Қалам иелері тарапынан су тасқынынан зардап шеккендерге байланысты сауалдар қойылып, атқарылып жатқан шаралар кеңінен әңгімеленді. Сәуір айы нағыз сын кезеңіне айналды. Биыл ылғалдың мол түсуіне орай жергілікті билік су тасқынының алдын алу жұмыстарына бір кісідей жұмылып отырғанын айта келіп, Құмар Іргебайұлы Ғ.Мүсірепов ауданында орын алған оқыс оқиға ерекше бақылауда тұрғанын, су астында қалған 235 үйдің бәріне қаржылық жәрдем көрсетілетінін, 7 баспананың мүлдем жарамсыз қалғанын, қазір шығын көлемі есептеліп жатқанын жеткізді. Апатты жерлерді қалпына келтіру ісі аяқталып, ол жаққа қосымша күштер жіберілген. Жамбарақ өзеніне таяу орналасқан Рузаевка ауылының су басқан 186 үйі де жәрдемсіз қалмайды. 578 тұрғын қауіпсіз жерлерге көшіріліп, ыстық тамақпен, жатын орынмен толық қамтамасыз етілген.
Бір шаруа қожалығының қора-қопсысы су астында қалып, жүзге жуық ұсақ малы шығын болды. Оған да материалдық көмек беріледі. Облыс әкімінің айтуынша, табиғи апатқа байланысты арнайы комиссия құрылып, құрылыс бригадалары тартылады. Шығын көлемі нақты есептелген соң, бюджеттен қаржы қарастырылады. Басқа да шұғыл шешімдер қабылданады. Қазір қарғын су деңгейінің төмендегені байқалады. Су апатының салдары бойынша кешенді шаралар одан әрі жалғасуда.
Ақан-Бұрлық өзеніне жақын орналасқан Чистополье елді мекенінде жағдайдың күрделі екені ескеріліп, тұрғындар мен малдар қауіпсіз жерлерге көшірілген.
Қ.Ақсақаловтың сөзіне қарағанда, жағдай жіті бақылауда тұр. Қауіп сейілгенше көмек үзілмейді. Осындай қатердің болатыны күнібұрын ескеріліп, азық-түлік пен дәрі-дәрмектің жеткілікті қоры қамтамасыз етілген. Қатерлі аймақтарда техника мен қайықтар саны көбейтілген.
Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы