• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
02 Мамыр, 2017

​Күйзеліс – күй кетіретін дерт

885 рет
көрсетілді

«Аш бала тоқ баламен ойна­май­ды, тоқ бала аш болам деп ой­ламайды», дейді халық тәм­сі­лі. Алайда, бұл жерде біз сіз ойла­ғандай аш­тық туралы айтқа­лы отырған жоқпыз. Әңгіме бас­қа. Әңгіме осы нақылдың мағынасында.

Адам болған соң оның бәрі тоқ болуға ұмтылатыны сөзсіз. Бірақ байлық пен кедейшілік, күшті мен әлсіз, арам мен адалдық, қуаныш пен қасірет, ақ пен қара жарысқан мына заманда адамның алаңсыз күй кеше алуы мүмкін бе? Әрине, жоқ. Өйткені, соның салдарынан адамдарда түрлі психологиялық көңіл күй пайда болады. Оған нақты мысал, қа­зіргі жастарымыздың арасында бой­күйездік, күйгелектік, ашушаңдық, мен­мендік, уайымшылдық пен қаты­гездік белең алып барады. Ал аны­­ғын­да, мұның бәрі адамның өмір сүру барысында кездесетін ке­лең­сіз­дік­терден пайда болатын пси­хо­ло­гия­лық дерт көрінеді.

Мұндай психологиялық жағдай тектен-текке пайда болмайды. Әрине, адамды күйзеліске түсіретін күнделікті күйбең тіршіліктің тауқыметі аз емес қой. Дегенмен, ең басты себеп адамдар арасындағы қарым-қатынас. Себебі, қоғамда небір қиыншылықты бастан кешіп, шыныққан тәжірибелі адамдардың өзіне аяқтан шалу мен көреалмаушылық қақпаны құрылып жатқанда, өмірге енді араласып, оң мен солын әлі танымаған жастарды сүріндіру деген қиын емес. 

Қолында билігі барлардың ойланбай айтқан бір ауыз сөзінен, зерделенбеген теріс шешімінен, өзім білемін деп өзеуреген қатыгез әрекетінен талай жандар қиын жағдайға тап болатыны бар. Сол қиын жағдайлардан жазықсыз жанның жаны күйіп, көкірегі шерге толады. Ал мұндай жағдайға ұшыраған жастар күйзеліске түседі. Сөйтіп, депрессияға, яғни, күйзеліске тап болған жан ауру біткенге есік ашады.

Елбасы халыққа арнаған Жолдау­ларын­да ұлт денсаулығы жөнінде аз айтқан жоқ. Ал ұлт денсаулығы осы қоғамдық ортаға тікелей байланысты болып қала бермек. Егер әр мекемедегі ұжым арасындағы саламатты қарым-қатынас, адамдардың бір-біріне деген ниеті, көзқарасы дұрыс болмаса, ол ахуал міндетті түрде кез келген жанға теріс әсер етуі әбден мүмкін. Осыдан келіп жастар бойында жалғызсырау, жабығу, торығу, ақыры, түбегейлі құлдырау үдерісі басталады. Міне, осы жағдайды латын тілінде «депрессия» дейді. Оның салдары адамның өмірге қызығушылығын төмендетеді, көңіл күйді бұзады, жағымсыз ойларға жетелейді, белсенділігін, бар қабілет-қарымын жоғалтады.

Мұндай жаман дерт біздің ел үшін керек пе? Әрине, жоқ. Бірақ, өкі­ніш­ке қарай, Қазақстан күйзеліске ұшы­рай­тын адамдар саны жағынан алғанда алдыңғы қатарда тұр екен.

Осындай қамығу, күйзелу сал­дарының соңы адамды өз-өзіне қол жұм­сауға итермелейтіні айтпаса да тү­сінікті. Демек, суицид жағынан да көш басында неліктен, не себепті тұр­­ғанымызды ескеріп қойған артық бол­­майды. Өйткені, халқының саны 18 миллионға жуықтаған еліміз үшін бар­лық тұрғынның 10 пайызынан астамы жан күйзелісіне ұшырауының өзі біраз жайтты аңғартады.

Күйзеліске түскен адамның кү­йі кететіні анық. Және оның өзге а­у­ру­ларды қоздыратыны тағы анық. Жү­­р­ек жұмысы бұзылып, қан қысымы кө­­теріледі, ағзаның қорғаныш жүйесі на­шарлап, демікпе, бүйрек, т.б. ау­ру­ларға да соқтыруы ғажап емес. Сон­дықтан, дәрігерлер депрессияның бір­неше түрі болатындығын айтады. Жа­зықсыз жаны жараланған жандар жан ауруынан тез құтылып кетсе жақсы. Өйткені, соңғы кездері жүйке ауруы­на ұшырағандар саны да өсіп бара жатқан көрінеді. Сол себепті, бұған алаңдаушылық білдірген кейбір шет елдерде оны әлеуметтік, ұлттық дең­гей­дегі мәселе ретінде қарап, мем­ле­кеттік тұрғыда шешімін табудың жолын қарастыра бастаған. 

Қазақстан да мұндай саламатты жол­дан қағыс қалмауы тиіс. Ең басты­сы, қызметтік, яғни қоғамдық орта­да, кез келген ұжымда, үйде, түзде адам­дардың бір-біріне деген ілтипатын арт­тырып қана қоймай, өзгенің жанын жаралайтындай жағдайдың жасал­мауына барынша қолдау білдіру қажет. Сонда ғана әр адам көңілді жүріп, Қазақстаннан артық атамекен жоқтығын мақтан ететін болады.

Ал өзгенің жан-дүниесіне жүрдім-бардым қарайтын адамдарға бәрібір. Жоғарыда айтылған нақыл сөздің мәні де сонда. Ендеше, күйзеліске түсірмеудің де, ол дертті емдеудің де кілті қоғамның өзінде.

Александр Тасболатов,

«Егемен Қазақстан»