Қазақта елдің иесіз, жердің киесіз болмайтындығы туралы ұғым-түсінік бағзыдан бері бар. Көп жағдайда бұл түсініктің жай сөз күйінде қалатын кездері де аз еместігін білеміз. Ал Елбасымыздың мына мақаласын оқығаннан кейін мен тәуелсіз еліміздің шын мәніндегі қамқор иесі бар екендігіне тағы бір мәрте көз жеткіздім. Халқымызды рухани жаңғыртудың жаңа бағдарларын, болашақтың кемел көкжиегін белгілеген бұл мақаланың ойлары тым ауқымды, философиясы айшықты өрнектелген. Мен өзім география саласының маманы, оның ішінде сонау кеңес заманынан бастап еліміздегі экология ғылымы мен мамандығының негізін қалаушы ғалым ретінде осы мақаладағы прагматизм мәселесіне аса мән берілуін шексіз ризашылықпен қабылдадым.
Иә, мемлекетіміздің қазіргі даму сатысында, жаһандану жағдайындағы сын-қатерлер белең алған кезде прагматизм біздің Қазақстан үшін, халқымыз үшін аса керек қасиет. Маған, әсіресе, осы прагматизмнің туған жердің табиғатын көздің қарашығындай сақтауға, оның қойнауындағы байлықтарды орынды пайдалануға, экология тазалығына ұмтылуға қатысты айтылған тұстары өте ұнап, көңіліме қона кетті. Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық прагматизмінің санаулы жылда адам танымастай өзгеріп, ас та төк ысырапшылдыққа ұласқанын Нұрсұлтан Әбішұлы керемет тап басып айтқан екен. Мақалада «Түгін тартсаң майы шығатын мыңдаған гектар миялы жерлеріміз экологиялық апат аймақтарына, Арал теңізі аңқасы кепкен қу медиен шөлге» айналғанын айта келе, «Осының бәрі – жерге аса немқұрайлы қараудың ащы мысалы» деп көрсетеді. Міне, бұдан шығатын қорытынды, табиғатты қорғау, экологияны сақтау мәселесінде бізге Елбасы айтқан прагматизм әсіресе қажет.
Әрине, табиғатты қорғау мен экология мәселесіне біз, эколог-ғалымдар үнемі көңіл бөліп, биік мінберлерден айтудай айтып келеміз. Өзімнің жақында ғана шыққан «Қазақ елі: Мәңгілік Ел» атты кітабымда ел тарихы мен жер тарихын, оның экономикасы мен экологиясын бірлікте алып біршама зерделеген едім. Ал енді осы жолы бұл мәселеге қадірменді Елбасының барынша тереңдеп, осыншалықты жанашырлықпен, прагматикалық түрде мән беруі біздің де мерейімізді асыра түскендей. Елдің иесі сөздің жүйесін тауып, жеріміздің киесін жалғанның жарығына алып шыққандай болды. Мұны мақаладағы мына жолдардан аңғаруға болады. «Төртіншіден, жергілікті нысандар мен елді мекендерге бағытталған «Туған жер» бағдарламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ – жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек. Ол үшін «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек».
Міне, осылайша Президент қазақтың қасиетті жерлерінің, баршамызға ортақ киелі жәдігерлерінің мерейін асқақтату мақсатын алға тартып отыр. Мұны мен Ұлы Дала ұлағаттарының жалғасып жатқаны деп білдім. Ел иесі туған жеріміздің киесін асқақтатуға шақырып отыр. Бұдан асқан ізгі мұрат бола ма!
Әлия БЕЙСЕНОВА,
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі