«Өздеріңнің туған үйлеріңнен алған хатты қандай сезіммен оқысаңдар, бұл хатты да сондай сезіммен оқыңдар, бауырлар! ...Көкірекпен, еліңді, жеріңді сүйетін жүрекпен оқыңдар, туысқандар!» деп үн қатады.
«Тотыдай құлпырған кең даласын» қазақ халқы қалайша қастерлейтінін мына бір алтын тізбектерден айқын байқауға болады. «Майдан өлкесінде әрқашан көкжиектен көтерілген күнге қараңдар да, туған жерлеріңді еске алыңдар. Селеуі теңіздей тербелген Арқаның адырлы кең далаларын, алтын бұлағы сорғалаған Алтайдың асқар жоталарын, ақбас Алатаудың жеміске безенген сай-салаларын, соншалық кең, туған жерлеріндегі аталарыңның қасиетті қабірлерін, туып-өскен үйлеріңді көз алдарыңа келтіріңдер. Соларды жауға таптатпаймыз деп ант етіңдер!», – деп Қазақ елі атынан тебірене жалындап сөйлейді.
«Аталық мәдениет мұраларын», «халық қазынасын» мінсіз сақтау, қорғау мақсатында елің, жұртың сендерді мынадай сөздерімен, ғибратты толғамдарымен тәрбиелегендігін ұқтырады. Бұл орайда:
Бақыт, дәулет орнаса, ырыс қонады,
Ынтымағы еліңнің дұрыс болады.
Ұлың жауынгер болады.
Қызың қырағы болады.
Ағайын қоғам болады.
Бірі оған болса,
Бірі бұған болады.
Топтанып жау қашырады.
Иә, тіршілік-біршіліктің мәнісін, ұлт болып ұйысудың тәртіп-тәсілін әдемі, қисынды түбегейлеп түсіндірген.
Қазақ халқының хатында тарихи деректер молынан келтірілген. Айталық, тоқсан екі баулы Қыпшақ мемлекеті, Ер Едіге, жорықшы жырау Махамбет, Шоқан, Абай, Жамбыл сынды дарабоздардың рухы, ісі, сөзі құрметпен айтылады. Бұлар да тегіміздің, елдігіміздің асыл төркінін танытарлық таңғажайып құбылыстар.
Әсіресе, бес ғасыр бұрын өткен «қазақтың атақты батырының бірі, өздеріңізге мәлім, 15 жастағы Қарасай батыр былай деп толғамай ма:
Астымдағы көк бұйра ат,
Қанатым менің болсын деп,
Қымбатқа алып мінгенмін.
Үстімдегі көк сауыт,
Кебінім менің болсын деп,
Үстіме алып кигенмін.
Солқылдаған ақ найза,
Басыма сайғақ болсын деп,
Оң қарыма ілгенмін.
Мен анамнан туған күн,
Өлерімді білгенмін.
Не қылғаным қайтқаным,
Жауды құрбан айтқамын...
Жаудан жасқанбаған Қарасай өлемін деп емес, өлтірем, жеңемін деп аттанған емес пе еді. Ол соңына ерген топқа:
Төсегіме төрт кісі,
Жастығыма бес кісі,
Қылышыма қырық кісі,
Найзаның ұшы жүз кісі,
Мылтығыма мың кісі.
Мың сан болсын, мың болмай,
Осыншама қырмай, басылман.
Кеудеден кетер жан үшін,
Жерге тамар қан үшін,
Бойымды жаудан жасырман –
демеп пе еді! Не деген кемел ойлы, терең иірімді «ақырған ерді құлатар, сегіз қырлы семсер сөз»!
Қарасай батырдың ардақты ісі мен айбынды, асқақ сөзі, яғни «Жаным – арымның садағасы» дейтін айдынды аталар дәстүрі Ұлы Отан соғысы жылдарында мейлінше гүлденіп, жалғастық тапты. Кеңес Одағының Батырлары Қосаевтың, Есболатовтың, Қожабергеновтің, Сеңгірбаевтың батырлық-қаһармандық істерін айрықша айшықтап, «майдандағы қазақ жасы – сендерге, «саны көп деп сескенбе, қаруы көп деп тайсалма»! дейтін аталарыңнан қалған мұра» деп шегелеп, қадап айтады. Немесе 227 фашисті жер құштырған дала қырғиы сержант Әбдібековтың, гвардия подполковнигі Бауыржан Момышұлының, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің аттары аталғанда, «жаудың төбе шашы тік тұрып, зәресі ұшады» деп жазады. Бұлар дұшпанның топтасқан тобының қақ ортасын қақ жарып өткенін, 17 тәулік жүріп, өз бөлімдеріне қосылғандығын жырдай ғып жеткізеді. Түйінді ой-тұжырымдар, иіні келгенде, тарихи-әдеби һәм мәдени деректермен көмкеріліп отырады. Мәселен, орта ғасырдың оқымысты-жиһангезі Карпинидің: «Бұл даланың халқы жау көрсе-ақ бас салады да, оқ жаудырады, қырып болмай тынбайды. Мұны жұрт біліп қойсын» дейтін пікірін орынды қолданады.
«Қазақ халқының майдандағы қазақ жауынгерлеріне хатында» қазақ жерінің қазына байлығы, атап айтқанда, ұлт әдебиетіндегі «Көкшетаудың астында алтын көл бар» десе, «бетінде бір елі балқаймағы бар» деп Есілді аңыз қылса, «Жердің мыйы – алтын мен мыс» Қоңырат пен Ұлытаудың астында жатыр дейтін, «сапырған сарт қымыздай» деп Сырды аңыз қылатын дейтін сипаттаулар және «өздері бас, өздері көз» қазақ әйелдерінің ересен еңбегі шамырқанған шабытпен сипатталады.
Жеңіп қайтсаң жауыңды,
Атаңның жарық күні сен.
Жеңе алмасаң жауыңды,
Жер жастанғыр халықтың
Тумай кеткір бірі сен! –
деген сөйлемдердегі ана аманатын, сүйген жар тілегін, қарындастың уылжыған аппақ мейірбан жүрегінің қалауын айтсаңшы!
Отан қорғауға қаржылай көмектескен атымтай жомарттардың есімдері ықыласпен баяндалады. Бір гектар жерден 1200 пұт өнім өндірген ақ тарының атасы Шығанақ Берсиев төрт ұлын соғысқа аттандырғаны туралы мағлұмат бар. Қайран, «адамдықтың нұрын, гүлін» (Абай) мінсіз сақтауға қызмет еткен, жарықтықтар – ай! Кісілік те, ірілік те осы.
«Қуанған жүректер бірге соғар, қуанған көздер бірге жылар күнді күтеді... Көңіл күйі көкке өрлер, бауырлар» деп Ұлы Жеңістің куәгерлері болатынына, «қасарысқан жауына, қанды көбік жұтқызатынына», «жаудың есін жидырмайтынына», жасындай жарқылдайтынына шынайы сенім білдіреді.
Хатқа Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғылым, мәдениет, өнер өкілдері, еңбек майданының үздіктері қол қойған. Мәселен, Қаныш Сәтбаев, Сәбит Мұқанов, Шығанақ Берсиев, әнші-композитор Естай Беркімбаев, қазақ бұлбұлы Күләш Бәйсейітова, Нұртас Оңдасынов, Әбдімсәмет Қазақбаев және т.с.с.
«Қазақ халқының майдандағы қазақ жауынгерлеріне хаты» ақыл-ойдың, сезімнің мұхитында жүздіріп, адамгершіліктің, асқақ мұраттардың биігінде қалықтатып шарықтатады. Алтын жүзді халқымнан садаға кетейін, халқының арман-мұраты жолында жанқиярлықпен шайқасқан аруақты ерлердің рухына, қаһармандық-батырлық қимылдарына тағзым етейік, ағайын!
Серік НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері