• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қазақстан 19 Сәуір, 2017

Келісім – өзара түсіністік кепілі

306 рет
көрсетілді

Оңтүстіктегі чешен-ингуш этномәдени бірлестігі 1995 құрылған. Ассамблеяның алғашқы сессиясына 1995 жылдан қатысып, содан бергі 22 жыл бойында жұмыстан шет қалғаным жоқ. ҚХА-ның алдағы 26 сәуірде өтетін кезекті ХХV сессиясына да өңір делегациясы құрамында бара жатырмын.

Қазақстан халқы Ассам­блеясының XXV сессиясынан күтер жақсылығымыз мол. Заманның ию-қиюы шы­ғып, әлемде түрлі тосын оқиға­лардың орын алып жат­қанын көріп отырмыз. Араб ел­дерінің бірқатары отқа оранып, елі басын сауғалар жер таппай босқынға айналуда. Теңізді кесіп Еуропаға өтеміз деп кеме-қайығымен аудары­лып, суға кетіп жатқандары қаншама. Әсі­ресе, жас сәбилердің өлімі өзекті өртейді.

Тыныштықтың кепіліндей сезінетін Еуропадан да тыныштық кетті. Кешегі ТМД елдерінде де «ә» десе, «мә» деп мыл­тық, шоқпар ала жүгіретіндер көбейіп тұр.

Осындай жағдайда Қазақстанда тұрып жатқаныңа Аллаға мың қайтара шүкіршілік етесің. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген, сарабдал саясатының арқасында біз тағдырдың талай тезінен аман-сау өттік. Бүгінгідей бейбіт өмір сүретін дәрежеге жеттік.

Басқа да репрессияға ұшыраған халық­тар сияқты чешен-ингуш жұрты өлім мен өмір арасында қатты арпалысты. Аш-жалаңаш, азап вагонында ауру тапқан халықты қазақ халқы өз туғанындай кү­тіп алды. Өздері қиындық көрсе де қолын­дағы аз дәмімен бөлісті. Біз мұны еш­қашан ұмытпаймыз.

Былтыр облыстағы «Айғақ» телеарнасы (басшысы облыстық мәслихаттың депутаты Дулат Әбіш бастап) Чешенстанда болды. Өзім маңызды шаруалардан шыға алмағаныммен, түсірген хабарларын бас алмай түгел көрдім. Чешен ақсақалдары қазақ халқынан көрген қайы­рын айтып, көз жастарын сүртіп қояды.

Бір чешен ақсақалының зайыбы қазақ қызы Сәлима Мұхамеджанқызына барып арнайы сәлем берген екен. Ұл-қыздарының орта­сын­да жайнаң қаққан кейуана қазақша сөйлей отырып, кей­бір жайт­тарды чешеншелеп балаларынан сұрап қояды. Разы болдым. Түбі бір мұсыл­манбыз, бізде жаттық жоқ.

Валид Тағаев деген ақын ағамыз бар. Көзі көрмесе де, көкірегі ояу. Сол кісі «Қазақ­станға барғанда аяқтарыңды абай­лап басыңдар, өйткені ол жерде баба­лары­мыздың сүйегі жатыр», дейді. Рас сөз, дұрыс пікір. Чешеннің небір айтулы аза­мат­тары Қазақстаннан қанаттанды.

Чешен-ингуш халқы басқа да халықтар сияқты Қазақстанда мәңгілік тыныштық болғанын қалайды. Елбасының саясатын бірауыздан қолдайды. Қазақстанның әлем­дегі озық дамыған 30 елдің қатарына кіруіне өз қайратымен еңбегін сіңіреді. Өйткені, Қазақстан – біздің қазіргі Отанымыз.

Хасан Бациев,

Оңтүстік Қазақстан облыстық чешен-ингуш этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары, облыстық Ассамблея жанындағы  медиация кабинетінің меңгерушісі

Оңтүстік Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар