• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
27 Сәуір, 2011

2003

980 рет
көрсетілді

Уақыт ұршығы – дөңгеленген дүниені дүр­мекке бөлеп, тынымсыз зырылдайды, тізгін тарт­тырмас тұлпардай, қанаты талмас сұң­қардай жүйрік, қамшы салдырмайды. Осын­дайда “Кешегі күннен алыс жоқ, ертеңгі күннен жақын жоқ” деген сөздердің мән-мағынасын бұрынғы­дан да тереңірек түсінгендей боласың. Айды – айға, жылды-жылға ілестіріп өтіп жатқан күн­дер... 2003 жыл да есік қақты, табалдырықтан аттады. Қой жылы! Жаңа жылға құшағын кең ашып, үмітін үкілеп отырған халықтың көңілі шат, жүзі жайдары, ертеңгі күніміз не болады деп демін ішіне тартқан сәттерін, мазасыз күндері мен түндерін ұмытқан сияқты. Төбедегі келді, ел тұрмысы түзеле бастады. Иә, өтпелі кезеңнің ауыртпалықтары аз болған жоқ. Сол сындардың бәрінен сүрінбей өттік, мұратымызға жеттік. Шыққан биігімізді бағалар, қол жеткізген табыстарымызды саралар болсақ, адамның басы айналатындай биікке көтерілдік деп мақтанышпен айта алады екенбіз. Аз ғана уақыттың ішінде ұлы даланың төсінде жаңа мемлекет құрылып, оның тиімді басқару құрылымдары қалыптасты. Ал мұның өзі өміріміздің барлық салаларын жеделдете жаңғырту, елдігімізді нығайтып, болашаққа нық қадам жасау бағытындағы іс-қимылы­мыз­ға тың екпін берді. Ел де, адам да өзгер­ді, өмірдің қай саласы болмасын, өзгеше сипат алып, жаңа арнаға түсті. Әлем Қазақстанды әлеуметтік-экономикалық өсім деңгейі жоғары қарқынмен дамып келе жатқан, мемлекеттік және қоғамдық негіздері берік қалыптасқан, нарықтық экономикаға батыл қадамдар жаса­ған ел ретінде тани бастады. Бұл, сөз жоқ, жаңа мемлекет жасау жолындағы қиыншы­лықтарды жеңуде мұқалмас жігер, қажымас қайрат танытып, тарихтың да, тағдырдың да сынынан абыроймен өткен, халқын, елін ғасырлар төріне өрлеткен ұлы тұлға – Елбасының ерен еңбегі­нің жемісі. Ел өміріндегі бетбұрысты кезеңдегі осындай жетістіктеріміз сырт көздің де назарынан тыс қалған жоқ. Мысалы, “Оксфорд аналитика” британ компаниясының “Дейли телеграф” сияқты ықпалды басылымда жария­лан­ған экономикалық талдауында Қазақстан транзиттi экономикасы бар мемлекеттердiң ара­сында аршынды дамып келе жатқан елдердiң бiрi ретiнде аталып, алдағы уақытта да осын­дай көшбастаушы тұғырын сақтап қалатыны жайында болжам жасалыпты. * * * Елбасы 2003-2005 жылдарды ауылды өр­кен­дету жылдары деп жариялады. Ауылды түлету, ауыл шаруашылығын өркендету – елді көркейту деген сөз. Бабалар қанымен, терімен қорғап, ұрпағына аманат еткен ұлан-байтақ далада егiн өсiрiп, төрт түлiк малын өргiзбесе, қазақтың өмiрiнiң мәнi де, сәнi де келер ме. Ауыл мәселе­сiн шешу арқылы ғана Қазақстан бәсекелестiкке қабiлеттi елдердiң санатына қосыла алады. Өйткенi, ауыл – қазақтың анасы. Елбасы ауыл­дағы тіршілік арнасын дұрыстаң­дар, тиімді ауыл шаруашылығы жүйесін құ­рың­дар, біздің ауыл­дағы халкымыз XXI ғасыр­дағы өркениет көші­нен кем қалмасын, олардың өмір сүру дағдысы мен деңгейі, тіршілігі мен тұрмысы дамыған елдердегі нормалар мен стандарттық өлшемдерге бірте-бірте негізделетін болсын деп отырса, оған қалай қуанбайсың!? 2003 жыл осы игі ұмтылыстың алғашқы бас­палдағы болды. Ол ел өміріне қандай өзге­ріс­тер әкелді, неге қол жеткізді? Басты жетістігі неде? Әрине, ауылдағы өзгерістерге түбегейлі сипат беру үшін алдымен заңдық базаны жетілдіру керек еді. Бұл мәселе ойдағыдай шешілді. Жер, Орман, Су кодекстері, «Ауылдық аймақ­тар­ды дамытудың 2004-2010 жылдарға арнал­ған мемлекеттік бағдарламасы», басқа да көп­теген заңдар қабылданды. Бұл да тәуелсіз­дігі­міздің мәуелі жемісі еді. Мұны ауыл жылының басты жетістігі десе де болады. «Ұзаққа созылған талқылаулар нәтижесінде қабылдаған бір ғана Жер кодексіміздің өзі неге тұрады. Мен мұны бүкіл ауыл тіршілігінің негізгі ірге­тасы деп есептеймін. Іргетас дұрыс қалан­ғанда ғана оның үстіндегі құрылысқа сенім артуға болады. Егер басқа бір мемлекеттің қарауын­дағы басыбайлы бодан ел болсақ, халықтың өзі жұмыс істеп, өнім өндіріп отырған жерін жеке меншігіне алуына мүмкіндік беретін мұндай заңды қабылдауға ол мемлекет бізге рұқсат етпеген болар еді. Ал бізде мемлекет те, билік те, жер де өзіміздікі», депті «Егемен Қазақстан­ның» тілшісіне берген сұхбатында Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашы­лы­ғы министрі Ахметжан Есімов. Нақ осы жылы Үкімет Жер кодексін жүзеге асыру, ауылдық­тар­ды қолдау мақсатында бірқатар нақты шешімдер қабылдап, астық қолхатын енгізді, төрт түлік малды және барлық үй жануарларын төлқұжаттандыруды қолға алды, сондай-ақ, егіншілік саласындағы міндетті сақтандыруға, жерді жеке меншік пен жалға беруге алғышарт­тар жасады. 2003 жылы ақ түйенің қарны жарылмаса да, ауыл халқының бір серпіліп, болашаққа деген сенімін нықтай түскені анық. Ілгерілеушілік барлық салалар бойынша байқалды. Мақта, кар­топ, көкөніс, күнбағыс және басқа да дақылдардан мол өнім алынды. Мал басы өсіп, ет, сүт өнімдерінің көлемі арта түсті. Ал диқан­дардың табысы тіпті ересен болды. Олар жыл­ды бір миллиард пұттық көрсеткішпен қоры­тын­дылады. Үш жыл қатарынан миллиард пұт астық алу Кеңес өкіметінің тұсында болып көрмеген жетістік еді. Қазақстан өзiнiң ішкі қажетiн қанағаттандырып қана қоймай, тұңғыш рет әлемнің қырықтан астам еліне 5 миллион тоннадан астам астық жөнелтті. Осының өзі-ақ Елбасы ұсынған аграрлық саясаттың тиімділігін, сала бойынша жүргізіліп жатқан шаралар­дың нәтиже бере бастағандығын көрсетті. 2003 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге айрыша маңыз беріліп, аймақтарда бірнеше кә­сіпорын ашылды, құрал-жабдықтар мен техно­логиялық желілер лизингіне, қосымша құны қымбат тұратын, яғни табысты мол кіргізетін өндірістер ашу ісінің несие алуын жеңілдетуге арналған екі бірдей бағдарлама қабылданды. Бұл жылы ауыл еңбеккерлерiне 70 мил­лиард теңгедей қаржы бөлінді. Ол ауыл-село еңбеккерлеріне жаңа техника, минералды тыңайт­­қыштар, гербицидтер мен уытты заттар, мал егуге қажеттi препараттар сатып алуға мүм­кiндiк бердi. Айта берсек, Елбасының ауыл­ға деген шынайы жанашырлығынан бастау алған басқа да игі істер толып жатыр. Осының бәрін өз көзімізбен көрдік (ол кезде мен Солтүстік Қазақстан облыстық газетінің бас редакторы едім). Әлі есімде, бірде іссапармен Шал ақын ауданына шыққанда, хал-жағдайын білмек болып, шаруа қожалығына жетекшілік етіп жүрген, бір мектепте бірге оқыған Талғат Теменовке соқ­тым. Досымның менімен бөлісер қуанышы көп екен. «Биыл шаруаның еңбегі жанды, – деді досым, – ас­тықтың тоннасын 170-180 доллардан саттық. Талай диқанның жағдайы тү­зеліп, еңсесі көтеріліп қалды». Міне, осылай, ауылды түлетудің бағдарла­ма­сы алғашқы жылдың өзінде жергілікті жерге жү­йелік сипаттағы өзгерістер әкелді, саланы даму­дың жаңа сапалық деңгейіне шығарды. Оның әлеу­меттік салаға да әсері аз болған жоқ. Ауылдарда көптеген мектептер, емханалар, мә­де­ниет ошақтары салы­нып, іске қосылды, республика бойынша 204 елді мекенге ауыз су жеткізілді. * * * Халқымыздың сонау түркі заманынан бері үзілмей келе жатқан бір арманы бар. Ол – көңіл­ді демдеп, төрт құбыланы түгендеп, бас­қалармен терезесі тең, дәулетті ел болу. Оған біздің күшіміз де, қуатымыз да жетеді. Прези­денттің 4 сәуірдегі Парламенттің қос палата­сы­ның бірлескен отырысында жария еткен Қазақ­стан халқына Жолдауымен танысқан әр адамды осындай ойлар баураса керек. Өз басым елі­міз­дің тіршілігіне тыңнан тыныс беретін баста­ма­л­арға толы, бүгіннен болашаққа тірек болатын құндылықтары, оны осы заманға сай жаңарту, жаңғырту идеясы басым осы Жолдауды Елбасы ұсынған «Қазақстан-2030» стратегиясының аса маңызды құрамдас бөлігі, Қазақ елі үшін «Ал­тын ғасыр», кең мүмкіндіктер заманы туға­нын бар дауысымен айтып тұрған тарихи тұжы­рым­дама ретінде қабылдадым. Жолдаудан Мем­лекет бас­шы­сының берген сертке бекемдігін, береке-бірлікке, ынтымақтықты іске бас қойған ықылас-пейілін аңғарасың, Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­ның жаңа жол – қазақстандық жолмен елімізді асқаралы асуларға көтеруде қарлығаштың қанатымен су сепкендей сіңіріп отырған зор еңбегіне сүйсіне­сің, «Қазақстан-2030» стратегия­сында көрініс тап­қан тұжырымдар мен тапсырмалардың сөзсіз орын­далатынына, елдік құндылықтарымызға жа­ңа сапалық өріс ашатынына сенесің. Президент өзінің жаңа Жолдауында елiмiзде “Қазақ­стан-2030” ұзақ мерзiмдi бағдарлама­сына және онжылдық стратегиялық жоспарға сәйкес атқарылып жатқан істердің нәтиже­лері­не тоқтала келіп, экономикалық және әлеу­мет­тiк саясаттың, қоғамды одан әрi демо­кра­тия­ландыру мен мемлекеттiк басқару тиiмдiлiгiн арттырудың, мәдениет, бiлiм беру мен руханият салаларын дамытудың негiзгi бағыттарын айқындап берді. Халықты ерекше қуантқан бір жәйт – Жолдаудың әлеуметтік сипатының ба­сымдығы еді. «Бүгiн мен бiздiң ең жаңа тари­хымызда әлеуметтiк шығыстарды барынша ұл­ғайтқанымыз жайында жариялау абыройына ие болдым, бiз бұл iстi көп ұзамай қолға аламыз, әрi оның игiлiгi әрбiр қазақстандыққа және әр отбасына тиетiн болады», деді Мемлекет басшысы. Болашаққа жол индустриялық-инновация­лық бағдарламалардан басталады десек, 2003 жыл оны iске асырудың шешуші кезеңіне ай­налды. Елді дамытудың, оны индуст­риялан­дыру­ға бағытталған бағдарлама өзінін бас­тауын осы сәттен алады. Мемлекет басшысы нақ осы жылы елдің 2015 жылға дейінгі Ин­дустриялық-инновациялық даму стратегиясын бекітті. Оны қаржылай камтамасыз ету үшін елiмiзде даму институттары құрылып, олар өңдеушi салаларды жаңғыртуға нақтылы ықпал жасай бастады. Даму банкi жарты миллиард дол­лардан астам сомаға 20 инвестициялық жо­баға кредит бөлді. Соның нәтижесінде бес мұ­най-химия кәсiпорнының жұ­мы­сы қалпына кел­тiрiлдi. Бал­қашта мырыш, Атырауда поли­этилен құбырларын өндiретiн зауыттар, Каспий теңiзiндегi жағалау жұ­мыс­тары­на көмек жа­сай­тын ин­фра­құрылым пайдалануға берiл­дi, Қос­танай дизель зауыты iске қо­сылды. Жеңiл және тамақ өнер­кәсiбiнiң көптеген кәсiп­орын­да­рын жаңғыртып, қай­та­дан жа­сақ­­тау қолға алынды. Сөй­тіп, тәуел­сiз­дiк алған жылдары­мыз­дың iшiн­де 2003 жылы тұң­ғыш рет өңдеушi өнер­кәсiптiң өсу қарқыны өндiрушi өнер­кәсiптiң өсу қарқынынан асып түстi. 2003 жылы еліміздің ішкі жалпы өнімінің өсімі оның алдындағы жылмен салыстырғанда 9-10 пайыз деңгейінде болды, экономикалық өсім өндіріс саласында 9 пайызға, негізгі капи­талдағы инвестициялар 10 пайыздан астам, байланыс қызметінде – 25, көліктің барлық түрімен тасымалдау көлемі 9 пайызға артты. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Қайрат Келімбетовтің пікірінше, осындай көрсеткіштерге инфляцияның төменгі деңгейі, ақша-кредиттік және салық­тық-бюджеттік жү­йе­нің тұрақтылығы, әлемдік тауар рыногында Қазақстан үшін қолайлы жағдайлар қалыпта­суы, кәсіпкерліктің дамуы, халықтың тұрмыс деңгейінің жақсаруы, ішкі сұраныстың өсуі оң ықпал етті. Ел экономи­касының қарқынына елдегі тұрақты ахуал, шетел инвестицияларының белсенді тартылуы көп пайдасын тигізді. Осындай игі қадамдарды лайықты бағала­ған Бүкiлдүниежүзiлiк банк 2003 жылы бiздiң елімізді орта деңгейден жоғары табысы бар мемлекет­тердiң тобына, инвестициялар үшін барынша тартымды әлемнің 20 елінің қатарына қосты. * * * Еліміз үшін Тәуелсіздік жолы жеңіл болған жоқ, тарихи аса қысқа мерзiмнiң iшiнде көптеген күрделі мәселелерді шешуге тура келді. Сол себепті, ең шұғыл экономикалық және саяси реформалар қолға алынды. Ұлт тағдыры тарих талқысына түскен сын сағатта бұған дейін ашық-шашық жатқан шекара мәселесі де алдан шықты. Былайғы жұртқа бұл мәсе­ле­лердің бәрі еш қиналыссыз, өзінен өзі шешіле қалғандай көрінуі де мүмкін. Жоқ, олай емес. Іргеміздің бүтіндігін ойлаған Елбасы аттан түспей, алыс-жақын көршілеріміздің бәрімен келелі келіссөздер жүр­гізді. Ең алдымен, Қытай Халық Республика­сы­мен шекарамызды анық­тап, халықаралық хатта­маға қол қойдық. Пат­шалық Ресеймен де, кешегі жарты әлемді билеген Кеңес Одағымен де шекара мәселесіне келгенде түпкілікті тіл табыса алмаған Қытай­дың Қазақ еліне рақымы түсіп, шекара мәселесі мәңгілікке, ешбір күмәнсіз шешілді. Елбасының Ресеймен, оңтүстіктегі Өзбек­стан, Қырғызстан және Түркіменстанмен де жүр­гізген келіссөздері де нәтижесін берді, ел шекарасы біржолата айқындалып, тиісті құ­жат­тарға қол қойылды. Мен бұлардың бәрін неге тәптіштеп айтып отырмын. Оның астарында біздің елімізді өз шекарасы, өз экономикасы, дербес саясаты бар мемлекет ретінде бүкіл әлем­ге таныту бағытындағы қат-қабат қауырт жұ­мыстар жатыр. Сайып келгенде, бұл – ха­лық­ара­лық қоғамдастықтың Қазақстанды өңір­лік көш­басшы, шынайы дос, тату көрші, та­ғы­лымды әріптес ретінде құрметтейтіндігінің бел­гісі. Демек, бұл – ұлы жеңіс, теңдессіз табыс! 2003 жыл Қазақстанның Ресейдегі жылы ретінде тарихқа енді. Аталмыш жылдың Мәс­кеуде өткен ашылу салтанатында Президент Н.Ә.Назарбаев сөз сөйледі. Жыл қорытындысы Қазақстанның Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Мәскеуде шығарылды. Мұнда «Еуразия кеңіс­ті­гіндегі халықтардың саяси-экономикалық жә­не этномәдени байланыстары» атты ғылыми-практикалық конференция болды. Конферен­ция­ны кіріспе сөзбен ашқан Ресей Федер­ация­сының Федерация Кеңесі төрағасының орын­ба­са­ры Александр Торшин Ресейдегі Қазақстан жылы аясында өткен шаралар өзінің ауқымы жағынан бұрын-соңды Тәуелсіз Мемлекеттер Дос­тастығы елдерінде өткізілмегендігін атап өтті. Жиынға қатысушыларға сөз арнаған делегация басшысы, Қазақстан Республикасының Мә­­дениет министрі Дүйсен Қасейінов пен Қа­зақ­стан Республикасының Ресей Федера­ция­сын­дағы Төтенше жөне өкілетті елшісі Қы­рым­бек Көшер­баев қос мемлекетті тату көршілік байланыстар ғана емес, өзара тиімді ынтымақ­тас­тық пен стра­тегиялық әріптестік, сондай-ақ тарихи тамырдың тереңдігі жалғап жатқанын атап көрсетті. Сүйініштісі сол, Ресейдегі Қазақстан жылы тек мәдени шаралармен шектеліп қалған жоқ, экономикалық қарым-қатынастардың барынша көбірек көрініс табуымен де ерекшеленді. Бұл жыл сыртқы саясат тұрғысынан алғанда да, сөз жоқ, Қазақстан Республикасының әлем­дік қауымдастықтағы орны мен рөлінің одан әрі нығайып, беки түсуіне септігін тигізді. Өзін бейбітшілік сүйгіш, жасампаз ел ретінде таныт­қан еліміз әріптестері қатарын көбейтіп, тұғы­рын нығай­та түсті. Елбасымыздың Еуропа мен Азияның бір­қатар мемлекеттеріне ресми с­а­парлары өт­кізілді. Олардың кейбіреуін атап өтер болсақ, ақпанның басында Президент Н.Ә.Назарбаев Италия Рес­пуб­ликасында, қара­ша айында Оңтүстік-Шығыс Азия елдері: Сингапур мен Филиппинде, Корея Респуб­лика­сында және Пәкстанда болды. Біздің елге де ат­басын тіреп, жаңа әлемдегі жаңа Қазақ­станның тіршілік-тынысынан сыр тартқысы келгендер аз болған жоқ. Румыния Президенті Й.Илиес­ку­дің, Болгария Президенті Г.Пырвановтың, Поль­шаның Премьер-министрі Л.Миллердің, Ханзада Эндрю – Герцог Иоркскидің Қазақ­станға сапарлары кезінде екіжақты ынты­мақтастықты нығайту жолдары талқыланды. ГФР Канцлері Герхард Шредер елімізде бол­ғанда Қазақстанда жүргізілген реформа­лардың нәтижелерін жоғары бағалап, бұл мемлекетпен стратегиялық әріптестік орнату үшін ниет те, барлық мүмкіндіктер де бар деп, өз елінің ынты­мақтастықты дамытуға мүдде­лілігін жеткізді. Нақ осы жылы НАТО-ның бас хатшысы Дж.Робертсон мен ЕҚЫҰ-ның төрағасы – Нидерланд Корольдігінің сыртқы істер министрі Х.Схеффер, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Й.Вук Ли, Халық­аралық валюта қорының директоры Х.Келлер, Дүниежүзілік туризм ұйымының бас хатшысы Ф.Франжиалли Қазақстанда болып қайтты. 2003 жылы ел басшылығының қатысуымен 50-ден астам халықаралық шаралар өткізілді. Еліміздің саяси-қоғамдық өміріндегі айтулы оқиғаларға ой жүгірткенде, солардың бәрі республика Президентінің кемел ой, кенен ісінен бастау алып, ерік-жігерімен жүзеге асып жат­қанын сезіне түсесіз. Елбасының Швейцария Конфе­де­ра­циясына мемлекеттік деңгейдегі ал­ғаш­қы ресми сапары қарсаңында француз тілінде шығатын «Ле Тан» газеті женевалық адвокат Марк Боне­нің мақаласын жариялады. Онда ол былай дейді: «Н.Назарбаевтың қызметі­нің нәти­желері таңда­нар­­лық. Он жылда ол Ке­ңес өкіметі кезінде хал­қы­ның көпшілігі орыс­ша сөйлеген елде қазақ тілін ендірді, далада жаңа елорда Астананы тұр­ғызды, Семейдегі сынақ полиго­нын жапты, жүз­деген мемлекеттік қызметшіні жұ­мыс­тан шығар­ды, шетелдік инвесторларды тартты және көп са­лық тө­леу жөніндегі талап­тарымен халықара­лық компа­ния­лардың ашуын келтірерміз деп қай­мық­пас­тан, мұнай мен газ өндіруді жолға қойды. Осы уақыт ішінде жігерлі Президент кем дегенде сегіз кітап және санап болмастай көп­те­ген мақа­ла­лар мен сөздер жазды. Оның бойын­дағы өмір­лік күш-қуат ғала­мат. Еңбекке қабілеттілігі орасан». Президенттің осындай іргелі еңбектерінің бірі – қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген «Сындарлы он жыл» деп аталатын кітабының тұсаукесері табысты өтті. Ғаламдық құбылыс­тар­дың болмысын, табиғатын жан-жақты тал­дауға ұмтылыстан туған, терең ой-толғамдар мен парасатты пайымдауларға толы бұл еңбек тек қазақстандықтардың ғана емес, бүкіл әлем саясаткерлерінің назарын аударды. * * * Қыркүйектің 23-24-інде Астанада тұңғыш рет Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбас­шыларының съезі өтті. Съезд атына АҚШ, Ресей, Франция, Германия, Иран, Италия, Түркия, Ұлыбритания, тағы басқа мемлекеттер басшы­ла­ры, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшы­сы, көптеген халықаралық ұйымдардың жетекшілері жылы лебізді құттықтауларын жолдады. Астанадағы дөңгелек үстелдің басына әлемдік діндердің 136 өкілі жиналды. Бұл жайды да Елбасының көп жылғы еңбегінің жанғаны деп бағалау жөн болар еді. Өйткені, дүниежүзілік дәстүрлі діндер жетекшілерінің осындай ахуалда басқосуы бұрын-соңды болмаған оқиға еді. Еуразия жүрегінде, ислам, христиандық және буддизм сияқты әлемдік үш діннің түйіс­кен тұ­сында орналасқан Қазақстанның жаңа келбетін, қадамын өз көздерімен көріп, дүние жүзіне түрлі мәдениеттер мен өркениеттердің бейбіт қатар өмір сүруінің бірегей өнегесін танытып отырғанын көңілдеріне түйген көр­некті ғалымдар мен діни қайраткерлер еліміз туралы жақсы пікір қалыптас­тырды. Солардың бірі Мұсылмандар құқықтары жөніндегі бүкіл­үнділік комитет төрағасы Мұ­хаммед Раби Хасани Надви өз сөзінде: «Қазақ­станның даңқ­ты шежіресі бар. Оның халқы тарихта өзінің ерлігімен және батырлығымен мәлім. Ол сондай-ақ минералдық шикізаттардың бай қор­ларына және прогресс пен жарқын болашаққа қол жеткізудің зор мүмкіндіктеріне ие», деді («Егемен Қазақстан», 25 қыркүйек 2003 жыл). Бұл шын мәнінде, маңызы өте зор, жаһан­дық ауқымдағы оқиға еді. Ол біздің еліміздің бейбітшілік сүйгіш әрі тағаттылық мемлекеті ретіндегі беделін нығайтумен бірге, еуразиялық өрке­ниет­тің қайталанбас қанықтығымен, діни дәс­түр­лердің саналуандығымен ерекшеленетінін, Республика Президенті Нұрсұлтан Назар­баев­тың Қазақстанды демократиялық мемлекет ретінде орнықтыруға деген ұмтылысы арқа­сын­да, олар­дың арасындағы өзара құрметті сақтау мүмкін болып отырғанын бүкіл әлемге жет­кізді. Елімізде іргелі халықаралық шара­лар­дың өткізілуі Қазақстанның халықаралық беде­лінің өскендігін айғақтайды. Осыдан небәрі он екі жыл бұрын көпшілікке белгісіз болған Қа­зақстан ірі аймақтық көшбасшыға айнала­ты­нын айғақтап, қажетті алғышарттарды орнық­тыра бастады. 2003 жылдың бейнесі мен бедерін, басты оқиғаларын жадымызда жаңғыртқанда, тұңғыш рет деген сөздердің тілімізге орала беретіні бар. 2003 жылы тұңғыш рет Қазақстанда 35 мем­лекеттің парламенттік делегациялары қатысқан ЕҚЫҰ-ның Парламенттік Ассамблея­сының тран­сазиялық форумы өтті. Қазан айында Астанада Азаматтық форум – үкіметтік емес ұйым­дардың алғашқы съезі шақырылды. Мемлекет басшысы өз сөзінде үкіметтік емес ұйымдар­дың басқосуы бұл қоғамымыздағы осы ұйым­дардың ықпалы өскендігін және онымен ынты­мақтастыққа мем­ле­кет­тің үлкен мән беріп отырғанын көрсетеді, деді кезінде Америка президенті Эйзенхауэр айтқан «Шынайы демо­кратияның ұраны – «мұны үкімет жасасын» емес, «мұны істеуді біздің өзі­міз­ге беріңіздер» болуы керек», деген ұстаным­ды алға тартты, әлеуметтік маңызды жобаларды іске асыруға қомақты қаржы бөлінетінін хабарлады. Кешікпей әлеуметтік маңызды жобаларды орындау бойынша үкіметтік емес ұйымдар арасында алғашқы ашық конкурс ұйымдас­тыры­лып, үздік жиырма жоба анықталды. Мемлекет оларды жүзеге асыруға бюджеттен 42 миллион теңге қаржы бөлді. Экономикадағы табыстардың ауқымды әлеу­мет­тік міндеттерді ойдағыдай шешудің алғы­шарты­на айналып отырғанына баршаның көзі жеткен кез еді бұл. Осы жылдан бастап сәбидің тууына байланысты бір реттік жәрдем­ақының қалпына келтірілуі де сенімді нығайта түскен. Сол сияқты Кедейлікпен және жұмыс­сы­здықпен күрес жөніндегі бағдарламаны іске асырудың нәти­жесінде халықтың аз қамтама­сыз етілген үлесі 25 пайызға азайып, кедейшілік шегінен тө­мен тұратын адамдардың саны екі еседен астамға қысқарды, жаңа жұмыс орындары ашылып, ел бойынша жұмыссыздық деңгейі 8 пайызға дейін қысқарды. Ішкі жалпы өнім 2 000 долларға жуықтады, яғни он жылда үш есе дерлік ұлғайды. Осылай «ақырын жүріп, анық басу» принципін берік ұстанған еліміз уақыт алға тартып отырған кез келген сынақтарға лайықты жауап бере алатын деңгейге жетіп, Елбасының Дүние жүзі қазақтарының алғашқы Құрылтайының мiнберiнен айтқан: “Заман тыныштығын берсе, бүгiнгi дағдарыстан да шығармыз. Тәуелсiз Қазақстан дәулетiне сәуле­тi сай қуатты мемлекетке айналар. Қазақ халқы әлемдiк өркениетке қазiргiден гөрi қомақты үлес қосар. Даламызда да, қаламызда да шадыман тұр­мыс, шат тiрлiк орнар. Бұйыртса, бүгiнгi Құрыл­тайға қатысқан қадiрмендi қонақ­тарымыздың өзi туған Қазақ­станымыздың гүлденiп-көркейгенiне таяу жыл­дар­да-ақ куә болады деп кәмiл сенемiз”, деген сөздері ақи­қатқа айналды. Елбасы жыл мәресінде ел халқына құттықтау сөзінде: «Өтер жыл­ға өкпеміз болмаса керек. 2003 жылы біз ойға алған, қолға алған талай-талай істерді ат­қа­рып шық­тық. Қуатымыз артып, мүмкіндігіміз мо­лай­ды, мақсатымыз толысып, іскерлігіміз ізерленді» деді. Біздің оған алып-қосарымыз жоқ. Дүние дүр­лігіп, заман құбылып тұрса да, 2003 жыл тәуелсіз ел тарихына жарқын бет болып қосылды. Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.