Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев инновациялық болашаққа жол – жалпыұлттық басымдық ретінде жария етіп, бұл мақсатқа жету жолында Қазақстанды әлемдік деңгейдегі білім орталығына айналдыру қажеттігін атап өткен еді. Осы инновациялық болашақтың негізгі тіректерінің бірі математика ғылымы мен білімінің дамуында жатыр.
Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында білім беру жүйесін жаңа сапамен және терең мазмұнмен толықтыру қажет екені айтылған. Осы мақсатты орындауда жеке пәндерді жүйелі оқытудың маңызы зор.
Ғылымдардың патшасы атанған математика пәнінен білім берудің ерекше екенін айта кетуге болады. Математика адамзаттың жаратылысты тануында, мемлекеттердің ғылыми дамуының негізінде жатқан ғылым ретінде танылды. Осыдан елу жыл бұрын Америка Құрама Штаттары ғарыш кеңістігін игерудегі артта қалуының негізгі себебі ретінде жаратылыстану ғылымдарын, әсіресе, математиканы оқытудың кемшіліктерін атап кеткен екен. Сондай мәнді пәнді оқытудағы өзекті мәселелерді талдау мақсатында өтейін деп жатқан Қазақстан Республикасы математик мұғалімдерінің 1 съезі еліміздің білім беру саласындағы елеулі оқиға болары анық.
Қазақстанда математика жақсы дамыған ғылымдар санатында. Бастауын әйгілі Әл-Фарабидан алатын Қазақстан математикасының дамуына және оның өркендеуіне атақты ғалымдарымыз, академиктер О.Жәутіков, Ө.Сұлтанғазин, Қ.Қасымов, Т.Кәлменов үлкен үлес қосты. Еліміздің тәуелсіздігі жылдары ерекше жетістікке жеткен ғалымдар М.Өтелбаев, Ш.Смағұлов, Б.Жұмағұлов, Н.Данаев, У.Өмірбаевтар Мемлекеттік сыйлықтың лауреттары атақтарын алды. Осындай ғылыми жетістіктерді жастарға жеткізіп, оларды ғылымның жаңа шыңдарына жетелеу ғалымдар мен математика мұғалімдерінің негізгі мәселесі. Сол өзекті мәселелер құрылтай назарында болары анық.
Отандық математика мұғалімдерінің бірінші 1 съезін өткізудегі мақсат Қазақстан Республикасының экономикасының сұраныстарына сәйкес математикалық білімді жаңғырту болып табылады.
Математика пәнін оқытудың кейбір мәселелерін атап өте кетсек дейміз. Бірінші, математиканы оқытудың мазмұны туралы. Бізде математиканы оқыту ісі оның теориялық негіздерін, классикалық бөлімдерін терең меңгертуге бағытталған. Бұл бағыттағы жаңа көзқарасқа келетін болсақ, математиканы оқытуда практикалық мәселелерге көп көңіл бөлу қажеттігінде болып отыр. Соңғы кезде ғылымның негізгі жетістіктері мен мәселелері қолданбалы салаға бағытталғандықтан, олар мектеп бағдарламасына енуі қажет. Ықтималдық теориясы, статистикалық әдістер, математикалық моделдеу және басқа бөлімдер математика пәніне кеңінен енуі қажет. Бұл әлемдегі кең тараған үрдіске сай екендігінің мысалы ретінде PISA халықаралық зерттеуін атап кетуге болады. Ол зерттеудегі көптеген тапсырмалар сол саладағы практикаға бағытталған. Сонымен қатар, негізгі тақырыптарда да құзыреттілікке құрылған. Болашақта оған практикалық маңызы бар тапсырмаларды енгізу қажет.
Екінші мәселе, 12 жылдық орта білімге көшу. 12 жылдық орта білімге көшу тек қана орта білім беруді бір жылға ұзартып қана қоймай, білім берудің жаңа мазмұнына өтуге бағыттайды. Оқытудың жаңа тәсілі құзыреттілікке арналған бұл білімде, талапкерлердің пәндер бойынша алған білімін жаңа мәселелерді шешуге бағыттайды. Математика пәнін оқытуда әр кезде де оқушылардың теорияны тиімді пайдалана білуіне көп көңіл бөлінгені. Бүгін бұл негізгі талапқа айналуы қажет болып тұр. Математика пәнін бейіндік мектепте оқыту кезінде жоғары оқу орнындағы оқумен сабақтас жүргізу қажеттігі туындап отыр.
Үшіншіден, математика пәні бойынша білім сапасын арттыру. Соңғы жылдары математика пәнін оқушылардың меңгеру деңгейі төмендеп кеткені байқалады. Республикамыздағы Ұлттық бірыңғай тестілеу мен халықаралық зерттеулер нәтижесі соның айғағы болатындай. ҰБТ нәтижесі бойынша математика пәні оқушылардың ең төменгі деңгейде меңгерген сабақтарының қатарында тұр. Ал математика – оқушылардың жан-жақты ойлау қабілетін дамытатын ғылым. Демек, бұл жерде пәнді оқытуда, тәжірибе алмасуда артта қалуға болмайды. Сол себепті, математика пәнін оқытуға ерекше көңіл бөлу қажет.
Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты педагогикалық білім беруде және ғылым саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын, облыстағы білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігі мен тұрақты дамуын қамтамасыз ететін жоғары оқу орындарының бірі болып табылатынын айта кетсек дейміз. Бәсекеге қабілетті, кәсіптік-педагогикалық дайындығы жетік болашақ математика пәнінің мұғалімдерін даярлау институттың алға қойған басты мақсаттарының бірі деп білеміз. Елу жылдық тарихы бар институттың құрамында алғашқы құрылған физика-математика факультеті осы уақытқа дейін 5 мыңнан астам мұғалімдер дайындап шығарғанын да айта кеткен жөн. Көптеген түлектеріміз кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғап, еліміздің және одан тыс жерлердегі білім ордаларында еңбек етіп жүр.
Атап айтсақ, институтымыздың алғашқы түлектерінің бірі, қазіргі кезде облысымыздағы белгілі математик Т.Қоңырбаев есімі алдымен ойға оралады. Ол Қазақстан Республикасы блім беру ісінің үздігі белгісінің иегері. Көп жылдан бері қаламыздағы №3 дарынды балаларға арналған гимназияда жемісті еңбек етіп келеді. 2009 жылы оқу бітірген түлегіміз Шолпан Шәкенева 2010 жылы өткізілген «Педагогикалық үміттер» атты облыстық конкурста жүзден жүйрік шығып, бірінші орынды жеңіп алды. «Педагогикалық шеберлік номинациясы» бойынша дипломмен марапатталды.
Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының алғашқы күндерінен бастап осы күнге дейін қажырлы еңбек майданына қызу араласып жүрген танымал математик ұстаздарымыз, профессорлар Н.Машрапов, Т.Кадькалова және доцент Н.Хайруллина осы уақытқа дейін шәкірттеріне ғылымның жаңа жетістіктері мен математиканы оқытудың әдістемелік ерекшеліктерін үйретумен келеді.
Болашақ математика мұғалімдерінің сапалы білім алулары олардың математикадан дайындықтарына байланысты. Осыған орай, институтта «Алгебралық жүйелер», «Геометрия негіздері», «Олимпиадалық есептерді шешу», «Математиканы оқытудағы инновациялық технологиялар», «Шағын жинақталған мектептегі математиканы оқыту теориясы және технологиясы», «12 жылдық мектептерге арналған элективтік курстар ұйымдастыру әдістемесі» атты арнаулы сабақтар жүргізіліп жүр. Бұл курстар болашақ ұстаздардың кәсіби біліктілігін дамытуға көп әсерін тигізуде.
Қазіргі жаңа әлемдік технологияны толық меңгеретін дәуір талабына сай мамандар дайындау басты міндет болып тұр. Ол үшін жаңашыл технологияны барлық салада қолдану қажет. Бұл бағытта институтта бірқатар істер атқарылуда. Биылғы оқу жылынан бастап қашықтан оқыту технологиясы енгізілді. Осы технология негізінде ауыл мектептерінде жұмыс істеп жүрген көптеген мұғалімдер білім ала бастады. Ақпараттық технологиялар дамыған кезде қашықтан оқыту технологиясын дамытуды басты бағыт ретінде қараймыз.
Үш тілді білім беру бағытында да институт тиімді жұмыс істеуде десем, Білім және ғылым министрлігінің шешімімен Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты математика және басқа пәндерді оқытудағы базалық жоғары оқу орны ретінде анықталды. Бұл шешімді жүзеге асыру мақсатында 2010-2011 оқу жылында институт ұстаздары ағылшын тілін меңгеру курстарынан өтті. Келесі оқу жылынан бастап топтар құрып, математика және басқа пәндер бойынша ағылшын тілінде оқытатын мұғалімдер дайындайтын боламыз.
Болашақ мұғалімдерді ғылыми жұмыстармен айналысуға дайындау мақсатында студенттердің ғылыми кеңесі, әртүрлі ғылыми үйірмелер жұмыс істейді. Мысалы, математика кафедрасында көп жылдан бері «Математикалық олимпиада» атты үйірме жұмыс істейді. Үйірме мүшелерінің ішінде жыл сайын математикадан өтетін республикалық және халықаралық олимпиадалар мен конференциялардың жеңімпаздары бар.
Институт мұғалімдері мектеп мұғалімдерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Математикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар сайысына оқушыларды дайындап жүрген оқытушыларымыздың жетістіктері айтарлықтай.
Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасында атап көрсеткендей, ұстаз мәртебесін арттыру барлығымыздың міндетіміз. Астанада өтетін мұғалімдер құрылтайы математика пәні ұстаздарының пікір алысып, кәсіби шыңдалуына септігін тигізіп, жолашар болатынына сенімдіміз.
Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұловтың бастамасымен алғашқы рет өтейін деп жатқан математика пәні мұғалімдерінің құрылтайы еліміздің білім беру саласын дамытуда жаңа жетістіктерге бастаушы болады деп білеміз.
Такир БАЛЫҚБАЕВ, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры міндетін атқарушы, педагогика ғылымдарының докторы.