• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Мамыр, 2011

Математиканы оқыту сапасы – инновациялық білім беру негізі

2357 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Пре­­зиденті Н.Ә.Назарбаев инно­ва­циялық болашаққа жол – жал­пы­ұлттық басымдық ретінде жария етіп, бұл мақсатқа жету жо­лын­да Қа­зақстанды әлемдік дең­гей­дегі білім орталығына айнал­дыру қажет­тігін атап өткен еді. Осы инновациялық болашақтың негізгі тіректерінің бірі математика ғылымы мен білімінің дамуын­да жатыр. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында білім беру жү­йесін жаңа сапамен және терең мазмұнмен толықтыру қажет екені айтылған. Осы мақсатты орын­дау­да жеке пәндерді жүйелі оқытудың маңызы зор. Ғылымдардың патшасы атанған математика пәнінен білім берудің ерекше екенін айта кетуге болады. Математика адамзаттың жараты­лыс­ты тануында, мемлекеттердің ғы­лыми дамуының негізінде жатқан ғылым ретінде танылды. Осыдан елу жыл бұрын Америка Құрама Штаттары ғарыш кеңістігін игерудегі артта қалуының негізгі себебі ретінде жаратылыстану ғылымда­рын, әсіресе, математиканы оқы­ту­дың кемшіліктерін атап кеткен екен. Сондай мәнді пәнді оқытудағы өзек­ті мәселелерді талдау мақса­тын­да өтейін деп жатқан Қазақстан Рес­публикасы математик мұғалім­дері­нің 1 съезі еліміздің білім беру сала­сындағы елеулі оқиға болары анық. Қазақстанда математика жақсы дамыған ғылымдар санатында. Бас­тауын әйгілі Әл-Фарабидан алатын Қазақстан математикасының да­муы­­на және оның өркендеуіне атақ­ты ғалымдарымыз, академиктер О.Жәу­тіков, Ө.Сұлтанғазин, Қ.Қа­сымов, Т.Кәлменов үлкен үлес қосты. Еліміздің тәуелсіздігі жылдары ерекше жетістікке жеткен ғалымдар М.Өтелбаев, Ш.Смағұлов, Б.Жұма­ғұл­ов, Н.Данаев, У.Өмірбаевтар Мем­лекеттік сыйлықтың лауреттары атақтарын алды. Осындай ғылыми жетістіктерді жастарға жеткізіп, олар­ды ғылымның жаңа шың­дары­на жетелеу ғалымдар мен математика мұғалімдерінің негізгі мәселесі. Сол өзекті мәселелер құрылтай назарында болары анық. Отандық математика мұғалім­дерінің бірінші 1 съезін өткізудегі мақсат Қазақстан Респуб­лика­сы­ның экономикасының сұраныс­тары­на сәйкес математикалық білімді жаңғырту болып табылады. Математика пәнін оқытудың кейбір мәселелерін атап өте кетсек дейміз. Бірінші, математиканы оқытудың мазмұны туралы. Бізде математиканы оқыту ісі оның тео­рия­лық негіздерін, классикалық бөлімдерін терең меңгертуге ба­ғытталған. Бұл бағыттағы жаңа көзқарасқа келетін болсақ, матема­тиканы оқытуда практикалық мә­се­лелерге көп көңіл бөлу қажет­тігінде болып отыр. Соңғы кезде ғылымның негізгі жетістіктері мен мәселелері қолданбалы салаға бағытталғандықтан, олар мектеп бағдарламасына енуі қажет. Ық­тималдық теориясы, статисти­ка­лық әдістер, математикалық моделдеу және басқа бөлімдер математика пәніне кеңінен енуі қажет. Бұл әлемдегі кең тараған үрдіске сай екендігінің мысалы ретінде PISA халықаралық зерттеуін атап кетуге болады. Ол зерттеудегі көп­теген тапсырмалар сол сала­дағы практикаға бағытталған. Сонымен қатар, негізгі тақырыптарда да құзыреттілікке құрылған. Бола­шақта оған практикалық маңызы бар тапсырмаларды енгізу қажет. Екінші мәселе, 12 жылдық орта білімге көшу. 12 жылдық орта білімге көшу тек қана орта білім беруді бір жылға ұзартып қана қоймай, білім берудің жаңа маз­мұ­нына өтуге бағыттайды. Оқыту­дың жаңа тәсілі құзыреттілікке ар­налған бұл білімде, талап­кер­лер­дің пәндер бойынша алған білімін жаңа мәселелерді шешуге бағыт­тайды. Математика пәнін оқытуда әр кезде де оқушылардың теория­ны тиімді пайдалана білуіне көп көңіл бөлінгені. Бүгін бұл негізгі талапқа айналуы қажет болып тұр. Математика пәнін бейіндік мектепте оқыту кезінде жоғары оқу орнындағы оқумен сабақтас жүргізу қажеттігі туындап отыр. Үшіншіден, математика пәні бойынша білім сапасын арттыру. Соңғы жылдары математика пәнін оқушылардың меңгеру деңгейі тө­мендеп кеткені байқалады. Рес­пуб­ли­камыздағы Ұлттық бірыңғай тестілеу мен халықаралық зерттеулер нәтижесі соның айғағы бола­тындай. ҰБТ нәтижесі бойынша математика пәні оқушылардың ең төменгі деңгейде меңгерген сабақ­тарының қатарында тұр. Ал математика – оқушылардың жан-жақ­ты ойлау қабілетін дамытатын ғылым. Демек, бұл жерде пәнді оқытуда, тәжірибе алмасуда артта қалуға болмайды. Сол себепті, математика пәнін оқытуға ерекше көңіл бөлу қажет. Павлодар мемлекеттік педаго­ги­калық институты педагогикалық білім беруде және ғылым сала­сында мемлекеттік саясатты жү­зеге асыратын, облыстағы білім бе­ру жүйесінің бәсекеге қабілет­ті­лігі мен тұрақты дамуын қамтама­сыз ететін жоғары оқу орын­дары­ның бірі болып табылатынын айта кетсек дейміз. Бәсекеге қабілетті, кәсіптік-педагогикалық дайын­ды­ғы жетік болашақ математика пәні­нің мұғалімдерін даярлау инс­титуттың алға қойған басты мақ­саттарының бірі деп білеміз. Елу жылдық тарихы бар инсти­туттың құрамында алғашқы құрылған физика-математика факультеті осы уақытқа дейін 5 мыңнан астам мұ­ғалімдер дайындап шығарғанын да айта кеткен жөн. Көптеген тү­лек­теріміз кандидаттық және док­тор­лық диссертациялар қорғап, еліміз­дің және одан тыс жерлердегі білім ордаларында еңбек етіп жүр. Атап айтсақ, институты­мыздың алғашқы түлектерінің бірі, қазіргі кезде облысымыздағы бел­гілі математик Т.Қоңырбаев есі­мі алды­мен ойға оралады. Ол Қазақстан Республикасы блім беру ісінің үздігі белгісінің иегері. Көп жыл­дан бері қаламыздағы №3 дарын­ды балаларға арналған гимназияда жемісті еңбек етіп келеді. 2009 жылы оқу бітірген түлегіміз Шолпан Шәкенева 2010 жылы өткі­зілген «Педагогикалық үміт­тер» атты облыстық конкурста жүз­­ден жүйрік шығып, бірінші орынды жеңіп алды. «Педагоги­калық шеберлік номинациясы» бо­йынша дипломмен марапатталды. Павлодар мемлекеттік педаго­ги­калық институтының алғашқы күндерінен бастап осы күнге дейін қажырлы еңбек майданына қызу араласып жүрген танымал математик ұстаздарымыз, профессорлар Н.Машрапов, Т.Кадькалова және доцент Н.Хайруллина осы уақытқа дейін шәкірттеріне ғылымның жаңа жетістіктері мен математи­каны оқытудың әдістемелік ерекшеліктерін үйретумен келеді. Болашақ математика мұғалім­дерінің сапалы білім алулары олар­дың математикадан дайын­дық­­тарына байланысты. Осыған орай, институтта «Алгебралық жүйелер», «Геометрия негіздері», «Олимпиа­далық есептерді шешу», «Матема­ти­каны оқытудағы инно­вациялық технологиялар», «Ша­ғын жинақ­тал­ған мектептегі мате­матиканы оқыту теориясы және техноло­гиясы», «12 жылдық мектептерге арналған элек­тивтік курстар ұйымдастыру әдісте­месі» атты арнаулы сабақтар жүр­гізіліп жүр. Бұл курстар болашақ ұс­­таз­дардың кәсіби біліктілігін да­мыту­ға көп әсерін тигізуде. Қазіргі жаңа әлемдік техно­ло­гияны толық меңгеретін дәуір тала­бына сай мамандар дайындау басты міндет болып тұр. Ол үшін жаңа­шыл технологияны барлық салада қол­дану қажет. Бұл бағытта институтта бірқатар істер атқа­рылуда. Биылғы оқу жылынан бастап қа­шық­тан оқыту технологиясы енгізілді. Осы технология негізінде ауыл мектептерінде жұмыс істеп жүрген көптеген мұғалімдер білім ала бастады. Ақпараттық тех­ноло­гиялар дамыған кезде қа­шықтан оқы­ту технологиясын дамытуды бас­ты бағыт ретінде қараймыз. Үш тілді білім беру бағытында да институт тиімді жұмыс істеуде десем, Білім және ғылым ми­нистр­лігінің шешімімен Павлодар мемлекеттік педагогикалық инсти­туты математика және басқа пән­дерді оқытудағы базалық жоғары оқу орны ретінде анықталды. Бұл шешімді жүзеге асыру мақсатында 2010-2011 оқу жылында институт ұстаздары ағылшын тілін меңгеру курстарынан өтті. Келесі оқу жы­лынан бастап топтар құрып, математика және басқа пәндер бо­йын­ша ағылшын тілінде оқытатын мұ­ғалімдер дайындайтын бола­мыз. Болашақ мұғалімдерді ғылыми жұмыстармен айналысуға дайын­дау мақсатында студенттердің ғы­лыми кеңесі, әртүрлі ғылыми үйір­мелер жұмыс істейді. Мысалы, математика кафедрасында көп жыл­дан бері «Математикалық олимпиада» атты үйірме жұмыс істейді. Үйірме мүшелерінің ішінде жыл сайын математикадан өтетін рес­публикалық және халықаралық олимпиадалар мен конферен­ция­лардың жеңімпаздары бар. Институт мұғалімдері мектеп мұғалімдерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Мате­ма­тикалық олимпиадалар мен ғылы­ми жобалар сайысына оқушы­лар­ды дайындап жүрген оқытушы­лары­мыздың жетістіктері айтар­лықтай. Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасында атап көрсеткендей, ұстаз мәртебесін арттыру барлығымыздың міндетіміз. Астанада өтетін мұғалімдер құ­рылтайы математика пәні ұс­таздарының пікір алысып, кәсіби шыңдалуына септігін тигізіп, жол­ашар болатынына сенімдіміз. Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұловтың бастамасымен ал­ғашқы рет өтейін деп жатқан математика пәні мұғалімдерінің құ­рыл­тайы еліміздің білім беру саласын дамытуда жаңа жетістіктерге бас­таушы болады деп білеміз. Такир БАЛЫҚБАЕВ, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры міндетін атқарушы, педагогика ғылымдарының докторы.