• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Медицина 13 Сәуір, 2017

МӘМС-тегі мәртебесін тұрғындар қалай біледі?

243 рет
көрсетілді

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында бірқатар медицина нысандарын аралап, ақпараттық жүйелерді енгізу, жеке медицинаның дамуы және дәрі-дәрмек нарығын реттеу туралы әріп­тестерімен ой бөлісті. Сонымен бірге, 2017 жылдың 1 шілдесінде елімізде басталатын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің артықшылықтары мен болашағы туралы түсіндірді.

Елжан Біртанов өз сөзінде: «Қараған­ды облысында заманауи нысандардың бар екендігі қуантады. Ресми деректерге сүйенсек, облыстағы мемлекет тарапынан көрсетілетін тегін медициналық қызмет көлемінің 24 пайызын жекеменшік мекемелер атқарып отыр. Бұл – тиімді бизнес модельдің және тиімді басқарудың көрсеткіші. Яғни, бәсекелестік бар жерде сапалы медици­налық қызмет көрсету де болады. Бола­шақ­та медициналық сақтандырумен қатар, тұрғындар сапалы медициналық көмек алатын болады. Үстіміздегі жылдан бастап Елбасының тапсырмасы бойынша жекеменшік мекемелерге тегін медициналық қызметті беруге теңдей жағдай жасалады. Қарағандыда жекеменшік клиникалар саны көбеюде, бұл қуантарлық жағдай, – деді. 

Халық кездесуден ұққандай, елімізде міндетті медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі. Бұл орайда, бесінші сәуірден бастап, жергілікті емханаларда тіркеу кампаниялары басталды. Кез келген азамат тегін медициналық көмек алу үшін өзі таңдаған емханасына келіп тіркеліп, өзінің міндетті сақтандыру жүйесіндегі мәр­тебесін біле алады. Ол үшін арнайы м­аман интернет арқылы қарап, емделу­ші­нің қай санатқа жататыны туралы ақпарат бе­реді.

Барлығы үш санат қарастырылған. Бірінші – жұмысшылар. Жұмысшылар үшін биыл 1 шілдеден бастап жұмыс беруші сақтандыру қорына жарна төлей бастайды. Екінші – мемлекет тарапынан сақтандырылатын адамдар. Олар − зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі азаматар және жұмыссыздар. Ақпарат мемлекеттік ақпарат жүйесінен алынатыны себепті – барлығы тегіс тексеріледі. Үшінші санат – өз-өздерін жұмыспен қамтамасыз ететін азаматтар, яғни жеке кәсіпкерлер. Ал кәсібі тіркелмеген немесе ең төменгі айлықтан бес пайыз аударушылар, яғни, ай сайын 1 200 теңгені 1 шілдеден бастап төлеуді бастауларына болады.

Сондай-ақ, облыстық медицина қау­ым­­дастығымен кездесу барысында Елжан Біртанов Мемлекет басшысының Жол­дау­ында айтылғандай, елімізде ден­саулық сақ­тау саласында сандық технологиялық жаңартуды жеделдету қажеттілігін атап өтті.

Қорыта айтқанда, министр сапа­рын­дағы басты мақсат – Елбасының «Қазақ­стан­­ның үшінші жаңғыруы: жаһан­дық бә­секеге қабілеттілік» атты Қазақстан хал­­қына Жолдауын түсіндіру аясында об­лыстағы медициналық нысандар жұ­мы­сымен танысу және тұрғындарға сақ­тан­дыру арқылы ем алу, өз қаражатыңа ем алуға қарағанда әлдеқайда арзан және қолайлы емдеу мүмкіндігі бар жаңа жүйенің мән-жайы болды.

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан» 

Қарағанды облысы

Соңғы жаңалықтар