1942 жылы Кеңес Одағы Батыры атағына ұсынылған танкист Жұмаш Рахметов есімі мен ерлігі 69 жылдан соң мәлім болып отыр
...Бұл өзі күтпеген хабар болды. Кеше кешкісін облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Клара Бейімбетқызы Аймұрзинадан тілшілер қосынына телефон шалынды. Тұтқадан толқынысты даусы анық аңғарылған апамыз таңданарлық әрі сүйінішті жаңалықты «Егемен Қазақстанға» бірінші жеткізіп тұрғандығын айтты. Ал ол мәскеулік жерлестеріміздің «Қазақ елі» қоғамдық ұйымынан хабарланыпты. Сонау жылдардағы сұрапыл соғыстан кейін қаншама уақыт өтсе де бұған дейін белгісіз болып келген жауынгердің есімі мен ерлігі тосыннан қайта жаңғыруы таңданарлықтай да еді. «Ешкім де ұмытылған жоқ, ешкім де ұмытылмайды» деген сөздің ақиқаттығы сезілді.
Бізге әзірге мәлім болғаны батыр танкистің ерлік жолдарын анықтап, алдымен Қазақстанға таныстырушы Ресейдің Калинин облысындағы, Оленин аудандық «Орел» әскери-тарихи іздестіру орталығы», жетекшісі Дмитрий Жук екен. Ол халқымыздың қаһарман ұлы туралы деректі аталған аудан мұражайынан бастап Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағаты құжаттары арқылы біраз жыл зерттепті.
Жұмаш Рахметов! Бұл кісі кім? Мәскеуден түскен мәлімет бойынша 1919 жылы Қарағанды облысының Қарсақпай ауданында дүниеге келген асыл азамат 1941 жылы Сызрань танк училищесін бітірісімен бірден майданға аттанады. Әуелде 1-ші гвардиялық танк бригадасы 3-ші механикаландырылған корпусының 1-ші танк батальонындағы 2-ші ротасына взвод командирі болып тағайындалған жас офицер шайқастарда жауынгерлерді ұрысқа батыл жұмылдырудағы ұйымдастырушылығымен де, жеке батырлық үлгісімен де көзге түседі. Аз уақытта-ақ аға лейтенант шеніне жоғарылатылады. Бір өзі жаудың 11 танкісін жояды. «Отан соғысы» және Қызыл Жұлдыз ордендері кеудесінде жарқыраған 23 жасар жігіт майдандағы әйгілі есімге айналады.
1942 жылдың қыркүйек- қараша айларында генерал Катуковтың қолбасшылығындағы танк корпусының құрамында Калинин майданында қарсыластардың шебін жарып өту айқасына қатысады. Осы ұрыстарда Оленин ауданындағы Новая Боярщина деревнясы түбінде ерлікпен қаза табады. Сол шайқастағы асқан ерлігі үшін Кеңес Одағы Батыры атағына ұсынылады. Бірақ бұл марапатқа бекігендігі, не берілгендігі аталмайды. Дмитрий Жук енді соны анықтау үстінде екенін айтады.
Жаңадан табылған дерек батыр танкист Жұмаш Рахметовтің туған-туысқандары үшін қуанышты хабар деп ойлаймыз. Оның жақын ағайыны Мұсахан Исайылов облыстағы бұрынғы «Путь коммунизма» колхозында тұрған көрінеді. Одан тараған ұрпақтар болса, батыр аталары туралы мәліметті газет редакциясынан алуға болады.
Айқын НЕСІПБАЙ.
Қарағанды.