• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
05 Мамыр, 2011

«Қазақтармен мың жылдық құдамыз» – дейді облысқа есімі белгілі қожалық төрағасы Анатолий МАТАСОВ

490 рет
көрсетілді

Анатолий Петрович келер жылы алпыстың асқарына шы­ға­ды. Ол – осы өңірдің тумасы, 17 жасынан бастап механизатор мамандығын меңгеріп, трак­тор­шы, комбайншы болып еңбек етті. Егіс-дала бригадасына жетекшілік жасап, Жер-ананың қа­дыр-қасиетін көкейіне түйіп өс­кен азамат еліміз нарық эконо­ми­­ка­сы­на көшкен кезде ауданда ал­ғаш­қылардың бірі болып шаруа қо­жалығын құрды. «Жас қа­нат» шаруа қожалығында бас­тап­қы кезде санаулы мал, бір мың­нан астам гектар егістігі бол­ды. Қо­лы­нан іс келетін азамат артынша «Кіші Нарын» қо­жа­лығын құ­рып, оған екі ауыл­дың тұрғын­дарын жұ­мыс­қа қа­был­дады. Ежел­ден қа­зақ­тармен тату, ынтымақтағы Ана­­толий Петровичтің екі қожа­лы­ғында еңбек ететіндердің көбі жергілікті ұлт өкілдері. Анатолий Петрович жұбайы Надежда Федоровнамен бірге үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Қа­зақтың әдет-ғұрпын, салт-дәс­түрін жетік білетін А.Матасов екі бірдей қызын қазақтарға тұр­мысқа берді. Анна деген қызы өскемендік Ернар Баянғазинге тұрмысқа шыққан. Одан бір жиендері бар. Құдалары Ербол мен Роза достары арасында сыйлы, қарапайым жандар. Ербол от­став­кадағы полковник, оның за­йы­бы Роза орыс тілі мен әде­бие­тінің маманы, қазір Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде оқытушы. – Қазақтардың құда-құдағи десе ішкен асын жерге қоя­ты­нын бұрыннан білуші едім. Ал Ербол мен Роза біз дегенде кө­ңіл­дері дархан, кең жайлау. Олар жақында ағасы Социал мен жең­гесі Қарлығашты ертіп келіп, қо­нақ болып кетті. Күйеу бала­мыз Ернар Ұлттық қауіпсіздік комитетінде қызмет етеді, майор, ал қызымыз Анна қазір баласымен үйде. Ал екінші қызымыз Вера да жергілікті жердің тұрғыны Руслан Айдағұлов деген азаматқа тұрмысқа шыққан. Екінші күйеу балам өзіммен бірге еңбек етіп жүр, – деп  Анатолий Петрович ағынан жарылды. А.Матасовтың екі қожалығын­да бұл күндері 150 адам жұмыс істейді. Өткен жылы қожалық үш мың гектарға егін егіп, гектары­нан 30 центнерге дейін өнім алды. Тіпті бидайдың әр гек­тары­нан 35-40 центнерге дейін өнім жинап, рекорд жасады. Анатолий Петрович техниканы жаңартып,  «Беларусь» тракторы, «Енисей» комбайны сияқты 11  техника са­тып алыпты. Оны банктерден несиеге емес, «Агроқаржы» фирма­сы арқылы лизингке алып, қары­зын жауып та үлгерген. Қазақтың жерінде тұрып, оның салт-дәстүрлеріне, тіпті «мал өсірсең, қой өсір» деген ұла­ғат­ты сөзіне ден қойған А.Матасов жібек жүнді солтүстік­қазақ­стан­д­ық меринос қойын өсіре бастапты. Бір кездері оның саны төрт мыңнан асқан. Қазір екі мың шамасында екен. – Сіздерге өтірік болар, ал бізге шын, осынау ет пен жібек жүнді мол беретін меринос қойын өсіруге деген талпыныс күшті болған. Амал не, еңбегіміз еш болуда, сапалы жүннің бір келісі небәрі 180 теңге.  Ал бір қойдан бес-алты келі жүн берсек, одан кем дегенде төрт костюм тігуге болады екен. Ал костюміңіздің бағасы қанша екені белгілі. Себебі, сапалы жүннен сапалы киім тігіледі. Мемлекетке рахмет, ірі қара мен қой өсірсең, етін тап­сыр­саң, субсидия береді, бірақ оның мөлшері мардымсыз, бір келісіне 100 теңге ғана аласыз. Сон­дықтан алдағы уақытта ауданды былай қойып, облыста осындай қой тұқымын өсіретін бірден-бір шаруашылық басшысы ретінде айтарым, салалық  министрліктегі басшылар асыл тұқымды мал өсіретін біздерге назар аударса екен, – деп біраз жайлардан хабардар етті. Қой фермасына келдік. «Қой қоздап, қорада шу» дегендей, саулықтардың барлығы түлепті. Көк шыға бастағандықтан, бірер отар жайылымдыққа шығып үл­ге­ріпті. Қозылардың біразы қорада, шөп-жем берілуде. Қожалықта 300 ірі қара, 170 жылқы бар. Кө­мекшісі Оралхан Әлімбаев, зоотехник Мұхтархан Әлібаев Анатолий Матасовтың оң қолы. Ал күйеу баласы, механизатор Руслан Айдағұлов, комбайншы Сергей Матасов, электрмен дәнекер­леу­ші Юрий Марилов, комбайн­шы Ринат Бозашев өздеріне тап­сырылған іске жауапкершілікпен қарайтын пысық азаматтар екені байқалады. Қожалық төрағасын толғанды­ра­тын мәселелер аз емес. Соның бірі, соңғы бірер жылда техника мен қосалқы бөлшектердің адам нанғы­сыз қымбаттауы көрінеді. Шынын­да да, алаңдауға тұрарлық жәйт. Мә­се­лен, бір келі электрот қазір 400 тең­геден 1700 теңгеге бір-ақ се­кірген. «Нива» комбайны был­тыр­лар 4 мил­лион 300 мың теңг­е тұрса, қазір 11 миллионға ша­рық­тап кеткен «МТЗ-80» трак­­торы тіпті 3 миллион теңгеден  асып түседі. Ал бұрынғы бағасы 9100 АҚШ дол­ла­ры болыпты. «КамАЗ» мәшине­сі­нің бір доң­ға­лағы 5 мың теңгеден 14 есе өсіп, 70 мың теңгеге жеткен. «Сонда қо­жа­лықтар қалай өмір сүруі тиіс, «әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқтың» кері келді ме, жоғары жақтағылар баға сая­сатын реттеп отыруы керек емес пе? Қаржы дағдарысы дегенді сыл­тау етіп, біз де өсірген бидай мен астық­тың бағасын ас­пан­датып отырсақ, елге не бетімізбен  қарай­мыз», деп қожа­лық төр­ағасы А.Матасов өзін тол­ған­дыр­ған ойын ортаға сал­ды. Шы­нында да, ойланатын мәселе! Облыс әкімі Б.Сапарбаев осы­дан екі жыл бұрын «Туған жерге тағзым» акциясы аясында бұрын­дары сутегінге жекешеленіп кеткен балабақша, клубтарды кері қайтару жөнінде бастама көтер­гені белгілі. А.Матасов екі бірдей үлкен ғимарат – балабақша мен мәдениет үйін тегін қайтар­ды. Қазір мәдениет үйінің іші кір­се шыққысыз, ал бала­бақ­ша­да елу бала тәрбиеленіп жатыр. Оның тағы бір азаматтығына еріксіз сүйсінесіз. «Өзінде еңбек ететіндерге 620 грамдық нанның бір бөл­кесін небәрі 25 теңгеден сата­ды, сонда бір жылда 3 миллион теңге өз қалтасынан шыға­ды. Сон­дай-ақ, көмір, шөпті де екі есе арзан бағаға береді. Жұ­байы Надежда Федоровна ұстай­тын дүкенде де азық-түлік баға­сы арзан», дейді Катонқарағай ауданының әкімі Арман Бек­босынов ризашылықпен. Қазақтармен құдандалы, бір өзін­де бірнеше ұлттың қаны бар (өзі айтады) Анатолий Петрович «Құр­мет» орденінің иегері, «Като­қа­рағай ауданының құр­метті азаматы». Оңдасын ЕЛУБАЙ. Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы. ____________________ Суретте: А.МАТАСОВ пен ауыл әкімі Бердібек Ережепов.