• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Үкімет 19 Сәуір, 2017

Ынтымақтастық қарқынды дамуда

184 рет
көрсетілді

Астана қаласында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин мен Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесі Премьерінің бірінші орынбасары Чжан Гаолидің төрағалығымен Ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Қытай комитетінің 8-отырысы өтті.

Басқосуда сөз сөйлеген Асқар Мамин қос ел басшыларының бастамасымен Қазақстан-Қытай мемлекеттерінің бірлескен ин­дус­триялық-инновациялық ын­ты­мақ­тастық бағдарламасы қа­был­данғанын еске салды. «Құжат аясында жалпы құны 27 мил­лиард АҚШ долларын құрай­тын 51 жоба қолға алынып отыр. Қытайлық компаниялар бір­лес­кен жобаларға белсенді атсалысуда. Былтыр Қазақстан Пре­зи­дентінің ҚХР-ға ресми сапары барысында «Нұрлы жол» жа­ңа экономикалық саясаты мен «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бағдарламасын үндес­тіру жоспарына қол қойылған болатын. Жоспар үлкен көліктік-транзиттік, инвестициялық даму­дың жолдарын ашты. Біз қазір сол жұмыстың нәтижелерін көре бастадық», деді вице-премьер. Оның айтуынша, 2017 жылдың екі айында Қазақстан-Қытай арасындағы тауар айналымы 30 пайызға артқан. Бұл – өте үлкен көрсеткіш. 

Асқар Ұзақбайұлы Қытай – Қазақстан – Еуропа бағытын­дағы контейнерлік тасымал жыл са­йын екі есеге өсіп келе жат­қа­нын да тілге тиек етті. «Жыл басын­­дағы екі айды был­­тыр­ғы сәй­кес мерзіммен са­лыс­тыр­ғанда, өсім 2,6 есе болған. Бұл «Бір белдеу – бір жол» және «Нұрлы жол» бағдарламаларының іс жүзінде жүзеге асып жатқандығын біл­діреді», деді ол.

Отырыс барысында ҚХР Мемлекеттік кеңесі Премьерінің бірінші орынбасары Чжан Гаоли Қытай Төрағасы Си Цзинь­­пин­­нің Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне келеті­нін мәлімдеді. «Таяудағы екі ай­дың ішінде біздің мемлекет бас­шы­ларымыз­дың кездесуі өтеді деп көзделген. Сіздердің Прези­денттеріңіз мамыр айының ортасына қарай Қытайға келіп, «Бір белдеу – бір жол» атты халықаралық фо­рум­ның жұмы­сына қатысады. Төр­аға Си Цзиньпин маусым айы­ның басында Астанаға сапар­лап, ШЫҰ саммитіне және ЭКСПО-ға қатысады. Сондық­тан, олар­дың арасында өте ма­ңыз­ды кездесулер өтеді», деді Ч.Гаоли.

Тараптар отырыс барысында екіжақты ынтымақтастық мәсе­ле­лерінің кең ауқымын, атап айтқанда, сауда-экономикалық, энергетикалық, индустриялық, инновациялық, мәдени-гумани­тарлық салалардағы өзара іс-қимыл, шекара маңы және өңір­лік серіктестікті дамыту, көлік-ло­гистикалық, ауыл шаруа­шы­­лы­ғы, ғылыми-техникалық сала­лар­дағы ынтымақтастық мәсе­ле­лерін талқылады. «Нұр­лы жол», «Жібек жолының эконо­мика­лық белдеуі» секілді ірі көлем­ді бағ­дарламаларды іске асы­ру­­дың бірлескен жұмысы, сон­дай-ақ, көлік және логистика сала­сын­да жаңа өнімдер мен қыз­мет түр­лерін құру жайттары пысықталды.

Жиында «Қостанай-Астана» теле­көпірі арқылы «Сарыарқа Авто Пром» ЖШС-нің өндіріс­тік алаңында «ANKAI» атты ав­то­­­бус­тар шығаратын бірлес­кен зауыт іске қосылды. Шара со­ңын­­­да Ынтымақтастық жө­нін­­дегі Қазақ­­стан-Қытай ко­ми­­теті­ 8-оты­рысының хаттамасына қол қойылды.  

Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар