• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Медицина 14 Сәуір, 2017

Ширек ғасырлық шешім

182 рет
көрсетілді

Астанада еліміздің белгілі ғалымдары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын талқылады. Мемлекет тарихы институтында «Ұлттың рухани дамуы: тарихи-мәдени дәстүр мұрагері» дөңгелек үстел барысында Қазақстан тарихы бойынша жаңа гуманитарлық білім негізіндегі оқулықтар әзірлеу, қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі және өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мәселелері кеңінен қаралды.

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың түрко­логия және алтайтану ғылыми-зерттеу орталығының директоры Қаржаубай Сарт­қожаұлының айтуынша, кез келген елдің мемлекет ретінде қалыптасуы үшін біріншіден, материалдық өндіріс, екін­шіден, рухани байлық қажет. Яғни, қос құн­дылықтың бірі ақсаса, мемлекеттің тұрақ­тылығына кепілдік жоқ. 

– Елбасы мақаласында біртұтас ұлт қалыптастыру мәселесі қойылған. Жалпы, елді, ұлтты ұйыстыру оңай емес. Оның ішінде басқаның боданында болып, бұрынғы құндылықтарын жоғалтқан ел үшін тіпті күрделі сын. Осы үдеден табылуға Елбасымыз ширек ғасырлық еңбегін арнады. Демек, рухани түлеу бір күнде шешім шығарылып, қолға алынған дүние емес. Бұл – 25 жыл бойы ойланып, толғанып жасалған жұмыстың жалғасы, – деді Қ.Сартқожаұлы. Сондай-ақ, ол латын әліпбиіне көшу барысында қазақ тілінің фонетикалық ерекшеліктерін сақтау, бұл орайда Ә.Жүсіпбек сынды көрнекті фонетик-ғалымдардың еңбектерін назарға алу қажеттігін атап өтті.

Ал еліміздің тәуелсіздік тұсындағы тарихын зерделеп келе жатқан Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары Амангелді Қашқымбаев Қазақстанда оқулықтарды негізінен констатациялау арқылы оқытатынын жеткізді.

– Мәселен, XVI ғасырда Қазақ хандығы құрылды, қазақтың жаңа мемлекеті қалыптасты дейміз. Мұнда констатациялау ғана бар. Негізінде бұл үдеріс қалай жүрді? Осыған көңіл бөлу керек. Әрине, оқулық біздің барлық талабымызға жауап беруі мүмкін де емес. Сондықтан, жаңа контекстегі оқулықтардың адамды адамгершілікке, отаншылдыққа шақырып тұруы ерекше маңызға ие, – деді А.Қашқымбаев.

Жиынға қатысқан ғалымдар тарихи мұ­ра­ларды іріктеу, құнды әдебиеттерді ауда­ру жөніндегі ойларымен бөлісті. Сондай-ақ, ұлттық кодтың философиялық, тарихи, мәдени, тілдік және тәжірибелік қырлары туралы әңгімелеп, оған іргелі ғылыми сараптамалар жүргізу қажеттігін атап өтті.

Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар