• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Жазғы спорт 19 Сәуір, 2017

«Атырау спортында тоқырау жоқ»

341 рет
көрсетілді

Өткен жылы атыраулық спортшылар түрлі дәрежедегі 394 медальға ие болды. Мұнан бөлек, мұнайлы аймақ халқының 25,9 пайызы спортпен шұғылданады. Мектеп жасындағы он үш мыңға жуық жасөспірім бокс, баскетбол, футбол, хоккей, су спорты секілді спорт түрлерінен үйірмелерге қатысады. Кәсіби және бұқаралық спортты дамыту бағытында өңірде өркенді істер бар. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат БЕКЕТПЕН әңгімеміз саладағы жаңалықтар жайында өрбіді.

– Азамат Бауыржанұлы, Қа­зақстан футбол федерациясы шешімімен «Атырау» футбол командасынан тоғыз ұпай алынып тасталды. Бұл спортшылардың ғана емес, жанкүйерлердің де наразылығын тудырған жағ­дай болды. Әңгімемізді осыдан бас­тасақ. Қандай шаралар қолға алынып жатыр?

– Бұл шешім, негізі ФИФА-дан келіп түсті. 2012 жылдан бері жинақталған қарыз негізгі себеп болып отыр. Мұнда мәселенің бәрі республикалық федерация шешімінде көрсетілгендей емес, біздің кінәрат-талабымыз бар. Заңгерлер халықаралық сотта біздің құқығымызды қорғайды. Бұл жағдай команданың көңіл-күйіне, ойын нәтижесіне кері әсерін тигізді. Ұпайларды кері алу үшін барлық мүмкіндіктерді қарас­тырып жатырмыз.

– Жалпы, аймақтағы спорт­тық нысандардың хал-ахуалы қандай жағдайда?

– Атырау облысында 984 спорттық нысан бар. Жыл сайын бұл сан көбейіп келеді. Мысалы, өткен жылы Құрманғазы ауданының Шортанбай, Байда ауыл­дарында, Атырау қаласының маңындағы Қызылбалық, Ақжар елді мекендерінде жаңа спорт кешендері пайдалануға берілді. Облыс орталығында теннис корты ашылды.

Негізі, өңірде спортымыз өрге жылжып келеді. Атырау спортында тоқырау жоқ деп сеніммен айтуға болады.

– Алайда, сол теннис орта­лығы салтанатты түрде ашыл­ға­нымен, бүгінге дейін жұмы­сын бас­тамай тұр. Бұған не себеп?

– Бұрын Атырауда үлкен теннис ойнайтын орын болмады. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай жаңа спорт нысаны бой көтерді. Кешенде сегіз корт бар, оны 300 көрермен бір сәтте тамашалай алады. Қазір тиісті рәсімдер жүргізіліп, құжаттар жасақ­талып жатыр. Бір айдан кейін нысан облыстық басқарма балансына беріледі, жұмыс та сол кезде басталады.

– Байдарка және каноэ есу спорты елімізде тұңғыш рет Атырауда ашылған еді. Қа­зір бұл спорт түрі елеусіздеу қалып барады. Республикалық сайыстар өтпейтін болды, жақ­сы спортшылар кетіп қалды, құрал-жабдықтар жаңар­тыл­маған...

– Иә, олимпиялық спорт түрін дамыту күн тәртібіндегі маңызды мәселе. Бұл бағытта да біраз жұ­мыстарды қолға алып жатырмыз. Қыс мезгілінде жат­тығу­ларды үзбеу үшін бізде мүмкіндік қарастырылмаған, сон­дықтан ескекшілеріміз оқу-жаттығу жиын­дарын Ташкентте өткізуге мәжбүр.

– Биыл Жылыой ауданының Ақкиізтоғай, Шоқпартоғай ауыл­дарында, Жаңа Қаратон ауылында дене шынықтыру-сауық­тыру кешендерінің құры­лысы аяқ­талады екен. Тағы қан­дай жаңа нысандар бой кө­тереді?

– Басты жаңалықтың бірі – дарынды спортшыларға арналған мектеп-интернат салынады. 300 орынға негізделген нысан құрылысы биыл басталады. 200 орындық жатақхана ауылдан келген спортшыларға арналады, қалған жүз орында облыс орталығында тұратын балалар жаттығады. Базада барлық спортпен кәсіби тұрғыда айналысуға мүмкіндік болады. Болашақта чемпиондар ордасына айналады деген үміт  бар.  Атырау қала­сында күрес түрлеріне арналған спорттық кешеннің де құрылысы басталады. Қалаға қарасты ауыл­дық округтер аума­ғында кросс-фит және күрес түрлерімен шұғыл­дануға арналған жедел құрастырмалы спорттық залдар құрылысын жүргізу жоспарда бар.

– Алдағы уақытта облыс аумағында қандай жарыстар өтеді?

– 19 сәуірде таэквондодан тұңғыш рет жастар арасында Азия чемпионаты Жайық жағасында ұйымдастырылады. Еркін, грек-рим күресі, әйелдер күресінің Қазақстанның жастар ойындары, бокстан Исатай-Махамбет атын­дағы халықаралық жарыс, тоғызқұмалақтан жастар ара­сындағы ел кубогы, джиу-джитсудан республикалық жастар ойындары, дзюдодан ел чемпионаты болады. «Ақбидай» ауыл спорты ойындарының облыстық спартакиадасы да шілде айында өтеді деген жоспар бар.

Әңгімелескен 

Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан» АТЫРАУ

Соңғы жаңалықтар