• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
06 Мамыр, 2011

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы № 90

271 рет
көрсетілді

2011 жылғы 8 ақпан            № 90           Астана, Үкімет Үйі Қазақстан Республикасының кен орындарын алғашқы ашушылар туралы ережені бекіту туралы «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 24 маусымдағы Заңының 16-бабының 21) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді: 1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының кен орындарын алғашқы ашушылар туралы ереже бекітілсін. 2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі    К.МӘСІМОВ. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы  8 ақпандағы №90 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының кен орындарын алғашқы ашушылар туралы ереже 1.Жалпы ережелер 1. Қазақстан Республикасының кен орын­дарын алғашқы ашушылар туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) «Жер қойнауы және жер койнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 24 маусымдағы Заңы 16-бабының 21) тармақшасына сәйкес әзірленді. 2. Қазақстан Республикасының кен орнын алғашкы ашушы (бұдан әрі –Алғашқы ашушы) - өнеркәсіптік құндылыққа ие, бұрын белгісіз болған кен орнын ашқан, сондай-ақ бұрыннан белгілі кен орнында пайдалы қазбалардың қосымша қорларын немесе оның өнеркәсіптік құндылығын едәуір ұлғайтатын жаңа минерал­дық шикізатты анықтаған тұлға. 3. Кен орнын ашуға және барлауға тікелей белсенді түрде қатысқан және ерекше көзге түскен: 1) шығармашылық бастама жасаған және нәтижесінде өнеркәсіптік құндылығы бар жаңа кен орны ашылған геологиялык барлау жұмыс­тарын жүргізу қажеттілігін ғылыми негіздеген; 2) белгілі кен орны шегінде оның қорын бұрын бекітілгенмен салыстырғанда кемінде екі есе ұлғайтатын жаңа дербес учаскелерді, кенді денелерді, қаттарды, қабаттарды немесе өнеркә­сіптік пайдалануға жарамды жаңа пайдалы қазбаны ашқан жеке тұлғалар Алғашқы ашу­шылар деп танылады. 4. Алғашқы ашушы деп танылған тұлғаға диплом мен «Қазақстан Республикасының кен ор­нын алғашқы ашушы» омырауға тағатын құрмет белгісі беріледі. 5. «Қазақстан Республикасының кен орнын алғашқы ашушы» омырауға тағатын құрмет белгісінің сипаттамасы мен бейнесін қоса ал­ғанда, «Қазақстан Республикасының кен орнын алғашқы ашушы» омырауға тағатын құрмет белгісімен марапаттау туралы нұсқаулықты, «Қазақ­стан Рес­публикасының кен орнын алғашқы ашушы» омырауға тағатын құрмет белгісіне қоса берілетін дипломның үлгісін индус­триялық саясатты реттеу саласындагы уәкілетті орган бекітеді. 6. Кен орнын ашуға алып келген геологиялык барлау жұмыстарын жүргізу қажеттілігін негіздеуге, кен орнын ашу мен барлауға өзі тікелей қатыспаған, өзінің қызметтік міндеттеріне қарай көрсетілген жұмыстарға жалпы басшылықты жүзеге асырып отырған лауазымды тұлғаларға «Қазақстан Республикасының кен орнын алғаш­қы ашушы» омырауға тағатын құрмет белгісін тапсыру жүргізілмейді. 2. Өтінішті қарау және жеке тұлғаны пайдалы қазба кен орнын Алғашқы ашушы деп тану туралы шешім қабылдау 7. Жеке тұлғаны Алғашқы ашушы деп тануға байланысты мәселелерді жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) білікті маманда­рынан құралатын және уәкілетті органның жанындағы Пайдалы қазбалар кен орындарын алғашқы ашу істері жөніндегі комиссия (бұдан әрі – Комиссия) қарайды. 8. Геология және жер қойнауын пайдалану өңіраралық департаменттері (бұдан әрі – өңір­аралық департаменттер) жанынан тиісті өңір­аралық департаменттердің мамандарынан тұра­тын пайдалы қазбалар кен орындарын алғашқы ашушылар істері жөніндегі өңіраралық комиссиялар (бұдан әрі – өңіраралық комиссиялар) құрылады. 9. Комиссиялар өз қызметінде Конститу­цияны, Заңды, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады. 10. Пайдалы қазба кен орнын ашу туралы жеке тұлғаның өтініші жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесімен қоса өңіраралық департаментке ұсынылады, онда тіркеледі және өңір­аралық комиссияның қарауына тапсыры­лады. 11. Өңіраралық комиссия өтініш түскен күн­нен бастап отыз күнтізбелік күн мерзімде оны карайды және: 1) кен орнының ашылу фактісін және кен орнын ашуға өтініш берушінің (өтініш беру­шілердің) қатысқанын; 2) кен орнының өнеркәсіптік құндылығын, зерделену дәрежесін және толықтығын, оны рентабельді өңдеу мүмкіндігін немесе қосымша зерттеудің орындылығын анықтайды. 12. Өтініште баяндалған материалдарды қосым­ша зерттеу немесе тексеру жүргізу қажет болған жағдайда, қарау мерзімі отыз күнтізбелік күннен аспайтын болып ұзартылуы мүмкін, ол туралы қарау мерзімі ұзартылған сәттен бастап үш күнтізбелік күннің ішінде өтініш берушіге хабарланады. 13. Өңіраралык комиссиялар өтінішті қара­ған­нан кейін материалдармен коса және өтініш берушіні Алғашқы ашушы деп тану не танудан бас тарту негіздемесі бар қорытындыны уәкі­летті органға жібереді. 14. Комиссияның отырыстары өңіраралық комиссиялардан пайдалы қазба кен орнын ашу туралы жеке тұлғаның өтінішін қарау нәтижелері бойынша қорытынды алынған сәттен бастап бір ай ішінде, бірақ жылына бір реттен сиретпей өткізіледі. 15. Өтініш беруші Комиссияның отырыс­тарын өткізуге байланысты шығыстарды төлемейді. 16. Өтініш берушіні Алғашқы ашушы деп тану не оны Алғашқы ашушы деп танудан бас тарту туралы шешім Комиссияның хаттамамен ресімделетін ұсынымы негізінде қабылданады. Шешімді Комиссияның ұсынымы түскен күнінен бастап жеті жұмыс күні ішінде уәкілетті органның бірінші басшысы бекітеді. 17. Өтініш берушіні Алғашқы ашушы деп танудан: 1) ол өзі туралы көрінеу жалган мәліметтерді ұсынған; 2) кен орнын барлауға, оны ашуға белсенді түрде қатысқан өтініш беруші үлесінің жеткіліксіздігі туралы шешім болған жағдайда бас тар­тылады. 18. Уәкілетті органның өтініш берушіні Алғашқы ашушы деп танудан бас тарту туралы шешіміне Қазақстан Республикасының заңнама­сында белгіленген тәртіппен шағым берілуі мүмкін.