• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Медицина 14 Сәуір, 2017

Сейіт Қасқабасов: Басты мәселе – ұлт санасын жаңарту, ұлт сапасын жақсарту

773 рет
көрсетілді

− Сейіт Асқарұлы, Ел­ба­сымыз жаһанданған заман үдесіне сай ұлт алдына рухани жаңғыру талабын тартты. Бұл маңызды оқиғаны қо­ғамның қалың топтары қазір қызу талқылап жатыр. Осыған байланысты сіз не дейсіз?

− Бұл үлкен мәселеге әуелі ел Президентінің өзінің мән беріп, бастама көтеруі көп жайды аңғартады. Иә, ең алдымен таптаурын болған қасаң қағидалардан бас тартып, прагматикалық ұстанымға сүйене отырып, ұлттың санасын өзгерту керек. Бүгін таңда бұл өте көкейкесті мәселе әрі қиын шаруа. Мемлекет бас­шысының осы ғаламат ма­рафонға батылдық етуінің өзі асқан парасаттылық пен елжандылықтың белгісі дер едім. Әлбетте, Президенттің жаңа еңбегі тереңдеп оқып, түйсіне зер­делеуді, осы ретте қажетті шараларды ойластырып, соларды жүйе-жүйе­сімен тыңғылықты жүзеге асыруды міндет­тейді. Бағдарламалық сипаттағы мақа­ланы оқып отырып бір түйгеніміз, түйт­кіл түйіні тереңде, бір күннің ісі емес. Ұзақ мерзімді талап ететін проблемалар. Сондай-ақ, ағымдағы, күнделікті күр­меуге байланған мәселелер де жетерлік.

Менің түсінігімде, сананы өзгерту бұйрықпен, қаулы-қарармен, иә болмаса басқа бір елдің дайын үлгісін экспорттау немесе көшіріп алу арқылы жасалмайды. Бүтін халықтың, әрбір адамның жан дүниесі жақсылыққа магнит­ше тартылып өзгеретін ахуал тудырылуы меңзеледі. Күн­делікті жұмыста әр нәр­сенің байыбына барып, өзі­мізді өзіміз өзгертіп, ішкі мүм­кіндігіміз бен әлеуетімізді пай­даланып, адами тұрғыдан жетілу, ізгілікті орнықтыру деп түсінемін мен мұны.

− Сонда басты нысана адам болып тұр ма?

– Әрине, әуелі адам мәсе­лесі. Оның өзін өзі іштен тү­лете тәрбиелеп жетілу мәсе­лесі көтерілмек. Яғни, адами капи­тал дегеніміздің бір парасы осы. Сана­ны өзгерту, сол арқылы ұлтты жетіл­діру, қоғамды жаңа сапаға көтеру ұзақ перс­пек­тиваның ісі. Әрі бұ­лар өмір тәжіри­бесінде үне­мі, күнделікті көрініс таппаса бол­майды. Мәселенің күр­де­лілігі мен қиындығы да осында.

− Адамның ізгілікті болып өсуі ең алдымен ата-ана­ға, отбасына, туған жерге, ор­таға байланысты емес пе?

− Адамгершіліктің ең ұс­тын­ды қасиеті имандылық десек, онда отбасылық тәр­бие алға шығады. Отбасында дұрыс тәр­бие алған бала ержеткенде де сол қа­сиетті сақтауға тырысады. Отбасындағы тәр­биені балабақша да, мектеп те, универ­ситет те алмастыра алмайды. Мейлі, ол Гарвард пен Кембридж болса да. Сон­дық­тан, жалпы отбасылық құнды­лық­тары­мызды жаңа заманға үйлестіре, қорғап, да­мытуымыз және соны азаматты қалып­тас­тыру үрдісінде дұ­рыс пайдалана білуіміз ке­рек.

Ұлттың бәсекеге қабі­лет­тілігі жайында Президент әрдайым айтып келеді. Бұл де­геніңіз – міндетті шаруа, өмір­дің өзекті талабы. Ұлт ретін­­де сақталудың ең бас­ты бір жолы, шарты да осы. Әрине, Қазақстанның ұлт­тық дамуы, Елбасы айтқан­дай, ұлттық сананың кемел­денуін білдіреді. 

Тағы бір маңызды жай – үш­тілділік. Ағылшын тілін оқуға, білуге ешбір қазақ қар­­сы емес, қайта халық үш­тіл­­ді­ліктің пайдасын, қажет­тілі­гін білген соң оны қолдап отыр. Тек, сол үштілділікті ен­гізу­дің әдістері мен жолдарына қа­тысты әртүрлі байыпты ұсы­ныстар айтылып жатқаны белігілі.

− Ал енді әлемдегі ең жақ­сы 100 оқулықты әр­түрлі тілдерден қазақ тіліне аударып шығару идеясына қалай қарайсыз?

− Бұл бір өте ғажап идея! Бірақ осы жақсы бастаманы нақты жүзеге асыруда үлкен дайындық, білгірлік пен біліктілік керек. Мәселе қай пәндерге қатысты, ғылымның қай саласы – осыларды мамандар айқындап анықтауы қажет. Айталық, әлемде мойын­далған физика, химия, био­логия, математика, меха­ника сияқты, тағы басқа жара­тылыстану пәндерінің оқу­лықтарын, бәлкім, осы қатарға қосу керек болар. Ал енді гуманитарлық сала бойынша, мысалы, қазақтың ұлттық құндылықтарын дә­ріп­тейтін оқулықтар шет жерлерде шыға қойған жоқ.

Айталық, тілден, әде­биет­тен, өнерден бізге оқулық болатындай еңбектер бар. Бірақ қазақ менталитетіне сай келетін, әлем таныған оқу­лық шет тілінде жоқтың қасы. Сонымен бірге, рухани өремізді биіктететін, жалпы бі­лімімізді тереңдететін, адам­зат мәдениетін тануда үлкен көмек беретін тарихи, этнографиялық, этно­ло­гия­лық, саясаттану, мәде­ниет­­тану, өнертану, тіл білімі сала­­сына қатысты дүние жүзі ғалымдары мойын­да­ған ең­бектер де жетер­лік. Олар­дың біразы орыс тілі­не ауда­­рылған, көбісі ағыл­шын, неміс және француз тілде­рін­де. Міне, осыларды аудар­сақ, құба-құп болар еді.

– Елбасы бастама­лары­ның жаңа­шыл­дығы туралы не айтасыз?

– Маған жаңалық боп кө­рінген бір мәселе «Қазақ­станның қасиетті рухани құн­ды­лықтары» деп аталған идея­лар. Осы қатардағы «Туған жер» бағдарламасы, «Қазақ­стан­дағы 100 жаңа есім» жо­басы туралы Президент­тің айтуы біздің ұлттық ру­ха­ниятты зерделеп, зерттеуде жаңа тыныс ашады, соны сер­пін береді деп есептей­мін. Елбасы айтқан рухани жаң­ғы­рудың жүзеге асырылуы баршаға айрықша жау­ап­кер­шілік жүктейді. Осы істі абыроймен атқарып шы­ға алатын басты-басты бір­неше ғылыми-зерттеу меке­ме­леріміз де бар. Соларға жағ­дай жасап, алаңсыз жұмыс іс­теуіне мүмкіндік берілсе, Ел­басының бұл реттегі бас­тамалары ойдағыдай жүзеге асатыны күмәнсіз.

– Әңгімеңізге рахмет. 

Әңгімелескен

Қорғанбек АМАНЖОЛ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар