Осы тілеудің өзі менің өзіме де күш-қуат береді: пеш түбінен жұлып алып, күрес кілемінің төріне дедектетіп алып барады. Сол кұдіретті күш күні бүгінге дейін мені тұғырдан түсірмей, балуан баптатып жүр!
Осы айтқанымның барлығы да ішімде қалар ма еді, егер, кеше ел газеті «Егемен Қазақстаннан» Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деген мақаласын оқымағанымда...
Әсіресе, «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды», деген жолдар менің жанымды дүр сілкіндіріп, ойдағы айтсам деп жүрген сөздердің сыртқа шығуына түрткі болды.
Қарап тұрсам, бар саналы ғұмырымды киелі спорт – күрес өнеріне арнаппын. Қолымнан қазағымның жүректі де, білекті талай баласы өтті. Бір-біріне мүлде ұқсамайтын мінездер, бірінен-бірі асып түсіп жатқан дүдүлдер мен дарындар. Бірақ, құданың құдіреті, солардың бойында еріксіз таңдай қақтыратын ортақ бір қасиет болатын. Және де мен оны жазбай танитынмын. Ол – ұлттың жадылық кодына жазылып қалған өр намыс еді!
Міне, мен жарты ғасырдан астам уақыт бапкерлік ғұмырымда осы намыс деген алдаспанды шама-шарқымша қайрап келемін. Сол алдаспан ағайынды Байшолақовтар болып, әлемдік әйдік жарыстарда жарқырады. Тап бүгінде Шынкеевтердей қазақ күресінің көгінде күн сәулесіне шағылысып жүр!
Иә, бәрін айт та, бірін айт дейтін болсақ, бүгінгі күнде ұлттық төл спортымыз – тамырына қан жүгірген Қазақ күресі жанданып, жаңғырып келеді. Біле білген адамға осы күресімізбен бірге сертке суарылған күрескер рух та, қайсарлыққа қайралған өр намыс та қайта оралды емес пе?! Міне, ұлттық құндылықтар тұрғысынан алғанда, төл күресіміздің төңірегіндегі бұл жаңғыруды мен шын мәніндегі ұлттық-рухани тамырдан нәр алған, намысты жаныған жаңғыру деп ұғамын!
Диханбай БИТКӨЗОВ,
Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері
ҚАРАҒАНДЫ