• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
26 Сәуір, 2017

Ұлттарды ұйыстырудың ұтымды үлгісі

456 рет
көрсетілді

1995 жылғы 1 наурызда Мемле­кет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлыққа қол қойды. Сөйтіп, Президент жанынан басты міндеті мемлекет пен азаматтық қоғам институттары арасындағы әріптестік негізінде этностар мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету, тиімді этносаралық іс-қимыл жүргізу, біртұтас саяси, құқықтық, мәдени орта қалыптастыру болып белгіленген жаңа консультативті-кеңесші орган құрылды.

Осы орайда ерекше атап көрсететін жайт – еліміз тәуелсіздігін алғалы бері ешбір этносаралық немесе дінаралық араздыққа жол берілген жоқ. Қазақстанда тұрып жатқан барша этнос өкілдерінің теңдей мүмкіндіктері мен құқықтарының қамтамасыз етілуі олардың өз болашағына деген сенімдерін нығайтты. Бұған, бірінші кезекте, мемлекеттің ұлттық саясатты дұрыс бағытта жүргізіп келе жатқандығы оң ықпалын тигізіп отыр.

Қазақстанның этносаралық саясаты халықаралық қоғамдастық тарапынан жоғары бағасын алып та үлгерді. Әрине, оның астарында зайырлы мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі мен азаматтарын қазіргі заман талабына сай қалыптастырудағы рөліне, сондай-ақ, елімізде тұратын барша халыққа қатысты ішкі саясатының дұрыстығына деген дұрыс көзқарас жатқаны анық.  Жалпы, Қазақстан айналасындағы мемлекеттермен де тату көршілік қарым-қатынас орнат­қан. Сол сияқты, Батыс пен Шығыс ара­сындағы өркениеттер үнқа­ты­суына өзіндік үлесін қосып келеді.

Сонымен қатар, еліміз әлемде бейбітшілік пен түсіністік қалып­тастыру бағытында да өзіндік ұтымды ұсыныстарымен және бағалы бастамаларымен ерекшеленеді. БҰҰ-ның экс-Бас хатшысы Пан Ги Мун елімізге жасаған сапары барысында Қазақ­стан халқы Ассамблеясы қызметінің қағи­даты БҰҰ жұмысымен сәйкес келетінін Отанымыздағы бейбіт өмірді көзімен көріп, көңілі толған соң айтса керек.

Жалпы, Қазақстан ТМД-ға мүше мемлекеттер ішінде алғаш болып керемет институт – Қазақстан халқы Ассамб­леясын құрды. Мұның ұтқыр шешім болғаны анық. Соның арқасында этнос­аралық және дінаралық келісімді нығайтуға бағытталған полиэтностық қоғамның қазақстандық моделі қалып­тасты. Ал 2007 жылдың мамыры­нан бастап Парламент бірқатар конс­ти­тутциялық өзгерістер енгізіп, Мәжіліс депутаттарының санын 107 адамға көбейтсе, соның 9-ы Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланатын болып шешілді.

Әрине, мұның өзі Ассамблея рөлін барынша арттыра түсті. Сондай-ақ, 2008 жылдың 20 қазанында қабылданған «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заң да этносаралық қатынас­тар саласындағы азаматтық институттар мен мемлекеттің тиімді өзара ықпалдастығын арттырып, еліміздегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты қам­тамасыз етуге үлес қосты және мемле­кеттің ұлттық саясатын жүзеге асыру мен Ассамблея жұмысын ұйым­дас­тыруда үлкен жетістіктерге қол жеткізуге мүмкіндік берді.

Ассамблея мақсатының өзі баршаны қазақ халқының айналасы­на топтастыра отырып, қазақстан­дық патриотизмді қалыптастыру ғой. Бұл жерде бастысы, халқымыздың азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру жолымен ұлтты бәсекеге қабілетті ету десек, осы орайда елімізде тұрып жат­қан жүзден астам этнос өкілдерінің Қазақ­станды өз Отандары санап, еліміз­де ұлтаралық түсіністік саясатын ұстанулары аса маңызды.  

Қоғамымыздың құндылықтары мен қағидаттарына негізделген Ел бірлігі доктринасы 2010 жылы сәуірде, осыдан тура жеті жыл бұрын қабылданған болатын. Бұл – болашаққа бірігіп ұмтылуға серпін қосатын маңызы бар құжат десек, сол ұтымды ұмтылыс арқылы біз Мәңгілік Елдің іргетасын қазірден қалап жатқанымызды айқын сезінудеміз.

Қорыта айтқанда, қазақта «Ырыс алды − ынтымақ» немесе «Бірлік бар жерде тірлік бар» деп халықты татулық пен бірлікке шақыратын мағыналық маңызы жоғары сөздер бар. Ендеше, сол бірлік пен тірлігіміз жарасым тауып жатса, ешкім де бізді сырттан келіп бүлдіре алмайды. Яғни, іштей ынтымағы жарасқан елді ешбір сыртқы жау жеңе алмаса керек. Сондықтан бізді елдік идея­сы біріктіріп, ортақ құндылықтар жұдырықша жұмылдыра беруі тиіс деп пайымдаймыз.

Самат МҰСА,

«Егемен Қазақстан»