Қазақстан Президенті Түрікменстан басшысын шетелдік мәртебелі мейманға лайықты сәл-салтанатпен қарсы алды. Қазақстан басшысы Гурбангулы Бердымұхамедовті өткен президенттік сайлауда жеңіске жетуімен құттықтады.
Шағын құрамда өткен отырыс кезінде Елбасы:
– Біз Сіздің өткен сайлаудан кейінгі алғашқы сапарларыңыздың бірін біздің елімізден бастағаныңызды жоғары бағалаймыз. Қазақстанды түрікмен халқымен арада әріптестік, тату көршілік және бауырластық қарым-қатынастар байланыстырады. Біздің қатынасымыз ширек ғасырда өзара сенім мен қолдаудың негізінде қалыптасты. Түрікменстан – Қазақстанның өңірдегі маңызды серіктесі әрі одақтасы. Екі елдің халқы бір-бірімен бауырлас әрі тату көрші. Бізді ғасырлар қойнауынан жалғасып келе жатқан ортақ тарихи тамыр, тіл мен дін байланыстырады. Елдеріміз Тәуелсіздігінің 25 жылында қалыптасқан өзара түсіністікке, аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер бойынша ынтымақтастыққа құрылған қатынастар осының белгісі. 25 жыл ішінде біздің елдеріміздің арасында шешімін таппаған мәселе болған емес. Қатынастарымызды қалай қалыптастырсақ, солай жалғасын тауып келеді. Сыртқы саясатта ынтымақтаспыз, Түрікменстанның халықаралық деңгейдегі бастамаларын қолдаймыз, Түрікменстан біздің бастамаларымызды қолдайды. Мен Сізге шын жүректен табыс тілеймін, барша түрікмен халқына игілік тілеймін,– деді.
Нұрсұлтан Назарбаев жекелеген бағыттар, соның ішінде көлік-транзит және энергетика салалары бойынша екіжақты ынтымақтастықтың дамып келе жатқанын атап өтіп, бұл ретте басқа да салалардың зор перспективасы бар екеніне назар аударды. Екі мемлекеттің бірлесіп іске асырған табысты жобаларының бірі ретінде Қазақстан Президенті Қазақстаннан Түрікменстанға, одан әрі Иранға жол тартатын темір жол желісінің құрылысын мысалға келтіріп өтті.
– Біздің достығымыздың арқасында дүниеге келген ірі жобалардың бірі – Жібек жолының желісімен Қазақстаннан Түрікменстан арқылы Иранға баратын темір жолдың құрылысы. Қазір біз жаңа Жібек жолы туралы айтып отырмыз. Бұл мәселе 15 мамырда Бейжіңде өтетін «Бір белдеу – бір жол» форумында егжей-тегжейлі сөз болады. Бұл – аса маңызды маршрут, біздің міндетіміз осы келісімнің мазмұнын арттыра түсу. Бүгін басқа да тақырыптарды талқылаймыз, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Қазақстан басшысы екіжақты әріптестік аясындағы басқа да маңызды мәселелерге, осы кездесу барысында қол қойылуы жоспарланған құжаттардың аясында қарастырылатын мәселелерге тоқталды. Жаһандық экономика мен саясаттағы күрделі кезеңде екіжақты қатынастарды дамыту үшін Түрікменстан Президенті сапарының маңызы жоғары екеніне назар аударды.
Нұрсұлтан Назарбаев жекелеген бағыттар, соның ішінде көлік-транзит және энергетика салалары бойынша екіжақты ынтымақтастықтың дамып келе жатқанын атап өтіп, бұл ретте басқа да салалардың зор перспективасы бар екеніне назар аударды.
– Бүгін біз Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы стратегиялық серіктестік туралы аса маңызды шартқа қол қоямыз. Осы келісімнің арқасында қатынастарымыз дамудың жаңа кезеңіне өткелі тұр. Біз елдеріміз арасындағы шекараға қатысты барлық мәселені шешеміз. Шекараға қатысты түйткілді мәселелер мүлдем жоқ елдер Қазақстан мен Түрікменстан ғана болмақ, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Өз кезегінде Гурбангулы Бердымұхамедов Қазақстанға шақырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығын білдіріп, Түрікменстанның әрдайым достық, тату көршілік, өзара құрмет қағидаттарын ұстанатынын және қазіргі даму кезеңінде осы ұстанымдарды басшылыққа алып, өзге елдермен қарым-қатынас орнатып отырғанын жеткізді.
– Қауіпсіздікке, қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуге қатысты күн тәртібінде тұрған өңірлік және халықаралық мәселелер жөніндегі біздің көзқарасымыз Қазақстан тарапының ұстанымымен үйлеседі. Біз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып табылатын Қазақстанның бастамаларын қолдаймыз. Бұл – барша дүние жүзінде тұрақтылық, қауіпсіздік және бейбітшілік орнату деген сөз, – деді Гурбангулы Бердымұхамедов.
Түрікменстан Президенті екі ел қатысқан бірлескен халықаралық жобалардың қатарында Түрікменстан – Қазақстан – Өзбекстан – Қытай газ құбыры бар екенін атап өтті. Сонымен қатар, жоғарыда Нұрсұлтан Назарбаев тілге тиек еткен Қазақстан – Түрікменстан – Иран темір жолына да тоқталды. Бес мемлекеттің арасында жатқан кәрі Каспийдің қаншалықты зор маңызға ие екендігін айтты.
Салтанатты кездесуден соң екі мемлекет делегацияларының қатысуымен кеңейтілген келіссөздер өтті. Екі ел президенттері халықаралық саясат, екіжақты ынтымақтастық, өңірлік өзара іс-қимыл, мәдени-гуманитарлық және әлеуметтік салалардағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Сондай-ақ, кеңейтілген құрамдағы келіссөздер аяқталған соң Қазақстан мен Түрікменстан елдерінің басшылары бұқаралық ақпарат құралдары алдында мәлімдеме жасады.
Нұрсұлтан Назарбаев екі ел премьер-министрлерінің орынбасарлары төрағалық ететін Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия екіжақты ынтымақтастықтың негізгі міндеттеріне қол жеткізу барысында ерекше рөл атқаратынын атап өтті. Келіссөздер барысында тараптар шарт-құқықтық базаны жетілдіруге, кәсіпорындардың екі елдегі ірі инфрақұрылымдық жобаларға қатысуына, сондай-ақ, көліктік-транзиттік саласындағы өзара іс-қимылға назар аударғанын айтты.
– Қазақстан – Түрікменстан – Иран темір жолының іске қосылуын көліктік-транзиттік өзара іс-қимыл саласындағы тарихи оқиға деуге болады. Өзара тауар айналымын ұлғайту ісінде екі елдің кәсіпкерлері осы артықшылықты пайдалана білгені жөн, – деді Қазақстан басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев келіссөздер барысында су-энергетика саласы және Аралды құтқаруға арналған халықаралық қор қызметін жандандыру мәселесі арнайы қозғалғанына да назар аударды.
– Орталық Азиядағы шекаралас өзендердің су ресурстары ортақ игілік болып табылатынын тағы да мақұлдадық. Оларды орнымен пайдалану ондаған миллион адамның тағдырына әсер етеді. Биыл Аралды құтқаруға арналған халықаралық қорға төрағалық ету міндеті Түрікменстанға көшті, – деді Қазақстан басшысы.
Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердымұхамедов өз сөзінде Қазақстанның білім беру саласына ерекше көңіл бөлетінін, бірқатар түрікменстандық студенттер біздің елімізде білім алып жатқанын атап өтті. Ол қазақстандық жастарды Түрікменстанның жоғары оқу орындарында білім алуға шақырды.
– Сіз білім беру саласына ерекше көңіл бөлесіз. Бүгінде түрікмен жастарының үлкен тобы Қазақстанда білім алып жүр. Қазақстандық жастар да Түрікменстандағы ЖОО-ларда білім алғанын қалар едік,– деді ол.
Сонымен қатар, Гурбангулы Бердымұхамедов ірі спорт шараларында Қазақстанның тәжірибесін үйренуге ниетті екендігін жеткізді. Жабық ғимараттағы Азия ойындары биылғы жылдың қыркүйек айында Түрікменстан астанасы – Ашғабад қаласында өтетіні белгілі. Оған Азияның 45 елінің, Австралияның және Мұхит аралдарындағы елдердің спортшылары қатысып, 21 спорт түрі бойынша бақ сынамақ. Осыны тілге тиек еткен Гурбангулы Бердымұхамедов Қазақстанның Қысқы Азия ойындарын, қысқы Универсиада жарыстарын өткізген тәжірибесін ескеру керектігін айтты.
Екіжақты кеңейтілген отырыс қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердымұхамедов бірқатар маңызды құжаттарға қол қойды. Атап өтер болсақ, Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы Стратегиялық серіктестік туралы шартқа, Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы Қазақстан – Түрікменстан мемлекеттік шекарасын белгілеу туралы келісімге қол қойылды.
Стратегиялық серіктестік туралы шартқа тоқталар болсақ, мұндай құжат бұрынғы кеңестік кеңістіктегі интеграциялық бастамаларға ерекше көзқарастағы және бейтараптық қағидатын ұстанатын елмен арада қол қойылып отырғанымен маңызды. Осылайша, жаңа құжат алдағы уақытта іргелес екі елдің ынтымақтастығына серпін беретінін, Түрікменстанның аймақтық үдерістерге белсене атсалысатынын көрсетеді.
Екіншіден, Түрікменстанмен арадағы мемлекеттік шекараны демаркациялау туралы шарт – аса маңызды құжат. Өйткені, Қазақстан Орталық Азия мемлекеттерінің ішінде алғашқы болып түрікмен елімен осындай шартқа қол қойып отыр. Бұған дейін Қазақстан Ресей Федерациясымен, Қытай Халық Республикасымен, Өзбекстан Республикасымен, Қырғыз Республикасымен және Түрікменстанмен мемлекеттік шекараны делимитациялау (шекараны картада анықтайтын) туралы келісімдерге қол жеткізген болатын. Ал Қазақстанның күні кешеге дейін шекарасын Қытаймен ғана демаркациялағанын (шекараны сол жерде белгілейтін) айта кетейік.
Кеңейтілген отырыс нәтижесі бойынша, сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстанның Үкіметі арасындағы Қазақстан – Түрікменстан үкіметаралық комиссиясы туралы келісімге, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстанның Үкіметі арасындағы Құпия ақпараттарды өзара сақтау туралы келісімге, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Түрікменстан Сыртқы істер министрлігі арасындағы 2017-2018 жылдарға арналған ынтымақтастық жөніндегі бағдарламаға, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мен Түрікменстан Қаржы министрлігі арасындағы қылмыстық жолмен түскен кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес саласындағы өзара іс-қимыл туралы келісімге, Астана мен Ашғабад арасында бауырластық байланыс орнату туралы келісімге, Қазақстан Республикасының «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Түрікменстанның Сауда-өнеркәсіп палатасы арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Қазақстан басшысы екі ел президенттерінің күн тәртібіндегі халықаралық және өңірлік өзекті тақырыптарды талқылағанын атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев Түрікменстан Президентін Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапарының аясында І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»
Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды