Бұл павильонда ТМД мемлекеттерінің өнерінің озық үлгілерін топтастырған «Garage» атты бүгінгі заман өнері орталығының және «Grand Palais» атты Франция ұлттық музейі бірлестігінің жетістіктері паш етілмек. Ол туралы ЭКСПО-ның жаңа медиа орталығында осы Арт-орталықтың ашылуына арналған тұсаукесерде «Астана ЭКСПО-2017» компаниясының контент және шаралар ұйымдастыру департаментінің директоры Марат Омаров баяндады.
ЭКСПО Арт-орталығы екі қабатты ғимараттан тұрады. Мұнда шаралар негізінен – ағарту және мәдениет бағыты бойынша жүргізіледі. Орталықтың бірінші қабатында кинозал, шығармашылық шеберханалар, көрме қойылымдары, Қазақстанның 12 жас суретшісіне арналған «Жаңа медиа» атты зертхана жұмыс істейтін болады. Екінші қабатта «Grand Palais» атты Франция ұлттық музейі бірлестігі шеберлерінің өнер туындылары орналастырылмақ.
«Арт-орталықтың екінші қабатында 13 мемлекеттен келген 17 суретші өздерінің өнерпаз роботтарын көрсетеді. Бұл роботтар көрмеге келушілердің көз алдында әртүрлі аспаптар мен неше түрлі өнер туындыларын жасайтын болады. Мәселен, бойы 4 метрге жететін Кука атты робот тұтас кесек тастардан көз жауын алатын неше түрлі мүсіндерді жасайды», деді департамент директоры Марат Омаров өз сөзінде.
Оның айтуы бойынша, ЭКСПО-2017 қалашығындағы Арт –орталықтың жұмысын бір сағатта 400-ге жуық адам тамашалауға тиіс. Сөйтіп, Астанада көрме жалауы желбірейтін 93 күннің ішінде бұл орталыққа 432 мың адам келеді деп күтілуде. Орталық 4 жастан асқан балалардан бастап ересектерге дейінгі көрермендердің сұранысын толық қанағаттандыруды жоспарлап отыр.
Әлем жұртшылығы 2019 жылы ғана танысуға мүмкіндік алатын роботтар ЭКСПО-2017 көрмесінің аясында осы Арт-орталыққа келушілерге алғаш таныстырылады.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»