• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
19 Сәуір, 2017

Инвестиция – экономика нәрі

390 рет
көрсетілді

Инвестиция ел экономикасын ілге­рі­летудің қозғаушы күші екен­ді­гі бел­гі­лі. Осыған байланысты тәу­ел­сіз­дік ал­ған жылдар ішінде елі­міз­дің эко­номикасына тікелей шетел инвестицияларын тарту мәселесіне ерекше басымдық беріліп келеді.

Бұл маңызды міндетті жүзеге асыру барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі өлшеусіз екендігін ерекше атап айту парыз. Тәуелсіз Қазақстанды төрткүл дүниеге түгел әй­гілеп, әлемнің ең ірі инвесторларын тартуда Мемлекет басшысы шынайы көшбасшылық қарымдылық танытты. Соның нәтижесінде Қазақстан Рес­пу­б­ликасы бүкіл ТМД мем­ле­кеттерінің ішіндегі экономикасына ең көп шетел инвестициясы құйылған ел болып табылады. Мәселен, Ұлттық банктің дерегі бойынша, тек соңғы 10 жыл көлемінде ғана, яғни 2005 – 2015 жылдар аралығында Қазақстан экономикасына 237 миллиард АҚШ доллары көлемінде тікелей шетел инвестициясы тартылған екен.

Жақында әлемдегі беделді Doing Business агенттігінің бизнес жүргізу ахуалын зерттеген арнайы баяндама­сы жарық көрді. Осы сараптау не­гі­зін­де Қазақстан әлем елдері арасында бизнес жүргізу мәселесі бойынша бұдан бұрынғы 41-ші орындағы көрсеткіштерін едәуір жақсартып, 35-ші орынға көтерілді. Осы әлемдік сараптау негізінде Қазақстан бірқатар көрсеткіштер бойынша әлемнің ең дамыған елдерінен де қара үздіріп, көш бастады. Мәселен, «Миноритарлық инвесторларды қорғау» көрсеткіші бойын­ша еліміз жаһандық бәсекеде 3-ші орын­ды иеленсе, бизнес жүргізу заң­д­арын жетілдіру  мәселесінде ерекше жетістіктерге қол жеткізген әлемдегі алғашқы ондықтағы мемлекеттердің қатарынан ойып тұрып орын алды.

Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша еліміздің Ин­вес­тициялар және даму министр­лі­гінің «KAZNEX INBEST» инвес­ти­ция және экспорт жөніндегі ұлттық агент­тігі» акционерлік қоғамы Қазақстанның инвес­тициялық тартымдылығын одан әрі арттыру, инвестициялық саясаттың тиім­ділігі мен икемділігін жақсарту мақ­са­тында кешенді шараларды іс жүзіне асы­руда және олардың қалтқысыз орын­да­луын қамтамасыз етіп келеді.

Сонымен бірге, 2015 жылы Мемлекет бас­шысының ел экономикасына инвес­тиция тартуды одан әрі жетілдіруге бай­ланысты нақты тапсырмаларына орай Инвестиция тарту жөніндегі үкі­меттік кеңес құрылды. Бұл кеңестің жұ­мысын негізгі үш бағыт бойынша жүр­гі­зу көз­де­лінуде.  Біріншіден, мемлекет-же­­­ке­­мен­шік әріптестігі жобаларына жә­не же­­кешелендірілген нысандарға инвестиция тарту; екіншіден, жалпы инвес­ти­ция­лық ахуалды жақсарту; үшін­ші­ден, тран­сұлттық компаниялардан тікелей шетел инвестицияларын тарту­ды қамтамасыз ету болып табылады. Мем­лекет тарапынан жүйелі түрде жүр­гізілген осындай кешенді шаралар өзінің игі нәтижелерін көрсетуде.

Соңғы жылдары ел экономикасына тартылған тікелей шетел инвестиция­лар ауқымында азиялық көшбасшы ел­дердің үлесі қомақты. Оның ішінде Қытай Халық Республикасының еліміздің экономикасына әкелген инвестициясы көш бастап тұрғанын ерекше атап өткен жөн. «Нұрлы жол» бағдарламасының шеңберінде көлік-инфрақұрылымдық, өнеркәсіптік, құрылыс материалдары, жол-құрылыс техникаларын шығару және қайта өңдеу салаларының нысандары бойынша 51 ірі жобаны жүзеге асыру белгіленді. Осы жобаларға байланысты Қытайдан келетін тікелей инвестиция 26,2 миллиард доллар көлемінде болмақ. Сонымен бірге, еліміздің экономикасына Жапония мен Оңтүстік Кореядан келген инвестиция көлемі де ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Мәселен, Ұлттық банктің мәліметі бойынша, азиялық мемлекеттерден ел экономикасына тартылған тікелей шетел инвестициясы көлемінің ішінде Жапонияның үлесі 24 пайызды құраса, Оңтүстік Кореяның үлесі 16 пайызға тең екен. Осы ретте ірі шетел инвесторлары қатарында 2015 жылдан Астана қаласында автомобильдерді өң­деу жөніндегі логистикалық терминал құ­рылысының жобасын жүзеге асыра бас­таған «NYK Line» атты жапониялық ком­панияны және Шымкент қаласындағы әуе­жайды жаңғырту жобасын қолға алмақ болып отырған  «Jalux» атты екінші Жапония компаниясын, сонымен бірге полиметалл рудаларын зерттеу жұмысы жөніндегі жобаны жүзеге асыра бастаған «KORES» атты Оңтүстік Корея компаниясын ерекше атап өтуге болады.

Әлемдік экономикада орын алған қар­­жы-экономикалық қиындықтарға қа­ра­мастан, Қазақстан соңғы кезде ин­вес­ти­ция салуға ең қолайлы мем­ле­­кеттер рей­тингінде үздіктер қа­та­ры­­нан кө­рінуде. Оған өткен жы­лы ел эконо­ми­касына та­р­тылған ті­ке­лей шет­ел инвес­ти­ция­сы­ның көрс­ет­­к­іші нақты дәлел. Ұлт­тық бан­ктің мә­лімдеуінше, 2016 жылы ел эко­но­ми­касына тартылған тікелей шетел ин­вес­тициясының көлемі 2015 жылмен са­­лыстырғанда 40 пайызға өсіп, 20,6 миллиард АҚШ долларын құраған екен.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»