Бұл ұйым 2011 жылдан бастап Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы (ИЫҰ) деп атауы өзгертілгенімен, Бас келісім ИКҰ болғанда жасалып, заң жобасы да сол атаумен енгізілген.
Төменде осы заң жобасын талқылауға қатысқан палата депутаттарының пікірлерін ұсынып отырмыз:
Қабиболла ЖАҚЫПОВ: Бұл ұйымға мүше мемлекеттердің ынтымақтастығы ислам қағидаттарының негізінде жүзеге асып, Ислам әлемінің мүдделерін халықаралық аренаға шығарады. Ал басқа халықаралық ұйымдардың ынтымақтасуы еуропалық қағидаттарға негізделгені белгілі. Ұйымның исламдық тұтастыққа бастайтын әрекеттерінің арқасында көптеген кикілжіңдердің алды алынды. Ұйым әрекеттерінің негізі болған Бас келісім – ИЫҰ-ға мүше елдер арасындағы сауда, экономика және ғылыми ынтымақтастықтардың қағидаттарын құқықтық тұрғыдан бекітетін құжат. Бұл құжатқа қол қоюдың Қазақстан үшін маңызы зор, оның Елбасы Н.Назарбаевтың биылғы Жолдауын іске асыруға да оң әсерін тигізері сөзсіз. Өйткені, Мемлекет басшысы экспорт көлемін ұлғайтып, елдің экономикасына инвестиция тартуды арттыру туралы тапсырма берді. Сондықтан да бұл келісімді ратификациялау осы бағыттағы жұмыстарға септігін тигізетін болады.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ: Қазіргі кезеңде Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы үкіметтік деңгейде әрекет ететін алғашқы және әзірге жалғыз халықаралық мұсылман ұйымы болып табылады. Шешімдер мемлекеттік деңгейде қабылданады әрі іске асырылады, сонымен қатар, олар әзірге ұсынымдық сипатқа ие екенін айтуымыз керек.
ИКҰ-ға мүше елдер арасындағы экономикалық, техникалық және сауда ынтымақтастығы туралы Бас келісімді ратификация-
лау Қазақстан Республикасына халықаралық ынтымақтастық тетіктерін жетілдіруге және ұйымның толыққанды мүшесі болуға мүмкіндік береді. Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылғы 28 қазанда Дубайда болған Х Ислам экономикалық форумында былай деп атап көрсетті: «ИЫҰ мүшелері бүгінгі таңда әлемдік энергетикалық ресурстардың 70 пайызын бақылайды. Алайда, оларға әлемдік ІЖӨ-нің тек 7,5 пайызы және жаһандық тауар
айналымының 11,2 пайызы ғана тиесілі».
Бұл жайтқа мұсылман әлемі халқы санының өсуі, кедейлік, табиғи ресурстардың біртіндеп сарқылуы, экологияның нашарлауы секілді елеулі нәрселердің кесірінен жол беріліп отыр. Ал келісімді ратификациялау ИЫҰ-ға мүше елдермен тығыз әріптестік қатынастарды дамытуға серпін береді. Ислам қаржы және экономика институттарымен ынтымақтастығымыз арта түседі. Сондай-ақ, елімізге инвестициялар тартуды арттыруға ықпал ететін болады.
Жазып алған Жақсыбай Самрат,
«Егемен Қазақстан»