Актив жиыны облыс әкімінің міндетін атқарушы Қуаныш Ысқақовтың төрағалығымен өтті. «Ел Президентінің бұл мақаласы – Мәңгілік еліміздің мақсат-мұратын жүзеге асырудың түп негіздерін, рухани жаңғыруымыздың негізгі бағыттарын айқындап берген ұлт жадының тұғырнамасы деуге болады», деген Қуаныш Досмайылұлы Елбасы мақаласында айтылатын негізгі мәселелерге егжей-тегжейлі тоқталды.
− Мемлекет басшысы айтқандай, біз ұлттық кодымызды сақтап, замана сынына төтеп бере алатын озық дәстүрлерімізді табысты жаңғырта отырып, өркениет көшіне ілесуіміз керек. Бұл ретте, Сыр өңірі тарихын тереңнен тартқан, қаймағы бұзылмаған ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрімізді бүгінге жеткізіп, жаңғыртып, жас ұрпаққа насихаттап отырған бірден-бір өлке деуге негіз бар. Елбасы өз мақаласында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз мәңгі қалуға тиіс» – деді. Осы ретте, Сыр елінің өнері өз жерімізде ғана дамып қоймай, Түркияға, Лондонға, АҚШ-тың Нью-Йорк, Вашингтон қалаларына, Әзербайжан Республикасына танылуда. Осы күндері облысымыздың театры Баку, Шеки қалаларында гастрольдік сапарда жүр,– деді Қуаныш Ысқақов. Сонан соң ұлттық идеологияның ұстыны боларлық құжаттан туындайтын мәселелер бойынша басқармаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Жиын барысында сөз алған арынды ақын Шәһизада Әбдікәрімов Елбасы мақаласындағы ұлтты Мәңгілік ету жолындағы аспектілерді кеңінен толғап, тереңінен қаузады. Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Нұрлыбек Мыңжасов сананың жаңғыруы жайында толымды баяндама жасады. Қызылорда облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердәулетов аймақтағы білім саласында атқарылып жатқан шаруаларға тоқталды. Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының профессоры Аман Абасилов латын қарпіне көшудің артықшылықтары мен ұтымды тұстары хақында сөз қозғады. Ал «Қоғамдық келісім» орталығының басшысы Уәлихан Ибраев мақалада айтылған міндеттердің ел өміріне елеулі өзгерістер әкелетінін айтты. Баяндамашылардың барлығы Елбасы мақаласының маңызы мен Қазақстанның ғылым-білім, тарих, әдебиет, әлеуметтік және тағы да басқа салалардың дамуына оң ықпалы туралы әңгіме өрбітті.
Сондай-ақ, отырыс барысында мақалада көрсетілген «Ұлттық сана», «Туған жер» бағдарламасы, «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Мәдени-географиялық белдеу», «100 жаңа есім» және өзге де мәселелер кең көлемде талқыланып, қатысушылар тарапынан қолдауға ие болды.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан»
ҚЫЗЫЛОРДА