• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Сәуір, 2017

Уақыт талабымен үндестік

125 рет
көрсетілді

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты ұлттық сананы серпілтуге бағытталған стратегиялық мақаласы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне жиналған студент-жастардың, профессор-оқытушылардың, облыс активінің белсене қатысуымен жан-жақты талқыланды.

Алқалы басқосуды университеттің ректоры Серік Өмірбаев кіріспе сөзбен ашып, бірінші сөзді аймақ басшысы Құмар Ақсақаловқа берді. Құмар Іргебайұлы ХХІ ғасырдағы ұлттық сана­ның жаңа тұрпатты қағидаттарын жан-жақты сарап­тап берген бағдарламалық мақаланың ма­ңыз­дылығын, уақыт талабымен үндестігін, мәсе­лелердің өткір қойылып, нақты міндеттер белгі­ленуімен ерекшеленетінін атап көрсетті. Табыс­ты өткен екі жаңғыру арқылы Қазақстан өзінің даму жолымен алға қарай қарышты қадам басып келеді. Елбасы халыққа арнаған биылғы Жолдауында Үшінші жаңғырудың басым бес бағытын белгілеп, жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспарын құрып берді. Мемлекет бас­шысы таяуда жарияланған «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру»» мақаласында «алғы мақ­саттарға жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы» тиістілігіне ел назарын аударып, сонда ғана» саяси және экономикалық бағдарламаларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналатынын» дәйектеп берді, дей келіп, ширек ғасыр бедерінде елімізде рухани салаға қатысты ауқымды да іргелі жұмыстар атқарылғанын, «Мәдени мұра», «Халық – тарих толқынында», тағы басқа іргелі бағдарламалардың іске асырылғанын, осы жолы ұсынылып отырған ауқымды бағдарлама бүгінгі заман болмысы мен қалыбына сай келетінін, үндесетінін, тың үлгідегі жаңғыруларға бас­тайтынын тілге тиек етті. Мақаладан «Жаңа тұр­патты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлт­тық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегенің­із­дің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» деген үзін­ділер келтіріп, заман сынынан сүрінбей өтіп, бүгінгі күні жара­сымды сабақтастық діңі сана­латын озық дәс­түрлерді, тамыры тереңнен бас­тау алатын тари­хымызды байыту, игеру, басқа халық­тар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескеру арқылы әрбір қазақстандық, сол арқылы әр тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайық қасиеттерді мең­­гереді. Өйткені, бәсекелестік қарым-қабілетті жа­һан­­дық дәуір талаптарымен үндестіру фак­тор­­лары арасында рухани жаңғырудың рөлі ай­рықша. 

Мақаланы талқылау жиынында сөз алған СҚМУ-дің профессоры Зарқын Тайшыбай, об­лыстық күрд этномәдени орталығының төр­аға­сы Рашид Надиров, Назарбаев зияткерлік мек­тебінің мұғалімі Ділбар Бегалина, «Бэст» гим­на­зиясының директоры Надежда Заиченко, М.Жұ­мабаев атындағы гуманитарлық колледждің студенті Әйгерім Ғаббас бағалы ұсыныстар мен өміршең идеяларды қуаттап, айқын, түсінікті, келешекке көз тіккен бағдарламаның негізгі кілті, басты темірқазығы бұқаралық сана-сезімді жаһандық әлемге кіріктіру, үйлесімді ету, былайша айтқанда, төрткүл дүние жаңалықтарын жете сезіну, жаңа технология өзгерістеріне дайын болу, озық тәжірибелерді қабылдау мүмкіндіктерін толыққанды иелену екенін алға тартты.

Жасыратыны жоқ, қанымызға сіңген кейбір ескі дағдылардан айырыла алмай жүргеніміз жайлы жеріне жеткізе айтылып та, жазылып та жүр. Осы бір осал тұсымызды Елбасы дөп басып, жұртшылықты жағымды мінез-құлық прагматизміне үндей отырып, бабаларымыздан қалған ізгі қасиеттерді түлетуге, нақты мақсат­қа жетуге, білім алуға, саламатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан жетілуге басымдық беруге шақырады. Міне, жас құрақтай желкіл­дей өсіп келе жатқан өскелең ұрпақ тәрбие­сін­де бұл жайттар айрықша орын алары даусыз. Со­ны­мен қатар, «Ұлттық бірегейлікті сақтау», «Бі­лім­нің салтанат құруы», «Сананың ашықты­ғы» тараулары бойынша да тұшымды әңгіме қоз­ғалып, таяу жылдардағы міндеттерге, атап айтқанда, қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру, «Туған жер», «Қазақстандағы 100 жаңа есім», тағы басқа мәселелер негізгі тақырып арқауына айналды.

Алқалы жиынға қатысушылар Елбасының рухани жаңғыру жөніндегі бағалы ұсыныстарын қазақстандықтарға, оның ішінде жас ұрпақ зердесіне жеткізу жолдарын ортаға салды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар