2008 – 2015 жылдар аралығында Білім және ғылым министрлігі мен Әлемдік банк технологияны коммерциялау жобасын іске асырған болатын. Онда 65 жобаның, құны 1 млрд теңге болатын 40 жобасы өндіріске сатылу деңгейіне жетті. Зияткерлік меншік құқығын лицензиялау бойынша оншақты келісімшарт жасалды. Сонау 2002 жылы «Инновациялық қызмет туралы» заң қабылданған болатын, ал 2013 жылы «2020 жылға дейінгі инновациялық дамудың концепциясы» қабылданған еді. Ондағы басты мақсат бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылу болатын. Ол үшін жаңа технологиялар мен қызметтерді дамыту, шикізат өндірісінен инновациялық экономикаға көшу қажет. Бұл мақсатқа жету үшін 2013–2014 жылдары экономиканың жаңа түріне өтуге дайындық жасалды, ал 2015–2020 жылдары инновациялық экономикаға өту кезеңі болып белгіленді.
Әрине, инновациялық экономикаға толықтай өту үшін уақыт керек. Мысалы, АҚШ-тың өзі экономиканың инновациялық моделіне көшуді сонау 1960 жылдары бастаған болатын, оған өтуге бұл алып елдің өзі 20 жыл уақыт жұмсады. Инновация көшбасшыларының бірі Тайвань мемлекеті бұл жолға 25 жыл ішінде қол жеткізді. Ал Израиль мен Оңтүстік Корея бұл мақсатты жолды 20 жыл ішінде жүріп өтті. Фин мемлекетінде тоқсаныншы жылдары инновациялық жетістіктер жоқтың қасы болатын, ал қазір бұл ел инновациялық экономикасы дамыған елдердің бірі.
Global Innovation Index рейтингісі бойынша ғылымда көш бастап тұрған елдер – Швейцария, Швеция, Англия, АҚШ, Финляндия. Осы тізімде Эстония 24-орынды иеленсе, Қазақстан – 75 орында. Міне, Балтық жағалауындағы кішкентай мемлекет бұл табысқа қалай қол жеткізді деген сұрақ туады. Эстондар егемендік алысымен телекомуникация жүйесін жекешелендіріп, бүкіл елді талшықты байланысқа көшіріпті. Соның арқасында бір-бірімен ақпарат алмасу жақсарып, интернет барлық жерде жұмыс істеген, ол тіпті шағын аралдарда да ғаламтор кедергісіз қосылатын болған, нәтижесінде инновация дамыған.
Инновация, сөзсіз экономиканың басты қозғаушы күші болып табылады. Оның көмегімен барша әлем үшінші индустриалдық революцияны жасамақ. Мұның концепциясын американдық ғалым Джереми Рифкин жасаған болатын. Рифкин тұжырымына сәйкес үшінші индустриалдық революция цифрлық байланыстың пайда болуынан басталады. Интернет әлемді күрт өзгертті, информацияның таралу ауқымы мен оның жылдамдығы ғажап болды. Екінші революция кезіндегі басты энергия көзі – көмір, газ, мұнай түптің-түбінде сарқылып, барлық жұмыр жер тұрғындарына жетпейтіндігі сөзсіз. Сондықтан жаңа кезеңде миллиондаған жаңартылатын энергия көздеріне көшу, энергия және ресурстарды үнемдеу технологиясын өрбіту, көлікті сутегі энергиясы негізіндегі электр қозғалтқыштармен жүруге, үнемді жерасты пневмотранспортқа көшіру, тұрмыс тауарларын шығаруды алып өндірістен 3D-принтерлерді пайдалану арқылы шағын өндірістерге көшіру, металлургиядан көміртегі негізіндегі композиттік материалдарға өту, мал шаруашылығында ет өндіруде 3D-биопринтерлерді пайдалана отырып «жасанды ет» өндіруді жолға қою, ауыл шаруашылығының бір бөлігін «көп қабатты ферма» түріне көшіру мақсаттары тұр.
Осындай келелі де, келешегі мол істерді орындау жолында мемлекеттер бұл салаға қаржы құюдан аянар емес. Әлем елдеріндегі ғылымға құйылатын қаржының көлемі қандай?
Ғылымды қаржыландыруда бірінші орында Оңтүстік Корея тұр, оның көлемі 64,6 млрд доллар, ол ішкі жалпы өнімнің 3,9 пайызын құрайды. Екінші орында Израиль, бюджеттен 10 млрд доллар көлемінде қаржы бөлінеді, ол ІЖӨ 3,78 пайызына тең. Үшінші орында Жапония, бұл мемлекеттің ғылымды қаржыландыруы 141 млрд доллар көлемінде, немесе ол ІЖӨ-нің 3,05 пайызы. Одан кейінгі орындарда Финляндия мен Швеция, бұлардағы қаржыландыру деңгейі 2,6 пайыз, Германияда 2,4 пайыз. Ал Еуроодақ елдерінде бұл көрсеткіш орташа алғанда 1,6 пайыз шамасында. Аталған тізімнің соңғы ондығында Ресей, Белоруссия және Украина бар. Ал Қырғыз мемлекетінің көрсеткіші тым төмен – 0,07 пайыз ғана. Ал қаражат көлемін есептейтін болсақ АҚШ мемлекеті ғылыми ізденістерге 400 млрд астам қаражат бөледі, ол бүкіл Қазақстанның ІЖӨ-сінен екі есеге артық. Сондықтан болар Нобель сыйлығының иегерлері арасындағы 331 ғалым америкалық болып отыр. АҚШ-та ғылымды қаржыландыру федералды үкімет тарапынан 27 пайыз, жеке сектор 67 пайыз, университеттер 7 пайызды құрайды. Жалпы, қаржының негізгі ізденістерге – 17 пайызы, қолданбалы ғылымға – 22 пайызы, ал дайын өнім шығару ізденістеріне 60 пайызы жұмсалады.
Өзімізге оралайық. Қазақстанда ғылымға 2010 жылы 20 млрд теңге, 2012 жылы – 46,3 млрд теңге (307 млн доллар), 2013 жылы – 49,5 млрд теңге (322 млн доллар), 2014 жылы – 47,9 млрд теңге (263 млн доллар), 2015 жылы – 33 млрд теңге бюджеттен бөлінсе, өткен 2016 жылы жалпы қаржының үлесі 36,4 млрд теңгені құрады. Бұл қаржы еліміздің ішкі жалпы өнімінің 0,15-0,18 пайызына тең. Ал келешекте елімізде ғылымды қаржыландыру деңгейі сатылап өсетін болады. Мысалға, 2020 жылы ІЖӨ-нің 2 пайызы, ал 2050 жылға қарай пайызын құрайды деген мақсат бар. Бұл қазақстандық ғалымдардың үміт отын маздатқаны анық.
Жалпы, ғылым саласын білім саласынан бөліп қарауға болмайды. Бұлар сабақтасып дамитын бағыттар. Енді осы саладағы қаржыландыру қалай жүріп жатқанын да айта кетейік. Өткен жылы білім саласын қаржыландыру 456,9 млрд теңгені құраған еді. Енді салыстырыңыз, ғылымға 36,4 млрд теңге бөлінген дедік, демек, ғылымды дамтыуға бөлінетін ақша білімге бөлінген қаржының 8 пайызын ғана құрайды екен...
Неге бұлай? АҚШ-тағы Стэнфорд университетінің H-STAR институтының ғылыми қызметкері Генри Ицковиц «Үштік спираль. Университеттер – кәсіпорын – мемлекет» тұжырымдамасының авторы мұны былай түсіндіреді. Бұл теорияның негізі университеттер мен мемлекеттік органдардың және кәсіпорындардың жаңа индустрияны дамыту мен жұмыс істеп тұрған бизнестің инновациялық әлеуетін арттырудағы бір-бірімен байланыстарын жетілдіру. Университеттер тек білім ордасы ғана емес, олар білім мен ғылымды капитализациялаудағы негізгі күш. Олар компаниялардың жұмыстарын жақсартуға жол аша отырып, жаңа инновациялық бағыттар ашады. Бұл жерде неге ғылыми-зерттеу орталықтары қарастырылмайды деген сұраққа «Жоғары оқу орындарында жылда жас студенттердің тобымен көптеген жаңа идеялардың келетінін ескеру керек, ал 20–30 жылдап қызмет істейтін ғылыми орталықтардағы ғалымдар тәжірибелі адамдар, бірақ олардың жаңалықтарға мойынсынуы төмендеу», дейді ғалым. Сондықтан кәсібиленген университеттер барлық салаларда жұмыс істеулері керек екендігі айтылады. Қазақстанның бұл концепция төңірегінде жақсы жұмыс істеуіне барлық мүмкіндіктердің бар екендігі рас. Бізде жеткілікті табиғи ресурстар, жаңа индустрияны дамыту мүмкіндіктері, жақсы білім капиталы, саяси тұрақтылық бар. Тек бұл бағытта талпыныстар мен қажетті қаржы көздері керек.
Қазақстанда 130 жоғары оқу орыны бар, оның ішінде 10 ұлттық, 31 мемлекеттік, 54 жеке университтер мен деңгейлес білім ошақтары есепке кіреді. Оларда 512,7 мың адам оқиды, оның 32,9 мыңы магистранттар және 2,7 мың адам докторанттар, яғни болашақ ғалымдар. Магистранттар мен докторанттардың бестен бір бөлігі ғана грантпен оқытылады, яғни олар 22 және 23 пайызды құрайды. Жоғары оқу орындарында 38,2 мың оқытушылар жұмыс істейді, олардың – 3,5 ғылым докторлары, 14 мыңы ғылым кандидаттары, PhD докторлар 1562 адам, яғни оқытушылардың жартысының ғылыми атақтары бар.
Ғылымдағы назар аударатын көрсеткіштің бірі қазақстандықтардың халықаралық рейтингілік журналдарда ғылыми еңбектерінің басылуы. Оның мәні мақаланың оқылып, оған сілтеме жасалынуында. Шетелдердегі жоғары рейтингті журналдарда қазақстандық ғалымдардың еңбектерінің жариялануы 2010 жылы 208 рет болса, 2014 жылы 2784 болған еді, ал өткен жылы оның саны 3011 мақалаға дейін өсті. Бұл көп пе, әлде аз ба? Әрине аз. Өйткені, ғылыми қызметкерлер мен жоғары оқу орындарындағы ғылыми атағы барларды қосып есептегенде 44,8 мың адам екен, солардың он бесінің тек біреуі ғана рейтінгтік журналдарда мақала бастырған екен. Ал бір адам бірнеше жарияланым жасайтынын ескерсек, бұл көрсеткіш онан да төмендейді.
Еліміздегі ғылыми зерттеу ұйымдарының саны 392, оның ішінде ғылыми зерттеу институттарының үлесі – 245, басқалары – 58. Ал ғылыммен айналысатын жоғарғы оқу орындарының саны 89 екен. Мұндағы ғылыммен айналысатындардың саны 24 735 адам немесе барлық оқытушылардың 64 пайызы. Сонда университет пен академия атауын алған мекемелердің үштен бірі ғылыммен мүлдем айналыспайды деген қорытынды шығады. Ол нені көрсетеді, көптеген жоғары оқу орындары, әсіресе, жеке меншіктегілері тек диплом берумен ғана айналысады деген сөз. Осындай ғылыми негізі сақталмаған, тек білім беретін академиялар керек пе?
Менің пікірімше олардың біршамасы кәсіптік бағытта білім беретін колледжге айналып, маман дайындаса, оның пайдасы ел экономикасына көбірек тиген болар еді...
Атамұрат ШӘМЕНОВ,
экономика ғылымдарының докторы