• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қазақстан Бүгін, 08:13

Біздің ту танымал

10 рет
көрсетілді

Reddit платформасында ұйымдастырылған «Flags of the World» (Әлем тулары) атты ауқымды онлайн-турнирінде еліміздің көк байрағы бірінші орынды иеленді. Бұл жеңіс – мемлекеттік рәмізіміздің эстетикалық тартымдылығы мен мазмұндық тереңдігінің халықаралық деңгейде мойындалуы.

Онлайн байқауда мемлекеттік тулардың әсемдігіне басымдық берілген. Турнирге 64 елдің байрағы қойылған. Әр раундта тулар дауыс беру арқылы жоғары немесе төмен көтеріліп отырған. Алтыншы шешуші раундта Қазақстанның көк байрағы басым дауыс жинап, бірінші орынды иеленді. «Қазақстан – біздің чемпион! Баршаңыз дауыс беріп, бұл әлемдегі ең үздік ту деп шештіңіздер!» делінген жарияланымда.

Екінші орынға – Кирибати, үшінші – Бутан, ал төртінші орынға Сейшель аралдарының мемлекеттік тулары ие болды. Сондай-ақ Ұлыбритания, Бразилия, Шри-Ланка, Ямайка мен Папуа-Жаңа Гвинеяның тулары да қатысушылардың қолдауына ие болып, көп дауыс жинады.

Мемлекеттік рәміздерімізге деген құрмет пен оны ұлықтау жолындағы жауапкершілігіміз алдағы уақытта да арта түспек. Осы орайда Қызылорда қаласындағы Құрылтай отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік рәміздерге, оның ішінде көк байрағымызға ерекше тоқталғанын атап өткен жөн. Ұлттық рәміздерге құрметімізді арттыру мақсатында Үкімет 2020 жылы Ту, Елтаңба бейнелерін орнатып, орналастыру, Гимннің мәтінін пайдалану ережелерін бекіткен еді. Алайда қоғамда әлі күнге байрағымыздың қашан, қай жерде желбіреп тұратынын білмейтіндер көп. Осыны ескерген Мемлекет басшысы бұл мәселені қайта қозғады.

«Қазір қоғамда «Қазақстанның мемлекеттік Туын қайда және қашан қолданған жөн?» деген маңызды мәселе талқыланып жатыр. Бұл мәселе арнайы нормалармен және ережелермен реттеледі. Мемлекеттік рәміздерді пайдалануға жеңіл-желпі, салғырт қарауға болмайды. Заң талабы әрдайым орындалуға тиіс. Дегенмен, ең алдымен, заңның түпкі мәнін терең түсіну керек. Мемлекеттік рәміздерді қадірлеп, оларды жөнімен пайдаланатын отаншыл азаматтарды барынша қолдау қажет. Мен үйлерде, көліктерде, көшелерде, сондай-ақ еліміздегі, әсіресе шетелдегі спорттық және мәдени іс-шараларда көк Туымыз желбіреп тұрғанда қуанып қаламын. Сол арқылы еліміздің азаматтары бірлігі бекем ұлт екенімізді көрсетеді. Олардың әрекеттерінен туған елін мақтан тұтатыны байқалып тұрады», деді Президент V Құрылтай отырысында.

Елімізде мемлекеттік рәміздерді қолдануға қатысты арнайы заңнамалық тәртіп бар. Тіпті тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында оны пайдаланудың тәртібі мен шарттары барынша қатаңдатылған. Ол уақытта көк байрағымызды кез келген жерде желбіретуге тыйым салынды. Алайда Президент мемлекеттік рәміздерді халықтың жаппай қолдануына қатысты бұрын қабыл­данған шектеулерді азайтып, ел азаматтарының мемлекеттік туды өз тұрғын үйлерінің балкондарына немесе қабырғасына ілуіне заңды тұрғыдан рұқсат беру қажет деді.

Негізі мұндай тәжірибе әлемнің көптеген елінде бар. Мәселен, Түркияда барлық елді мекенде көпқабатты үй қабырғалары, балкондары, жалпы маңызды нысандардың сыртқы қасбеттері қызыл түсті ел байрағымен көмкеріліп тұрады. Бұқаралық іс-шараларда, спорттық сайыстарда, тіпті жекеменшік үйлердің төрінде мемлекеттік ту ілініп тұрады. Ал Ұлыбританияда ертеде кинотеатрлар мен басқа жерлерде фильм көрсетілмес бұрын мемлекеттік әнұран ойналған. Бұл үрдіс қазір толықтай сақталмаған, десе де тарихи құндылықтарын қастерлеуге бейімделген елдің кейбір қалаларында фильм басталар алдында әлі де әнұран шырқалады. Осы себепті әр британдық азаматтың Union Jack немесе ұлттық әнұранға құрметсіздік көрсетуі мүмкін емес.

Президент тапсырмасына сәйкес, 2020 жылы Мемлекеттік рәміздерді пайалануға қатысты заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, азаматтардың Мемлекеттік туды патриоттық мақсатта пайдалануына мүмкіндік жасалды. Қазір азаматтар өзі тұратын үйдің балконына, терезесіне немесе көлігіне Көк туымызды желбіретіп іле алады. Тек мемлекеттік рәміздің таза болуына, оның дұрыс ілінуіне, заңнамада белгіленген стандарттарға сәйкес болуына назар аудару қажет.

Соңғы жаңалықтар