• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қазақстан 19 Сәуір, 2017

Рухани жаңғыру бағдарламасын талқылады

152 рет
көрсетілді

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрайымы Бірғаным Әйтімова бастаған Сенат депутаттары Павлодар облысында жұмыс сапарымен болды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.

Парламентшілер аймақтағы орта білім берудің жағдайымен, өзекті мәселелерімен және даму келешегімен танысып, еңбек ұжымдарымен, жалпы білім беру, шағын жабдықталған және арнаулы мектептер мен лицейлердің ұстаздарымен, ата-аналар комитеттерінің өкілдерімен және оқушыларымен кездесті.

Қазақ тілінде жалпы білім беретін №25 орта мектепте облыс орталығының ұстаздар қауымымен кездесу болды. Шарада 12 жылдық білім беру бағдарламасын енгізу, балаларды үш тілде оқыту, оларды сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Жүздесуде еліміздегі және аймақтағы білім беру жүйесінің алдында тұрған өзекті мәселелер көтерілді. Жергілікті тұрғындар мен ұстаздар депутаттардан үш ауысымда оқыту мәселелерін шешуге, алыс елді мекендерде тұратын балаларды мектепке тасып әкелуді қамтамасыз етуге ықпал етуді сұрады. Шағын жабдықталған мектептердің тағдыры, ұстаздардың еңбекақысы, «Білім беру туралы» Заңды іске асыруға байланысты алаңдаушылықтарын жеткізді. Мұғалімдердің сауалдарына Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Сухан­бердиева жауап берді.

Сапар барысында депутаттар аутист балалар мен ақыл-ой дертіне шалдыққан балаларға арналған «Алтын бата» бейімдеу орталығына да барды.

17 сәуірде сенаторлар Павлодар мемле­кет­тік педагогикалық институтының жұмы­сы­мен танысты. Меймандарға ғылыми-техникалық жаңалықтар және олардың өндіріске енгізілген нұсқалары көрсетілді.

Профессорлық-оқытушылар құрамы алдында сөйлеген сөзінде сенатор Б.Әй­тімова білім беру мен ғылымды үйлестірген жоға­ры оқу орындары Президент Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» бағдарламалық мақаласында айтыл­ғандай, рухани жаңғырудың алдыңғы шебінде болуы тиіс екенін атап өтті.

Б.Әйтімова Мемлекет басшысы алға қойған мақсаттарға қол жеткізу туралы өз ойларын ортаға салды. Атап айтқанда, әсіресе жастарда ұлттық сана-сезімнің жаңа негіздерін қалыптастыру, әлемнің 100 оқулығын қазақ тіліне аудару туралы әңгіме қозғалды. Сенатор рухани жаңғырудағы бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, дамудың эволюциялық жолы, сана ашықтығы секілді мақсаттарға қол жеткізудің маңызына назар аударды. Шараға қатысушылар Мемлекет басшысы белгілеген межелер барша халықтан, ең алдымен, білім беру жүйесінен зор күш-жігерді талап ететіні туралы ортақ пікірге келді.

Сапарға сенаторлар Әли Бектаев, Жабал Ерғалиев, Нұрлан Қылышбаев, Төлеубек Мұқашев, Владимир Редкокашин қатысуда. 18 сәуірде парламентшілер Ақсу мен Екі­бастұз қалаларында, Ақтоғай, Қашыр, Лебяжі, Павлодар, Успен, Шарбақты аудан­дарында ұстаздар қауымымен кездеседі.

Облысқа сапардың қорытындылары Се­наттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғы­лым комитетінің 19 сәуірде Павлодарда өте­тін көшпелі отырысында қаралатын болды.

Соңғы жаңалықтар