Біріншіден, бұл – өмір талабы, заманның өзі туғызып отырған қажеттілік. Біз қазір өте тез, көз ілеспес жылдамдықпен өтіп жатқан технология ғасырында өмір сүріп отырмыз. Сонау ХХ ғасырдың басында Алаш ардақтысы Міржақып Дулатұлы Санкт-Петерборда шыққан «Серке» газетінде «Оян, қазақ!» деп жар салса, Тәуелсіздік жылдарында «Ойлан, қазақ!» деген ұран көтерілді. Енді Елбасы: «Іске кіріс!» – деп отыр.
Әлемдік жаһандану үрдісінде төтеп беру мақсатында өз халқымыздың ұлттық кодын сақтап қалу үшін не істеуіміз керектігі көрсетіледі. Ол үшін ұлтымыздың бойындағы зиянды әдеттерден арылып, біртұтас халық ретінде салт-дәстүріміздің, өмір сүру менталитетіміздің озық үлгілерін ұрпақ бойына сіңіруіміз керек. Ұлы ойшыл Абай бабамыз айтып кеткен «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» секілді залалды істерден арылуы-
мыз қажет, ал «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым» сияқты асыл қасиеттерді барынша әркім өз бойына сіңіру керек. Алдымен әр қазақ баласы осы деңгейден көрінсе, сонда ғана біз ұлттық мемлекет ретінде сақталып қала аламыз. Елбасы айтқандай: «Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес».
Мемлекет басшысы жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекеге қабілетті болу керектігіне баса назар аударып отыр. Ең бастысы, Елбасының: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», деген ойлары біздің бойымызға тың күш сіңіреді, серпін береді. Тәуелсіздік жылдары руханият саласында «Мәдени мұра», «Халық – тарих толқынында» сияқты қыруар жемістерін берген бағдарламалар жүзеге асты. Соның нәтижесінде, біршама деңгейде жетістіктерге жеттік. Енді сол жеткен жерімізде тоқтап қалмай, біртұтас ұлттық рухани жаңғыруға аяқ бастық.
Назар аударарлық үлкен мәселенің бірі – Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы керектігі. Бұл енді арғы-бергі тарихымыздағы сабақ ала келе жасалған байлам. Біз өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды сақтай отырып, дамыған үстіне дами беруіміз керек.
«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасы да қуантатын жағдай. Осы ретте айта кететін мәселе – қазақ тілі, қазақ әдебиеті, қазақ тарихы, қазақ журналистикасының негіздері туралы оқулықтар өзіміздің төл ғылымымыздың бұрынғы-соңғы жетістіктері негізінде даярлануы керек.
Жаңадан құрылатын Ұлттық аударма бюросы тек шетелдік таңдаулы оқулықтарды аударумен ғана шектеліп қалмай, қазақ әдебиетінің таңдаулы шығармаларын әлемдік тілдерге тәржімалау ісімен де айналысуы керек. Бір жылдары Қазақстан Жазушылар Одағы жанынан құрылған Аударма коллегиясының жұмысын қайта жандандыру кезек күттірмейтін мәселе.
«Туған жер» бағдарламасының да жас ұрпақты жерді, елді сүюге тәрбиелейтіндігіне еш күмән жоқ.
Қоғамымызға рухани саладағы жаңа өзгерістер мен тың серпілістер әкелетін Елбасы мақаласында көрсетілген мәселелердің шешімін табу үшін әрқайсымыз өз үлесімізді қосатын күн туды.
...Тәуелсіздігімнің күн санап асқақтап әні,
Нұрлы болашаққа рухымыз бастап барады!
Бауыржан ЖАҚЫП,
Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, ғалым