Бүгінде жасы жетпістен асып кеткенмен, өңін бере қоймаған, оның үстіне әлі де ширақ осы бір елгезек жанды бүкіл семейліктер жақсы біледі және құрмет тұтады десек, артық айтқандық емес. Өзі де елдің бәрін дерлік жете таниды. Оған көпшіл мінезімен бірге, журналистік мамандығы, үлкен ортада ұзақ жыл жемісті қызмет атқарғандығы да себеп болған шығар. Ал егер соның бәрін басынан бастап айтар болсақ...
Адамның басы Алланың добы деген ұғым бар ғой. Кейде оны басқа мағынада – туғанда маңдайыңа не жазылса, соны көресің деп жатамыз. Қалай болғанда да, Чувашия автономиялы республикасының бір түкпірінде өмірге есік ашқан Володяның кәмелеттік жасқа толып, азаматтық борышын өтегеннен кейін Қазақстанға келіп, осында тұрақтап қалғаны өзінше бір тарих, алланың ұйғарымы, тағдыр сыйы.
Мектепті бітірген соң бозбала Ростов облысына барып, сондағы Шахты қаласында шахтер болып еңбек жолын бастаған. Ал екі жылдан соң Севастополь, Симферополь, Одесса жағында әскер қатарында болып, одан әрі шынығып, шыңдала түскен. Бұл – Хрущевтің билік құрып тұрған кезі. Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игеру де, ғарышқа жол салу да дәл осы тұста дүркіреп басталып кеткен.
Сол дүрмекпен 1961 жылдың желтоқсан айының соңында барлығы он үш адамнан тұратын десант Жалғызтөбе стансасына келіп түседі. Бұлар сонау Одессадан Өзбекстан, Қырғызстан арқылы пәлен күн жүріп жеткен болатын. Жолай тың игеруге ниет білдірген жауынгерлер топ-тобымен әр стансадан түсіп қалып жатты.
Оларды қайдам, Жалғызтөбеге келіп түскен бұлардың көңілі әп-сәтте сабынша іріп, бұзыла берген. Өйткені, оның себебі де жоқ емес-ті. Яғни, Жалғызтөбеңіз – қыс түгілі жазда азынаған желі бір басылмайтын табиғаты қолайсыз-ақ жер. Ал жаңағы бар-жоғы он үш-ақ адам жеті ұлттың өкілі болатын. Оның үстіне біреуі аязы қақаған солтүстіктен болса, екіншісі аптап ыстығы шеке тырыстырған оңтүстіктен дегендей әр жақтан еді. Сондықтан жылы жақтың түлектері есіміз барда елімізді табайық деп турасына көшкен. «Әскери бөліммен қоштасып, тың игеруге аттанғалы жатқанда Баянауыл туралы деректі фильмді көрген едік. Сол себептен Қазақстанды жұмақ деп келген баршамыздың расында абдырап сасып қалғанымыз рас», – деп еске алады бүгінде Владимир Николаевич.
Бірақ әлгі десант жетекшісі ретінде бұл алдымен есін жиып, есті сөз бастайды, ширақтық танытып, жолдан келген жауынгерлердің жылынып, тамақтануына жағдай жасайды. Одан кейін де қарап тұрмай, өмірлік жан серігіндей баянын қолға алып, сол тұста елдің аузынан түспейтін тың игерушілер әндерін бірінен кейін бірін сызылтады. Ақыры қойшы, алғашқы қиындықтан жастық жігер, романтикалық көңіл-күй басым түседі. Сөйтіп, бұлар Көкпектіге келіп жетеді.
Мұнда кең профильді механизаторлар дайындайтын училищеде қалай оқығандары өзінше бір тарих. Айталық, жергілікті қыздар әскери міндетін атқарып келген, ақыл тоқтата бастаған жігіттерді оң көрсе, бұл жергілікті жігіттерге қайтіп ұнасын. Солайша училище маңы әлсін әлі төбелес ошағына айналып жататыны да өтірік емес-тін. Бірде кешегі жауынгерлердің бірін жергілікті жастар сабап кетеді. Ал бұлар болса, қарымта қайтарамыз деп жүріп өздеріне сабақ беретін шеберді қалайша соққыға жыққандарын өздері де аңдамай қалады. Әлгіндей жанжал соңы осылайша ушығып барып басылады.
Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше демекші, Владимир біртіндеп жергілікті халықтың сүйіктісіне айнала бастайды. Оған мұның ашықтығымен бірге, қолынан түспейтін баяны мен фотоаппараты бірден-бір себеп болады. Соның нәтижесінде, мұндағы той-томалақ ендігі жерде мұнсыз өтпейді. Осы тұста ол Беларуссия жағынан тың игеруге келген поляк қызы Евгениямен бас құрайды.
Сөз басында Владимир Николаевичтің мамандығы журналист дедік қой. Бұл оның жүрек қалауымен таңдаған мамандығы болатын. Олай дейтініміз, мектепте қабырға газетінің редакторы болса, әскер қатарында жүргенде армия, тіпті округтік газеттерге фотосуреттері мен мақалалары әлсін әлі шығып жататын. Сол әдетінен мұнда келген соң да танбаған. Яғни, тың игере жүріп, мақалалары аудандық, облыстық басылымдарда жарық көріп жатты. Бірде, тіпті, сын мақаласы «Ара-Шмель» журналында басылғаны бар. Соның нәтижесінде, ауыл клубы қатарға қосылған. Кей бастықтарға мұнысы ұнамағанмен, жергілікті халықтан алғыс алған.
Сөйте жүріп арада екі жыл өтпей жатып аудандық газеттің фототілшісі болып іске кіріскен. Көкпекті қайтадан өз алдына аудан болып ашылғанда аудандық газеттің редакторы болып кейінде генерал шеніне дейін көтерілген, бүгінде есімі республика жұртшылығына кеңінен танымал азамат Мұрат Қалматаев тағайындалған. Бастапқыда осы кісінің қарамағында фототілші болып журналистік еңбек жолын бастаған бұл одан соң ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары болып қызмет атқарды.
Ал одан кейін аудандық партия комитетінің жалпы бөлімін басқарды. Сөйте жүріп, КОКП Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебін сырттай оқып бітіреді. Ал 1978 жылы облыстық партия комитетіне нұсқаушы болып қызметке шақырылған. Арада үш ай өтпей жатып обкомның үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып бекітілген. Содан партия тарағанша обкомның үш бірінші хатшысының қол астында қызмет етеді.
Солардың ішінен ол марқұм Кешірім Бозтаевтың есімін құрметпен бөле-жара атай кетуді ешқашан ұмытқан емес. Семей атом полигонын жабу жөнінде одақтық әскери ведомствомен ашық түрде айқасып, тіпті онымен де шектелмей, Бас хатшы М.Горбачевтің атына шифрлі жеделхат салудан да тайынбаған, кейінде «Қайнар синдромы» деген атпен екі тілде деректі кітап жазған ержүрек ағаның аты ұмытылмауы тиіс, дейді ол. Владимир Николаевич солай дей келіп, сол тұстағы бітіспес күресті айғақтайтын құжаттарды дайындауға өзінің де қатысы болғанын және соның бәрі өзінде сақтаулы тұрғанын толқи отырып сөз еткен. Бұдан кейін ол Кешірім Бозтайұлының атом аждаһасын тұншықтыру жөніндегі жанкешті шайқаста, ең алдымен, сол кезегі Үкімет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың беделіне сүйенгенін дәлел келтіре отырып баяндайды.
Сол тұста жақсылар мен жайсаңдардың қасынан табылған біздің кейіпкеріміз еліміздің Тұңғыш Президенті туралы өзі куә болған жарқын мысалдар туралы айта кетуді де ұмытпаған. «1991 жылдың күзінде Елбасымыз Семейге келді. Сол жолғы сапарында Мемлекет басшысы «Казахкабель» кәсіпорнына барды, – дейді ол. – Сонда еркін жағдайдағы жүздесуде сөз алған бір орыс келіншегі Елбасымыздың ішкі және сыртқы саясаттағы бағытын, соның ішінде ұлтаралық саясаттағы ұстанымдарын қызу құптайтындығын айта келіп, ешкімнің де ешқайда кетуге жиналып отырмағандығын мәлімдеді. Елбасы соған орай өзі үшін ұлтаралық келісім негізгі құндылықтардың бірі болып табылатындығын және еліміздегі достық кемесін ешкімнің шайқалтуына жол бермейтіндігін ресми түрде айтты. Ал содан кейін жүн өңдеу фабрикасында болған кездесуде еліміздің нарыққа бет алып бара жатқанын атап көрсете келіп, сауда жасауды үйреніңіздер, бірінші қабаттағы үйлеріңізді асхана, буфет, яки дүкенге айналдырыңыздар, деді. Бұл енді Елбасымыздың көрегендігі емес пе!»
Владимир Николаевич соңғы 13-14 жылдан бері Парламент Мәжілісінің депутаты Ержан Рахметовтің Семейдегі өкілдігінің жетекшісі ретінде жемісті еңбек етіп келеді. Ержан Оразұлы Семей атом полигонының зардаптарын жою, осы өңірдегі әлемде сирек кездесетін қарағайлы орман алқабын сақтап қалу, жалпы экология мәселесі, Семейде салынып жатқан мешіт құрылысына қол созып, қамқорлық танытудан шет қалмай отырса, соның бір жағында мұның да жүргені анық.
Сөз соңында кейіпкеріміз бір сәт мұңайып отырып қалған. Чувашиядағы әке-шешесі де бүгінде о дүниелік болып кетіпті. Әкесі Брест қамалын қорғауға қатысқан екен. Ол енді өмір заңы. Ал Чувашияда ана тілінің жойылып бара жатқаны ащы шындық. Қазірде бұл тіл мектептерде ана тілі ретінде ғана оқытылады екен. Қазақстандағы жағдай тіптен де басқаша. Айталық, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі бұған чуваш этномәдени бірлестігін ашу жөнінде ұсыныс айтып жүргелі қашан. Оған адам саны тіптен де аз болып тұрған көрінеді.
Осылай деп қайта серпілген Владимир Николаевич жұбайы Евгения Матвеевна екеуінің бұл күнде екі ұл, бір қыздан алты немере сүйіп отырған бақытты ата-әже екендіктерін аса бір қуанышпен мәлімдеген. Міне, бақытын Қазақстаннан тапқан біздің кейіпкеріміз осындай жан.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.
Семей.