• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Сәуір, 2017

Қазақ циркі үлкен бір іс тындырды

455 рет
көрсетілді

Қазіргі күні елімізде тұрақты жұмыс істейтін төрт цирк болса, оның бірегейі де байырғысы да – Алматыдағы Қазақ мемлекеттік циркі. Насихаты аз, жарнамасы жетпей жүр демесек, тарихы жарты ғасырға жуықтап қалған Алматы циркі өнер майталмандарынан кенде емес. Қазақ циркі Досбатыров, Күнғожинов, Қоржынбаев, Қоңырбаев, Орманбетов, Өселбаев, Шалабаев, Әбішев, Болатов, Хадиков сынды өнері әкеден балаға ауысқан цирк әулеттеріне қарыздар болатын.

Қазақ циркінің әртістері кезінде әлемнің ешбір циркі қайталай алмаған «Қос аттың астына өту» дей­тін рекордтық трюкті жаса­ға­нын қазір көрермендердің кө­бі ұмытып та қалған болар. Біз­дің цирк 1972-1978 жылдары ұлт­тық боя­у­лары бар «Эпос», «Жер гүлдері», «Да­ла», «Медеу», «Бай­қо­ңыр» жә­не «Тыныс алған керу­ен» қой­ылымдарын дайындап,  «Ша­бан­доз жігіттері» нөмірі әлемді талай елді аралады.

Бұл күндері Алматы циркі үл­кен бір іс бітіріп отыр. Қазақ мем­лекеттік циркі жетекшілерінің көп­теп көздеген бір мақсаты – ци­рк

мұражайын жасақтау бола­тын. Өт­кен аптада бұл арман жүзеге ас­ты. Ерекше өнерге қалтқысыз қыз­мет еткен манеж майталман­да­ры мұ­ражай төрінен орын ал­ды. Осы­лай­ша ешбір өнерге ұқ­са­май­тын өнерді жасаған жан­дар­дың ше­жі­ресі түгенделе бас­та­ған­дай.  

Әйтпесе Қазақ мемлекеттік цир­кінің әртістері әлемге әйгілі Мон­те-Карло (Монако), Мәскеу, Ижевск (Ресей), Ухань және Учао (ҚХР), Астана,  Рига (Латвия), Латин (Италия), Якутск (Саха Рес­пуб­ликасы),  Фигейрос (Испания), Париж (Франция) қалаларында өткен беделді халықаралық цирк байқауларында бірнеше рет бас жүлдені жеңіп алып, қайталанбас нөмірлермен көрермендерін таң-

ғалдырғанын ұмыта да бастауымыз кәдік қой.

Қысқасы, Алматы циркінде ал­ғаш рет Экспозициялық зал ашыл­ды. Жә­не осы оқиғаға орайлас ұлттық цирк­тің негізін қа­лау­шылардың бірі, Рес­пуб­лика­лық мем­лекеттік эстра­далық-цирк сту­дия­сының алғашқы директоры, «Гүлдер» ансамблін құрған Қазақ КСР-інің халық әртісі Гүлжиһан Галиеваның 100 жылдығына арналған жеке көрмесі қойылды.

Әлемде түрлі түрлі цирк бар болса да, қазақ циркінің өз дара­лы­ғы бар екенін осы Экспо­зи­ция­лық зал паш етіп тұр. Ұлт та­ри­хындағы батылдық, ептілік, асау ар­ғымақтарды бағындырып, ат құ­лағында ойнау өнері ежелден әй­гілі болса, халық ішінде құ­ра­лай­ды көзге атқан мергендер, желмен жа­рысқан желаяқтар әлемді мой­ын­дат­қанына тарих куә. Ұлы далада ата­дан қалған дәстүрлі мәдениет за­ман талабына сай цирк өнерінің өмірге келуіне ұйытқы болған жоқ па?!

Цирктің бұл кішігірім мұ­ра­жа­йы әлі де толықтыра түсуді та­­лап етеді. Бала кезден көңілде қал­­ған көзге ыстық бейнелер көр­ме­ні сағынышқа бөлеп тұр. Мұ­ра­­­жайда кәсіби ұжымның тұң­ғыш қой­ылымы 1970 жылдың 24 шіл­де­сінде Саратов цирк мане­жін­де қазақ ұлттық «Медеу» бағ­дар­ла­масымен ашылғанынан бергі тари­хы менмұндалайды.

Көрмеде кезінде талайды таң­дай қақтырған цирк ұжымының 1972 жылы ерекше архитектурамен салынған «Сиқырлы киіз үй» ғи­ма­ратына көшкеннен кейінгі ше­жіресі де салмақты. Осы жылы ақын Жамбыл Жабаевтың 125 жыл­дық мерейтойына орай жаңа цирк ғи­ма­ратында «Таңғажайыптар же­рі» бағдарламасы көрсетілді. Бұл та­рихи қойылым қазақ цирк өнері қалыптасуының негізін қалады. Бағдарламаның  қоюшы режиссері КСРО халық әртісі Вилем Головко болса, мюзик-холл сценарийін жазған Олжас Сүлейменов пен Олег Левицкий, әнін орындаған «Дала қызғалдақтары» цирк ансамблінің тұңғыш орындаушысы Нағима Есқалиева болатын.

Біткен іске ұйытқы болған Қазақ мемлекеттік циркінің директо­ры Бақыт Бөкебаев алғашқы мұра­жай­дағы сирек суреттер мен бұй­ым­­дарды цирктің байырғы әр­тіс­терінің үйлері мен ұрпағынан бір­тін­деп жиналғанын айтады. Ашылу сал­танатында 1976-1987 жылдары Мәдениет министрі болған Же­к­сем­бек Еркімбеков тамаша ес­те­лік­терін төкті.

Экспозициялық залдың ең ал­ғаш­қы келушілері осы сәттердің бәріне куә болды. Оның үстіне цирк әр­тістерінің атрибуттары, сахналық реквизиттер, клоундардың сиқырлы қалпағы осынау ерекше жанрға бір талант болмаса, екінші талантты тартатыны сөзсіз.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар