«Көрме ашылмастан бір ай бұрын кеңсе ғимаратында қауіпсіздікті қамтамасыз ету орталығы өз жұмысын бастайды, бұл орталықпен ІІМ-де құрылған ведомствоаралық жұмыс тобы тығыз байланыс жасап, көрме барысында туындаған мәселелерді тікелей шешіп отыратын болады. ЭКСПО аумағында полиция бөлімі, ал көрме ауданында өрт сөндіру депосы құрылды, сондай-ақ Астана әуежайында және жаңа темір жол вокзалында желілік полиция бөлімі жұмыс істейді. Қоғамдық тәртіпті күзетуге 5 мыңнан астам қызметкер тартылады. Соның ішінде 3300-і әскери қызметкер, ІІМ оқу орындарының 500 курсанты және офицері, сонымен бірге жеке күзет ұйымдарының 630 қызметкері және еліміздегі ЖОО-ның шет тілін еркін меңгерген 174 студенті бар. Бұл құрылымдардың барлығы қауіпсіздікті сақтау және тексеру жүргізу бойынша, сондай-ақ ағылшын тілінен арнайы оқу курсынан өткен. Бұған қоса Астана қалалық ІІД-нің шет тілін білетін 200 қызметкері іріктеліп, әрбір ЭКСПО нысанына бекітілді. Астана қаласы ТЖД-ның 100 шақты қызметкері, 11 техникалық бірлік және 5 тікұшақ төтенше жағдайларды ескерту және өрт қауіпсіздігінің алдын алу бойынша арнайы топтың құрамына енді. Астана қаласындағы әуежайда және бірыңғай қызмет көрсету орталығында көші-қон шараларынан өту үшін көрмеде көші-қон қызметінің бекеттері ұйымдастырылады», деді Талғат Мұсақанов.
Сонымен қатар, спикер қауіпсіздік шараларының жан-жақты пысықталып жатқанын алға тартты. Және 1 маусымнан бастап көрме аяқталғанша ішкі істер органдарының жеке құрамы күшейтілген қызмет кестесіне көшіріледі.
Рауан Қайдар,
«Егемен Қазақстан»