Жиынды Әсет Исекешевтің өзі жүргізді. Ел Президентінің мақаласы жайында салмақты сөз қозғады. Жиналғандарға ол туралы «Қандай ой-пікірлеріңіз бар? Ірікпей айтыңыздар» деген сауал тастады.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы еліміздің алдағы уақытта жүретін жолы мен негізгі бағдарын айқындап берді. Бұл Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» стратегиясында айтылған негізгі басымдықтармен астасып жатыр. Жаһандану дәуірінде, әлемдік бәсеке қызған уақытта әрбір мемлекет өзінің ұлттық болмысын сақтай отырып, дүние көшінен қалмауды ойлайды. Осы орайда Елбасының жаңа мақаласы бірқатар маңызды жайттарды қозғаған. Оның ішінде ұлттық сананы қалыптастыру, білім саласын дамыту, бәсекелестікті нығайту, туған жерге – Отанға деген құрмет, әлемдік үздік туындыларды аудару мәселелері аса өзекті деуге болады, – деп сөзін бір қайырып өтті.
Одан кейін елорда әкімі қаладағы кітап дүкендерінде қазақ тіліндегі кітаптардың аздығын айтты. Сонымен қатар, елордадағы мемлекеттік тілдің дамуына да тоқталды. Оның айтуынша, өткен жылғы есеп бойынша Астана тұрғындарының 82 пайызы мемлекеттік тілді жақсы біледі. Ал 2009 жылы бұл көрсеткіш 62,3 пайыз ғана болған.Алты жылдың ішінде қазақ тілін білетіндердің саны 19,7 пайызға көтерілген. Ал өткен жылғы өлшеммен алсақ, ересектер арасында ағылшын тілін білетіндердің қатары 25 пайыз болса, 2009 жылы ол 7 пайыз болған. Осы аралықта оның саны 18 пайызға өскен. Астана әкімдігінде әрбір тоқсан сайын мемлекеттік тілдегі шығыс және кіріс құжаттарын жүргізу мониторингі жасалады. Соның нәтижесінде кіріс құжаттарының жалпы саны 340 251 болса, соның қазақ тіліндегісі 222 010-ды құраған. Пайызбен айтқанда – 65,8 пайыз. Ал шығыс құжаттарының жалпы көлемі 198 150 болса, оның мемлекеттік тілдегісі – 189 458, яғни 85,6 пайызды құраған. Сонымен бірге, қала басшысы елордадағы балабақшалар мен мектептердің жыл санап көбейіп келе жатқандығын айтты.
Елорда басшысының сөзінен кейін Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев Елбасының мақаласына байланысты байыпты баяндама жасады. Ол әрбір тарауға жеке-жеке тоқталды.
– Мақалада ең әуелі ұлттық сана туралы баяндалған. Біздің ұлттық санамыз Отанға, туған тілге, тарихқа, салт-дәстүрге деген құрметпен біте қайнасқан. Ұлттық сана – ұлт руханиятының негізі. Ұрпақтан-ұрпаққа тарихи, рухани мұра тұлғалар тағылымы, ұлттық құндылықтар мен дәстүр салтқа негізделген тәрбие-тәлім, насихат арқылы беріліп отырады.
Бұл құндылықтар – Мәңгілік ел болуды қалыптастыратын идеологиялық тұғырнама. Бүгінде өзінің ұлттық ерекшелігін, дербес кодын сақтаған, сол арқылы әлемдік өркениет жетістіктерін қабылдай білген ел озады. Елбасымыз «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», дейді. Бұл заманда адам капиталына жетер құндылық жоқ. Сол үшін Мемлекет басшысы жастарға, білімге инвестиция салуға ерекше көңіл бөлуде. Енді білім мен ғылымға негізделген экономиканы, пайдалы өндірісті дамытуымыз қажет. Ахаңның – Ахмет Байтұрсыновтың «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген жақсы сөзі бар, – деді қала әкімінің орынбасары.
Сондай-ақ, маңызды шарада Астана қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов, «С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» АҚ басқармасының төрағасы, қалалық мәслихаттың депутаты Ақылбек Күрішбаев, «Цесна-Астық» Кон-
церні» АҚ директоры Илья Мещеряков, д-жиу-джитсу спорт түрінен әлем чемпионы Мөлдір Мекенбаева, «Жас Отан» ЖҚ Астана қалалық филиалының төрағасы Мұхаммед Болысбек сөз алып, Мемлекет басшысының мақаласы жайында өз пікірлерін білдіріп, оны толығымен қолдайтындықтарын жеткізді.
Жиынды Астана әкімі Әсет Исекешев қорытындылады.
– Бүгін Елбасы белгілеген негізгі міндеттер бойынша жақсы ойлар, маңызды ұсыныстар айтылды. Енді, біздің міндет осы айтылған жайттарды жүзеге асыру қажет, – деп нақты дәйектермен келтірді.
Азамат ЕСЕНЖОЛ