Экс-шенеунік жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады. Прокурор айыпталушыға 6 жыл түрме жазасын және мемлекеттік қызметте лауазымды орындарды иеленуге тыйым салуды сұраған болатын. Ал қорғау тарапы бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды өтінген еді.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жақсылық Омарға қатысты тергеуді растады
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, қылмыстық эпизодтар Ж. Омар Өскемен әкімі және Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметтерін атқарған кезеңге тиесілі. Ол «материалдық көмек» ретінде рәсімдеу арқылы құны шамамен 13 млн теңге болатын 2021 жылғы Toyota Camry көлігін алған. Кейіннен көлік үшінші тұлғаға қайта рәсімделіп, жаңа модельге айырбасталған.
Екінші эпизод бойынша, Жақсылық Омар әкімдік қызметкерінен 20 млн теңге беруді талап еткен. Қызметкер ҰҚК-ге жүгініп, әрі қарайғы әрекеттер күштік құрылымдардың бақылауымен өткен. Нәтижесінде делдал арқылы 6 млн теңге беріліп, ұстау кезінде оның 5,6 млн теңгесі тәркіленген.
Іс жеделдетілген тәртіппен қаралды. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.