 19:00-де Ватиканда кардиналдармен қоштасып, алаңға шығып, аппақ киімімен аппақ тікұшаққа отырып, Римнің түбіндегі 30 шақырым жердегі жаздық резиденцияға келіп қонды. Онда бар болғаны 2,5 мың кісі тұрады екен. Бәрі жиналып Папаны күтті. Папа балконға шығып, оларға құрмет көрсетті.
Папа осында үш айдай тұрады екен. Ватикандағы монастырдағы үйін жөндеп болғаннан кейін қалған өмірін монастырда өткізеді. Қоштасқан сөзінде Папа:
– Мен енді понтифик (әулие) емеспін, пилигриммін, – деді.
Ватикан оны құрметті Папа деп отыр.
Енді Папаның орны бос. Жаңа Папа наурыз айында сайланады. Бенедикт ХХVІ сайлауға қатыспайды. Ватиканның тарихында тұңғыш рет Папа болып қара нәсілді сайлануы да мүмкін деген жорамал бар.
03.03.2013
Бүгін Илья Жақанов тағы да телефон соқты. Шырынбек оған ән-күйлерімнің ноталар жинағын беріп, алғысөз жазып беруді өтінген екен. Оған да біраз уақыт болып кетті.
Сол кезде-ақ, ала салысымен Илья маған телефон соққан еді. Менің жеті томдық жинағымды оқып, әбден риза болып жүретін. «Ғажап, ғажап! Не деген керемет. Тарих та, мемлекет те, ұлт та, ел туралы толғаныс та тұнып тұр» деп, маған әлденеше телефон соғып, ризашылығын білдірген болатын.
− Мен әндер жинағына жай ғана алғысөз жазбаймын, лирикалық толғау жазамын, асықтырма, – деді.
Илья Жақанов екеуміз 1954 жылы Қаратауда оныншы класты бірге бітірдік. Өскен өңір де, өнер ортасы да бір, ортақ. Ауылымыз аралас.
Илья – бүгінде халқымыздың атақты композиторы, көрнекті жазушысы. Ол – кешегі Ақан, Біржандардың сарқыты, сол ұлылардың соңы. Бүгінде берекесі кеткен, ән азғандай болған заманда Ильяларды қайта-қайта тыңдағың келе береді. Ильяның әндеріндей ән енді тумайды. Әннің бүгінде бағасы да, мазмұны да, табиғаты да өзгерді. Ешқандай құны жоқ, сөзінің мағынасы жоқ әндер көбейіп кетті. Заман солай шығар, қайдан білейін.
Илья ертең Атырауға жүрмек. Сонда жатып, асықпай иін қандырып мен жайындағы эссеге кіріспек. Сәтін салсын!
Илья екеуміз телефонмен сөйлесіп тұрып, балалық шақты, жас кезімізді, іргелес ауылдарымыздың бұрынғы кескін-келбеті туралы да көп әңгіме айттық. Ильяның ауылы менің ауылым Ақтөбеден сексен шақырымдай жер – Сарысу ауданы, орталығы Байқадам, ар жағы Созаққа жалғасады.
Біздің ауыл бидай, жүгері егеді. Күзде тамалар түйемен келіп қап-қап жүгері, қап-қап бидай алып кететін. Сарысудан оңтүстікке қарай шыққан кірекештер біздің ауылға қонып өтуші еді.
Талай өнерпаздар да келіп жататын. Атақты күйші Сүгірдің бірнеше рет біздің ауылға келгенін бұрын да жазғанмын. Аласа бойлы, ықшам, дембелше келген ақ қалпақты кісінің тұла бойының соншалықты тұнып тұрған өнер екенін сол кезде бала болсам да сезініп, қайран қалушы едім. Шіркін, Сүгірдің құрметіне бөленіп, сол кісінің ілтипатына ие болған Әйтпенбет әкемнің өнері қалың елге танылмай, өмірі қой артында өтті. Сарысудан біздің ауылға көшіп келген (себебін білмеймін) Шәмшілда ақсақалдың да күй тартуы бөлек еді. Сыпайы кісі болатын. Тамамын деуші еді. Илья ол кісіні өте жақсы білген екен, жекжаттығы да бар екен. Біздің ауылға сіңісіп кетті. Ол кісіні ешкім тамасың деп бөлмейтін. Өте бір сыпайы кісі еді. Ильяның айтуынша Шәмшілда – арғын атаның ұрпағы, оның ішінде Алсай – Қарақұс, атақты күйші Боранқұлдың нағашысы әрі ұстазы. Боранқұлдың інісі Мәдіғұл біздің Сапарбек деген ағамыздың қызы Ұлтайды алып, біздің ауылда бір жыл тұрды. Қазақтың қалжыңдасатын әдеті емес пе, ағаларымыз күшік күйеусің деп қажай берген соң, Мәдіғұл Үшаралға көшіп кетті. Сол кезде Боранқұл біздің ауылға, інісінің үйіне жиі келіп тұрушы еді.
Атақты ақын Қалыбектің баласы Зиябек те айтулы күйші еді. Ол да біздің елге күйеу еді. Кейін Сарыағашқа қарай көшіп кетті деп естігенбіз. Талай сұрау салдым, бірақ дерегі шықпады.
Сүгір, Әйтпенбет, Шәмшілда, Боранқұл, Зиябек қатар отырып, кезек-кезек күй тартқанда аядай ауыл өнердің ордасына айналғандай болушы еді. Бәрінің домбыралары да бір-бірінен аумайтын, қалақтай, қолдан шабылған қара домбыра болатын. Шіркін, Әйтпенбет те, Шәмшілда да ғажап күйшілер еді. Әттең, солардың өнері далаға кетті. Обал болды. Не жадында сақтаған, не жазып қалдырған кісі болмады. Жазатын құрал да, нота білетін кісі де болмады. Осы есіме түссе бүгінде ішім қазандай қайнап, удай ашиды.
Сарысудан өлеңші, жыршы, күйші Мәдінің (Шәутиев) келуі де ылғи оқиға болушы еді. Шіркін-ай, өнерпаз еді. Кейін 1972 жылы Мәдіні, ақын Төреқожаны Жамбылдың 125 жылдық тойына Алматыға алдырып едім. Біздің үйде екеуі бір аптадай жатты. Алматының теледидарына да шығардым. «Астра» дейтін магнитофоныма екеуін де жазып алып едім. Сол жолы біздің үйде таңға дейін отырып сол «Астраға» Төлеген Момбековті де жазған едім. Үйсіз-күйсіз, көшіп-қонып жүргенде, әттең, еңбегім рәсуа болды. Мәді де, Төреқожа да менің өтінішім бойынша Қаратаудың ескі әуендеріне салып еді. Амал не, бәрінен де айырылдым. Төлегенмен бірге Өмірзақ Айтбаев, Керімбек Сызықов келіп, Төлеген өз күйлеріне түсініктеме беріп отырып тартып еді. Сүгір де, Әйтпенбет те, Төлеген де тырп етпей, тапжылмай отырып тартатын. Кеудесі сөйлеп тұрғандай көрінуші еді маған.
Әкем мені өзге балалардай ойнатпады. Ойыннан ештеңе шықпайды деп, аталы сөз айтылатын ортаға үнемі ертіп барушы еді. Ондай ортада менен басқа мен қатарлы ауылдың балалары көріне бермейтін. Сөйтсем, көкем жарықтық мені адам болсын деп жүр екен ғой. Мұның пайдасын мен кейін білдім.
05.04.2013
«Ит жоқ жерде шошқа үреді» деп, осы күндері оппозициялық газеттер елдегі әлеуметтік, экономикалық, саяси ахуал жайында «баталы» сөзді, төрелікті Герольд Бельгерден сұрайтынды шығарды. Герекең қазақтың тарихы, болмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, мінез-құлқы, келешегі жайында құлаш-құлаш мақала жазып, онысын негізінен орыс тілді газеттерде жариялап, қазаққа ақыл айта бастады. Бүгінде қазақтың Герольдтан басқа ақылманы жоқ секілді. Кейбір ойларында мысқыл жатады. Бельгердің қазақ тіліне жетік екенінде ешкімнің күмәні жоқ. Сол білетіндігінен де қазақтың кейбір мақалдарын шебер пайдаланып, орысша жазған мақаласына оны қазақша кіріктіріп, өз мақаласымен қазақтың өзін сынайтынына қайран қаласың. Бұл ретте ол Абайдың да қазақты сынаған сөздерін шебер пайдаланады. Амал қанша, ашық ауыз, аңқылдаған ақкөңіл қазақ, ұлтымыздың жанашыры Абай күндердің күнінде Герекеңдердің мұны шебер пайдаланатынын қайдан білсін.
Бельгердің қазақ туралы, айтылған жағымды пікірлері де аз емес. Жазбай, айтпай қайтсін. Сол бір қырғын, қиямет жылдары бір үзім нанды бөлісіп жеп, оларды аман алып қалған қазақтың кең пейілін, бауырмалдығын қайдан ұмытсын. Ұмытпайды да. Герольдтың бауырмалдығы да, сіңірген еңбегі де аз емес. Бірақ, қалай дегенде де, өзге ұлттың төрелік айтып, төбе би болып, ақыл үйретіп отырғаны жаныңа қатты батады екен. Мен мұны реті келген соң ғана айттым. Әйтпесе, Герекеңнің қазақ жазушыларын орыс тіліне аударуда да еңбегі аз болған жоқ.
14.05.2013
Қазақтың белгілі композиторы, жақсы жазушы-эссеист, айтулы әнші Илья Жақанов екеуміз 1954 жылы бүгінгі Қаратау қаласында Сталин атындағы орта мектепті бірге бітірдік. Көзге көп көріне бермейтін, кісілікті, тойған қозыдай болып жүретін ылғи. Суретші еді. Мен мектепте қабырға газетінің редакторы, Илья суретшісі болатын. Тумысынан математик Айнақұл Ісметов деген жігіт ақынжанды, жан-жақты талантты еді, газетіміздің ажарлы болып шығуына оның да үлесі мол болушы еді.
Ильямен ауылымыз аралас, қойымыз қоралас, төскейде малы, төсекте басы қосылған, құдандалы елденбіз. Мен Талас ауданынан, Илья Сарысу ауданынан. Бізді әрі Жамбыл –Шымкент тас жолы да жалғап жатады. Ауылымыздың арасы таяқ тастам жер. Қыз алысып, қыз берісіп, құрдай қатынасып жататын елденбіз. Біздің ауылдың біраз келіндері тама, сол Ильяның ауылынан болатын. Біздің ауылдан да талай қыз тамаға ұзатылды. Бұл біздің ілгерідегі бабаларымыз салған сара жол. «Қыз – өріс» демей ме, аталарымыз қыз алып, қыз берісіп-ақ елдің тыныштығын сақтап қалған. Біздің батыр Саңырық бабамыз – Кіші жүз Тайлақ батырдың жиені.
Илья Алматыға келіп КазГУ-ге түскен соң ән шығара бастады. Мөлдіреген, нәзік сезімге құрылған әндері жұртты тез баурап алды. Сөйтіп, ел ішіне Ильяның композиторлық даңқы тез тарады. Ол − бүгінде көрнекті композитор, белгілі жазушы. Қазақ өнерінің тарихы, оның өкілдері туралы тамылжытып жазып келеді. Өнер туралы, оның көрнекті қайраткерлері туралы бүгінде Ильядан асырып ешкім жаза алған жоқ. Жазғаны жібектей, өзінің мінезіне сай, Көкпекті ойдың кеңдігіндей, Қаратаудың қоңыр самалындай, тынысыңды ашады, жаныңа рахат береді. Маған бұрынғы ұлылардың да соңы осы Илья секілді көрінеді. Байырғы ғажайып қазақ әндерімен астасып жатқан ата-дәстүріндегі әнді ендігі композиторлар жаза алмайды. Сол бір даланы әнге, күйге бөлеген ұлылардың соңы осы Илья деп білемін. Бүгінгі өнердің табиғаты тіптен бөлек. Көбінде мән де, мағына да жоқ. Биыл менің жанымдағы жігіттер азын-аулақ әндерімді, бас-аяғы екі күйімді нотаға түсіртіп, жеке кітап етіп бастырып шығару үшін Қарасайға берген екен. Оның алғысөзін Ильяға жаздырмақ болыпты.
Илья бір күні маған телефон соқты:
− Мырзеке, жігіттер маған сенің әндеріңнің жинағын берді. Алғысөз жазуымды сұрайды. Әндерің де, күйлерің де ғажап, мені асықтырмасаң, алғысөз емес, сен туралы лирикалық эссе жазсам деймін. Сондықтан, жігіттерге айт, асықтырмасын. Мен бүгіндері сенің жеті том жинағыңды қайта-қайта ақтарып, сүзумен отырмын. Сенің ғалымдығың, қайраткерлігің, кісілігің, оның үстіне әндерің маған еріксіз қалам ұстатып отыр. Өскен ортаң, туған жерің, өмірбаяның ғажап, сен келешекке үлгі болатын тұлғасың, сол себепті өзің туралы тартымды дүние жазуға бел байладым, – деді.
Сонымен Илья мен туралы эссе жазуға кірісті. Сәтті болсын.
Жиі-жиі телефон соғып, сұрақтар қойып, өмірдің кейбір белестерін тиянақтап жатады. Кеше бір телефон соққанда:
−Алақандай ауылың не деген ғажап, тұнып тұрған тарих қой. Аядай ғана ауылың – филармония, театр сияқты. Төңірегіндегі жер атаулары қаншама? Мұны неге жазбайсың, – деді Илья.
Ауылым туралы, ондағы кісілер туралы арагідік күнделіктеріме еске түскенін жазып жүрмін. Илья еске салған соң, әрі расы да солай екен ғой деп, ауылымның төңірегі, ондағы жер атаулары жайында жазуды жөн көрдім. Өскен, өнген жерім ғой, өкініші бала күнгі сезімдерімнің, көрген-білгенімнің көбі көмескіленді, ұмытылды. Әркімнің туған жері өзіне ыстық дегендей, туған жерге не жетсін. Мұхтар Әуезов «Абай жолында» өзінің туған өлкесін, мидай дала Бөріліні де жұмақтың төріндей етіп суреттемей ме?
Ең болмаса, жер атаулары сақталсын деп, Ақтөбем туралы аздап қалам тербейін дедім.
(Жалғасы бар)