Басқосуда Мемлекеттік қызмет саласындағы Астана өңірлік хабы Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов бүгінгі таңда өңірлік хабты жаһандық алаң деуге болатынын жеткізді.
– Жаһандану мен ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мемлекеттік қызметті дамытуда жаңа сынақтарды алға қойып отыр. Түптеп келгенде, мемлекеттік органдар бәсекелестік ортада жұмыс істей бастады. Осындай жағдайда шет мемлекеттермен арадағы әріптестік байланыс – уақыт талаптарына лайықты жауап іздеуге маңызды құрал болады. Бұл біздің ұйым ретінде өсіп-өркендеп келе жатқанымыздың көрінісі. Шет мемлекеттердің тиісті ұйымдарымен серіктестігіміз тереңдеп келеді. Хабты өңірлік деп атасақ та, іс жүзінде ол өңірлік ауқымнан шығып, жаһандық алаңға айналды, – деді ол.
Біріккен Ұлттар Ұйымы алдағы уақытта Қазақстанның мемлекеттік қызмет саласындағы тәжірибесін басқа елдерге ұсынуға ниетті. Бұл туралы БҰҰ Бас хатшысының Оңтүстік-Оңтүстік ынтымақтастығы жөніндегі өкілі Хорхе Чедиек айтты. Астана өңірлік хабы Басқарушы комитетінің төрағасымен арадағы ынтымақтастық туралы хат алмасу рәсімінен кейінгі сөзінде Хорхе Чедиек:
– БҰҰ Оңтүстік-Оңтүстік ынтымақтастығы жөніндегі басқармасы Қазақстанның жинаған тәжірибесін басқа өңірлерге таратуға ниетті. Бүгінгі таңда дүние жүзінде мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқарудың рөлі үздіксіз өсіп келеді. Себебі, жаңа жаһандық, аймақтық мәселелердің шешімі мемлекеттік қызметпен және мемлекеттік басқарудың сапасымен тікелей байланысты, – деді.
Конференция барысында сөз алған Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев Өңірлік хабты Қазақстан мен БҰҰ арасындағы жемісті әрі табысты ынтымақтастықтың айқын мысалдарының бірі деп бағалады. Оның айтуынша, хаб халықтың сұранысына жауап беретін тиімді мемлекеттік тетіктің маңызды бөлшегі болып табылады. Ол «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында айтылған кәсіби мемлекеттік қызметті қалыптастыруға да игі ықпалын тигізеді.
Мемлекеттік қызмет саласындағы Астана өңірлік хабы 2013 жылы ел Үкіметінің бастамасымен және БҰҰ Даму бағдарламасына орай құрылған болатын.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»