– Мемлекет басшысы биыл үш бірдей жаңа бастама көтеріп, даму жолымызды жан-жақты айқындап, бағдарлап берді. Біріншісі – елімізді технологиялық дамудың жаңа деңгейіне көтеретін ауқымды жаңғыру болса, екіншісі – конституциялық реформа арқылы саяси жаңғыру. Елбасы ендігі кезекте рухани жаңғыруға жол ашу керектігін көрсетіп отыр, – деген өңір басшысы көпшіліктің көңілінен шыққан мақала жайында жан-жақты айтып өтті.
Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында осы жетістіктерімізді дамытудың рухани бағдарламасын ұсынды. Бұл бағдарлама ұлтымыз үшін маңызы терең, ауқымы зор, өнегесі мол, халқымызға рухани азық болатын айтулы дүние. Бұл мақалада өткен тарихи кезеңдерге сындарлы баға беріліп, ой елегінен өткізіліп, еліміздің рухани даму бағыты айқындалған.
Бұдан соң баяндама жасау үшін мінберге облыс әкімінің орынбасары Жақсылық омар көтеріліп, мақалада көтерілген мәселелер бойынша бірінші кезекте атқарылуы тиіс жұмыстар жайлы жан-жақты айтып өтті.
– Елбасы ұсынған жаңғыртулар қазақстандықтарды санғасырлық тарих пен мәдениеттегі, ұлттық сана-сезім мен білім саласындағы рухани реформаға бастайды. Өзіміздегі ескі қағидаттардан арылып, бүгінгі күннің арнасымен алға қарай ұмтылуымыз қажет. Осы орайда, бабалардан мирас болып қалған рухани құндылықтарды көздің қарашығындай сақтай жүріп, ұлттық рухты да жаңғырту керектігі күмән келтірмейді, – деген Жақсылық Мұқашұлы Елбасы мақаласында айтылған мәселелерге тоқталды.
Баяндамашының айтуынша, осы мақсат-міндеттер межесінде көптеген істер мен жұмыстар атқару керек. Өйткені, қазіргідей жаһандық бәсекелестік бізден тынымсыз еңбекті, табысты бастамаларды талап етеді. Бұл жолда білімнің тұнығымен сусындап, соңғы үлгідегі технологиялардың тілін меңгерген жас ұрпақты ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып бойынша тәрбиелеу қазақстандық брендті алға шығарады. Оның үстіне қиналғанға қол ұшын созған жанашырлық, жетімнің маңдайынан сипаған мейірімділік, аш адамға қолындағысын бөліп берген қайырымдылық сынды қазақы қасиеттерді өскелең ұрпақтың бойына сіңіру бейбітшілікке, тыныштыққа құштар ұлтымыздың бет-бейнесінің сақталуына септігін тигізеді.
Әлемге таралған қазақ халқының бір-бірімен емін-еркін тілдесуіне, дүние жүзінің ғылымына, біліміне ешбір кедергісіз жол ашылатынын айтқан Жақсылық Омар Елбасы мақаласында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы мен «Туған жер» бағдарламасын енгізу арқылы қазақстандық патриотизмнің жарқын үлгісін көрсетуді міндеттегенін жеткізді. Сол арқылы Жетісу жерінен түлеп ұшқан әрбір азамат облыстың өркендеуіне лайықты үлес қосуы керек.
Бұдан соң күн тәртібіндегі тақырыпты талқылау үшін Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің «Мәңгілік Ел» ғылыми білім беру орталығының бас ғылыми қызметкері, философия ғылымдарының докторы Аманжол Қасабек, «Алматы облыстық славян қозғалысы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Наталья Белик, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Әміре Әрін, облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты Атсалим Идигов, облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің журналист-модераторы Галина Митковских кезекпен мінберге көтеріліп, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көтерілген мәселелердің өзектілігі, маңыздылығы жайлы жан-жақты айтып өтті.
– Жетісу өңірінде бірлік пен татулықты, рухани келісімді, экономикалық даму үрдістерін сақтау үшін нақты жұмыстар атқарылуы тиіс. Облыстық ақсақалдар, ардагер аналар ұйымы жүргізіп отырған жұмыстарды одан әрі жалғастыру қажет. Жас ұрпаққа тәрбие беру, олардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру мақсатында кешенді жұмыстар жоспары жасалып, іске асырылуы керек. «Жаныңда жүр жақсы адам», «Қазақстандағы 100 жаңа есім» сияқты жобаларды аудан, қалаларда іске асыруды, өз жетістіктеріңізді дәріптеуді тапсырамын. Бұл жөнінде мамыр айының 1-іне дейін нақты ұсыныстар беріліп, жұмыстар басталуы тиіс. Әр аудан мен қалада тарихи, мәдени ескерткіштердің тізімі жаңартылып, жастарға тәрбиелік мәні бар шаралар өткізілуі тиісті, – деген облыс әкімі Амандық Баталов актив жиналысын қорытындылады.
Мәди АЛЖАНБАЙ