• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Футбол 19 Сәуір, 2017

Көш тізгінін «Астана» алды

180 рет
көрсетілді

Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан чемпио­натының турнир кестесі тур өткен сайын түрленіп келеді. Біріншілікті кібіртіктеп баяу бастаған «Астана» бауырын жазып, бесінші жеңісіне қол жеткізді. Сөйтті де, топ басына шықты. Жетінші турда теміржолшылар «Оқжетпес» қақпасының алдын ойран қылды.

Сырт алаңда жауапсыз үш доп соғып, айдарынан жел ескен елордалық клубтың ерлігін Алматыда «Қайрат» та қайталады. Кахабер Цхададзе шәкірттері аяқдоп аламаны басталғалы топ басындағылардың жуан ортасында жүрген «Ордабасы» клубын 3:0 есебімен ойсырата ұтты. Сөйтіп, алматылық клуб үздік үштіктің ішінен ойып орын алды.

Бұл турға дейін топ бастап келе жатқан «Ертіс» өз алаңында «Қайсармен» ұпай бөлісуге мәж­бүр болды. Павлодарлықтар матчтың 83-ші минутында есеп ашқанымен, ойынның соңына дейін табандылық таныта алмады. Жеңістің жалынан ұстатпағаны өз алдына, көш тізгіні де уыстан сусып кетті. Ал, біріншілікте біразға дейін топ бастаған «Дала қасқырлары» болса, сырғып-сырғып, турнир кестесінің белор­тасына түсті...

Турнир кестесіндегі көршілер «Тараз» бен «Ақжайық» бұл жолы бет жыртыспай, 0:0 есебімен тең тарқасты.

Көш соңындағы «Шахтердің» ширайтын түрі көрінбейді. Кен­шілер бұл жолы «Тобылды» қабылдап, тағы да тең түсті. Есеп – 1:1. Қазір чемпионатта жеңіске жетпеген екі команда болса, соның бірі осы – «Шахтер». Оның үстіне, қарағандылықтар өз қақпасына голды ең көп жіберген көңілшек клуб. Команда әр ойынға шаққанда орташа есеппен екі доптан жіберіп отыр.

Жетінші турда «Ақтөбе» мен «Атырау» арасындағы ойын ке­йінге шегерілді. Себеп – Ақтө­бедегі стадион мен қосалқы алаң ойын өткізуге әзірше дайын емес екен.

Жетінші турда ойналған матч­тардың нәтижесі мынадай болып аяқталды:

«Шахтер» – «Тобыл» – 1:1 (0:1), Скорых, 45+2 – өзінің қақ­па­сына (0:1). Тәжімбетов, 48 (1:1). «Оқ­жет­пес» – «Астана» – 0:3 (0:0), Му­жиков, 61 (0:1). Гра­хо­вац, 64 – пенальтиден (0:2). Мұртазаев, 79 (0:3). «Қай­сар» – «Ертіс» – 1:1 (0:0), Родриго, 83 (0:1). Нти­базонкиза, 86 (1:1). «Та­раз» – «Ақжайық» – 0:0 (0:0). «Қайрат» – «Ордабасы» – 3:0 (2:0), Исламхан, 6 (1:0). Гоу, 43 (2:0). Иличевич, 70 (3:0). «Актөбе» – «Атырау», ойын кейінге шегерілді.

Сұрмергендер арасындағы сында Жерар Гоу («Қайрат») жеті голмен алда келеді. Екінші орындағы Алексей Щеткиннің («Тобыл») еншісінде төрт гол бар.

23 сәуір күні өтетін 8-ші турда командалар былайша жұп құрап, өзара күш сынасады:

«Ордабасы» – «Тобыл», «Ер­­тіс» – «Қайрат», «Ак­жа­йық» – «Қай­сар», «Аста­на» – «Тараз», «Аты­рау» – «Оқжетпес», «Ақ­тө­бе» – «Шах­­тер».

Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар