Кездесу барысында екі елдің сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, қаржы, энергетика, мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимыл мәселелері, бірлескен ірі жобаларды жоспарлау мен ұзақ мерзімді бағдарламаларды әзірлеуді қоса алғанда, көліктік-транзиттік және инфрақұрылымдық өзара іс-әрекет салаларындағы мәселелері талқыланды.
Қазіргі таңда Қазақстан мен Қытай арасында қазақстандық «Нұрлы жол» ұлттық экономикалық бағдарламасы мен Қытайдың «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасын түйіндестіру бойынша Ынтымақтастық жоспарын іске асыру жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Жоспарға Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізуінің қорытындысы бойынша 2016 жылғы 2 қыркүйекте Ханчжоуда қол қойылған болатын.
Кездесу барысында ауыл шаруашылығы саласындағы, қазақстандық шаруалардың өнімдерін Қытай нарықтарына экспорттауды ілгерілетудегі ынтымақтастық келешегіне баса назар аударылды. Сонымен қатар, су қатынастары, трансшекаралық өзендерді пайдалану мен қорғау мәселелері қаралды.