Қазақ деген қасиетті халыққа тән ұлттық үрдісті ұлықтау қажеттілігін Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды», деп көрегендікпен дәл айта білген. Әлемдік үрдістен оқшау өмір сүре алмайтындықтан, өзгеріп жатқан дүниеге орай, жан-жақты болу – уақыт талабы. Ұрпақтарымызды дәстүрлі құндылықтармен сусындатып, өркениет көшінен қалдырмай, бүгінгі бәсекелі кезеңнің қатаң талаптарына сай тәрбиелеу үшін сананың саралығы қажет.
Ел мен ұлтқа, қоғам мен отбасына тұлға болатын қайраткерлерді қалыптастыру – ұлттық жаңашыл тәрбиемен, ізденімпаз еңбекқорлықпен, өлшеусіз тер төгумен келетін жеңіс. Иісі қазақтың қазіргі басты міндеті – ұрпақтарын отбасында ұлттық рухта тәрбиелеп, құрыштай шынықтыру. Сондықтан жас ұрпаққа білім ғана емес, саналы тәрбие беруге ден қойып, жанқиярлықпен күресу – әрбір есті азаматтың парызы.
Елбасы: «Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек», деп ұлттық санамызды қайта жаңғыртып, қазақтың тағдырын алдыңғы орынға шығарып, кезек күттірмейтін ұлттық құндылықтарды ұлықтауға үндейді.
Кісілік ниет, адал ықылас болса, күрмеуі қиын, күрделі түйінді шешудің де жолы бар. Қазақ халқы – Ұлы Даланың ұлық мұрагерлері! Сондықтан пайдасыз даңғазалықтан бас тартып, ұрпағымыздың жарқын келешегі үшін ұлағаты зор, нәтижесі мол істерді ыждағаттылықпен жүзеге асыратын кезеңде бойкүйездік пен самарқаулыққа жол беруге болмайды.
Ортаймайтын қазына – иманды, көргенді ұрпақ. Дәстүрге адал, парыз бен қарыздың салмағын, құндылықтардың құнын білетін жасампаз ұрпақ тәрбиелеу – халқымыздың келешегіне қызмет ету деген сөз. «...өзгелердің тәжірибесін алып, ең озық жетістіктерін бойға сіңіру мүмкіндігі. Азиядағы екі ұлы держава – Жапония мен Қытайдың бүгінгі келбеті – осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланудың нағыз үлгісі», деген Елбасы өзгеге көзсіз еліктеуді емес, «өзгелердің ең озық жетістіктерін бойға сіңіру» қажеттілігін айта отырып, санамызды жаңғыртып, уақыт көшінен қалып кетпеуді меңзейді.
Ендігі ұлы мақсат – иманды да еңбекқор халқы бар, бәсекеге қабілетті, экономикасы дамыған, тегеурінді мемлекет қана ешкімге дес бермейтінін ұрпақ санасына құйып, ұлттық құндылықтармен құнарландыру.
Адами абзал қасиеттер туралы өлмес ойлар айтқан ұлы Абай: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» десе, Мұстафа Шоқай «ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігінің болуы мүмкін емес» деген қанатты қағидаларымен асқақ рухты ұрпақ қана ел келешегінің кепілі бола алатынын меңзейді.
Қайсар бабаларымыздың ғасырлар бойғы күресімен келген еліміздің басты құндылығы тәуелсіздікті баянды ету, ұрпағымыздың санасына рухани құндылықтардың баға жетпес қасиетін сіңіру – еліміздегі әрбір азаматтың парасатты парызы.
Елбасының «Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын», деген риясыз ықыласын жастарға түсіндіріп, өскелең ұрпақтың санасына ұлттық құндылықтарды терең сіңіруге әрқайсымыз атсалысуымыз керек.
Бақытжан Ертаев,
Парламент Мәжілісінің депутаты