– Мұрат Жұрынұлы, қазір еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде өзгерістер жүріп жатқан жайы бар. Болашаққа бағдар бірінші кезекте қандай пайымға жетеледі?
– Жыл басында Президентіміз конституциялық реформа жасады. Мемлекет басшысы өзіне жүктелген біраз құқық пен құзыреттілікті Парламент пен Үкіметке жүктеді. Бұл дұрыс. Өйткені, мемлекет Парламент арқылы басқарылса пікір алуандығы да болады. Ол тиімді әділ шешімдер шығарады. Қазақстан сияқты көп ұлтты мемлекет үшін бұл маңызды.
Одан кейінгі Жолдауда да елді асырап отырған экономиканың үш басым бағыты көрсетілді. Бұл – мұнай-газ, металлургия мен ауыл шаруашылығы. Және бұл жерде ғылым жүруі керектігін біліп отырмыз. Біз осы инновация деген сөзді көп айтамыз. Инновация – ғылымнан шығатын нәтиже.
Ал рухани жаңғыру бағдарламасында ұлттық сананы жеке қарастырудың келешек үшін мәні орасан. Рухани жаңғыру – экономикалық, индустриялық жаңғырудың локомотиві. Және бұл бағдарлама өте түсінікті. Баяғы «қайта құру» емес, барды сапаландыру. Жалғыз экономикалық жаңғырумен қайда барамыз. Біздің халқымыз 100 пайыз сауатты. Сана сілкінісіне ел дайын. Тегінде бар ұлт замана көшіне тез теңеледі. Біз қаны таза халықпыз. Ата-бабаларымыз жеті атаға дейін қыз алыспаған. Осының бәрін бүгін терең ұғына бастадық.
– Сана сілкінісін қазақтың тойларынан бастаса қалай болады?
– Халқымыздың қонақжай болғаны жақсы-ау. Көптің көңілінен шығамыз деп кейде артық кетіп қалады. Осыған ел алаңдап, айтып та жүрміз. Мына көршілеріміз Өзбекстан мен Тәжікстанда да біздегідей жағдай болған. Олар бұл мәселеге мемлекеттік тұрғыдан шектеу қойды. 100 адамнан артық кісі шақыруға, жексенбі кешке той жасауға болмайды. Өйткені дүйсенбіде жұрт жұмысқа барады. Оған қоса, бәріміз де мұсылман халқымыз. Бақилық болған адамды, қазаны құрметтеуге келгенде тағы да жарыс бар. Кеткен кісіге бірінен-бірі асырып мұнара салады. Осыны да көршілеріміз заңдық тұрғыда реттеп алды. Қайтыс болған адамға қойылатын ескерткіштің нақты көлемі белгіленген. Егер кеткен кісінің туысқандары оны қоя алмаса, онда сол стандартпен Үкімет қояды. Ал жағдайы бар адамдар мәрмәр мен граниттен қояды, бірақ білгіленген көлемнен аспайды.
Түрікменстанға барғанда маған жақсы бір үлгі көрсетті. Бір үлкен мазарда қақпа алдында бәрі картада сызулы тұр. Сектор-секторымен адамдардың қай жерде жерленгені көрсетілген. Келіп марқұм болған адамды айтсаңыз, олар картаға қарап бірден тауып береді. Мұны Үкімет емес, волонтерлер – студенттер мен жоғары сынып оқушылары жасаған. Біздің мына Кеңсайда бұрын көрмеген зираттан, мыңдаған бақилықтың ішінен біреуді табу қиын. Осыны да ескеретін кез келді. Бұл да мәдениеттің бір түрі.
– Қазақтың өзі бірікпей, Қазақстан халқы бірікпейді дейсіз...
– Біздің халқымыз жұдырықтай жұмылу үшін өзіміздің аузымыз бір болу керек. Жанымыз ауырса да айтайық, әр ру өзінің төбе биін сайлап алған. Алауыздыққа шақыратын ру «билері» емес, ауызбіршілікке бастайтын ауылдың ақсақалдары керек.
Одан кейін обал мен сауаптың қадірін білетін ел едік. Ысырапшылдықты дін де қолдамайды. Осыны бастайтын кез келді. Түркияға жиі барамыз. Өйткені, Президент Нұрсұлтан Әбішұлының идеясымен Түркістанда құрылған Қазақ-Түрік университетін біраз жыл басқардым. Түркияда дос-жарандарым көп болды. Олардың тойлары әрі кетсе 2 сағаттан аспайды. Бас-аяғы жоқ, ұзақ тілек айтылмайды. Тойға қатысудың өзі құрмет деп қабылданады.
Мұның бәрі бұйрықпен жасалмайды. Біздегі сорақысы, ауылдық жерлерде банктерден несие алып, ұлан-асыр той жасайтындар бар. Жаңа үйленгендерге көмектесудің орнына, бастары қосылмай жатып қарыз етіп қояды. Құда деген Құдай қосқан туыс, сондықтан екі жақ шығын болмаудың жағына шықсын. Ал шамасы келетіндер де шектен шықпасын.
– Сол сияқты «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын алсақ, мәселен, елге танымал болса да, шынайы құрметке бөленген адамдар азайды. Бүгін жақсы аталса, ертең бірдеңесі шығып жатқаны. Осы ахуал неден туындады?
– Қазір жарнаманың заманы. Жекеменшік басылымдар, телевизия атын шығарамын дегендерге жол ашып берді. Алайда мемлекетімізде елдің тәуелсіздігіне, егемендігі мен экономикасына өлшеусіз еңбек сіңіріп жатқандар бар. Олар өзін айта алмайды. Жаңадан сахнаға келген әртістерді соншалықты дәріптейміз. Елбасы осыдан құтылу үшін мемлекетке пайдасы тиген, еңбегі ерен жандарды өнеге етуді айтып отыр. Небір, ғалымдар, педагогтер, талантты жазушылар бар. Құдайға шүкір, өткенімізде де мықтылар болған, келешегімізден де парасат иелері табылады.
Ата-бабаларымыз бірнеше ғасыр бойы Қожа Ахмет Ясауидің ілімімен жүрді. Бұл біздің табиғатымызға өте үйлеседі. Ясауи бес парыздан басқа, мұсылманның бес міндетін былай екшейді. Мұсылман адам мәдениетті, жұмсақ сөйлеуі керек. Екіншісі, білім қуу. Үшіншісі, басқа діннің адамына арқаңды берме, ол да Алланың жаратқан пендесі. Төртіншісі, Мұхаммед пайғамбардың өмірінен өнеге алу, бесіншісі, Патшаның тәртібіне бағыну керек дейді. Осыдан таймағанда жанжал да, жаманшылық та болмайды. Мұны тәрбиеде қайта жаңғыртқан жөн. Өйткені, қазір жастар анда-мында барады. Шетелдерде оқиды. Әртүрлі түсінік пен діни ағымдардың жетегіне ілеседі.
– 2017 жылдың аяғына дейін қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасы қабылданбақ. Сіздіңше пернетақтада қазақ әрпі нешеден аспау керек? Қазақ әліпбиі қанша әріпке көнеді?
– Осы жерде асықпаған жөн. Ғалымдардың барлығының пікірін байыппен тыңдап, ортақ мәмілеге тоқтамасақ болмайды. Мысалы Әзербайжан асығыстық жасады. Себебі, компьютердің пернетақтасына бейімделмей болмайды. Негізгі платада 26 әріп бар. Бірнеше топқа бөлінетін платалар бар. Әзербайжандықтар негізгі латын платасынан шығып, қосымша платалардан әріп алды. Солар қазір қиындық туғызып отыр. Мысалға, Токиоға, болмаса Еуропаға іссапармен бардыңыз делік, оларда қонақүйде міндетті түрде компьютер болады. Үйіңізге хабарласып немесе іссапар бойынша мекемеге хабар, құжаттар жібергіңіз келсе, сол 26 әріптің айналасында жазасыз. Егер сіздің ұлтыңыздың әліпбиі сол платаның аясына сыймаса, қате жазуға тура келеді. Өзбекстан 26 әріптен шыққан жоқ, 2 дыбысты апострофпен жазады. Сонда – 28. Мамандардың айтуынша, оларға 28 әріп аздау сияқты. Ал біз алты әріпке апостроф белгісін қойсақ немесе дыбыссыз һ әрпімен қосақтап жазсақ, бізге тән дыбыстар толық қамтылады. Грамматикамыз осыған келеді. Біздің әліпбиден екі әріптен тұратын ё, я, ю, ц әріптерін алып тастауға болады. Орысша сөздерден келген, екі әріптен шығатын әріптерді алып, оны екі әріппен жазған дұрыс. Бұл ағылшындардың да тәжірибесінде бар.
Он жыл бойы Қ.А.Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінің ректоры болғанда, осындай әліпби жасауға мәжбүр болғанбыз. Өйткені, бізге Түркиядан, Қытай мен Моңғолиядан кириллицаны білмейтін оқытушылар мен студенттер келді.
– Елбасы бағдарламада саяси жаңғыруды алға қойып отыр. Осы бізде саясаттану ғалымдары бар. Саясаттанудың ғылымға жататынына күмән келтіретіндер бар.
– Саясаттың өзі ғылым емес, ал саясаттану ғылымы бар. Ол сіздің қандай саясатпен айналысып жатқаныңызбен шаруасы жоқ. Философияға кіретін саясаттану саясаттардың негізі неден туады, қанша өмір сүреді, соны зерттейді. Жалпы, біз ғылымды 50-60-қа дейін жіктеп, көп бөліп кеттік. Шетелде ғылымның 5 түрі ғана бар.
– Бұл бағдарламаны шын мәнінде жүзеге асыру қай жерден басталады?
– Бұл міндет Үкіметке жүктелген. Нақты тапсырмалары бар. Бірақ оны әрқайсымыз жүзеге асыруға атсалысуымыз керек. Сананың жаңғыруы да сол болады. Ұлттық код деген не? Оны біздің тіліміз, дініміз бен діліміз құрайды. Осыдан ауытқымаған жол бізді адастырмайды. Ал өмірде замана ағымына сай түрлі өзгерістер бола бермек. Оларға сәйкестене отырып дамуымыз керек. Елбасының көздегені де осы – өз елін өміршең ете отырып, мәңгілік ел жасамақшы.
– Рухани жаңғыру жүру үшін мектептердегі ер-азаматтардың жалақысы әйел мұғалімдерден жоғары болсын деген ұсыныс айтып отырсыз?
– Бұл ой қайдан шықты? Мәселен, АҚШ мектептеріндегі жағдайды әбден зерттегенде, ер балалар қыз балалардан әлдеқайда нашар оқитынын анықтаған. Тәртіпке үйренген ел мұның себебін біліп, экономикалық қызықтыру арқылы бұл мәселені шешті.
Мектептерде еркек мұғалімдер аз, балаларға әкенің, ер-азаматтың тәрбиесі жетіспейді. Егер ер мұғалімдер оқушылармен жақсы қарым-қатынас орнатып, спортшы, өнерлі, биші, қолынан іс келетін адам болса, балалар соған еліктейді. Сондықтан, бір кездерде АҚШ-та еркек мұғалімдердің жалақысын 25-30 пайызға көтеріп, мектептерге ер-азаматтардың көбірек келуіне ықпал етті. Яғни, олар бұл кемшілікті бұйрық беру арқылы емес, нарықтық қатынас тәсілімен шешті.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ