• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
07 Мамыр, 2011

Мерей өсірген мерекелік концерт

676 рет
көрсетілді

Кеше Мемлекет басшысы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өткен Отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік концертті тамашалады. Мемлекетіміздің Қарулы Күш­терінің әскери көркем­өнер­паздар ұжымының бұл концерті жиылған жұрттың отаншылдық рухын оятып, ерекше әсерге бөледі. Осы арада мына бір нәрсені қа­дап айта кетсек дейміз. Мерекелік концертте тұңғыш рет тек әскери қызметшілерден құрал­ған өнерпаздар сахнаның сәнін кіргізді. Қас қақпай тұрып, ел аза­маттарының тыныштығын қор­ғап, Отанға қызмет етудің үлгісін көрсетіп жүрген азамат­тардың сахна төрінен орын­далған әрбір шынайы шығар­масы дән риза етті. Тек қана концерттік бағ­дар­лама емес, сонымен қатар, фото­көріністер, деректі кинолента­ла­ры Отанымыздың Қарулы Күш­терінің арғы-бергі кезеңдерінен хабар берсе, жаңа техника, технология, сарбаздарымыздың ха­лықаралық жаттығуларға қа­тыс­қан тұстағы ерекше көзге түскен ерліктері жұрт назарын аударды. Ең бастысы – мерекелік концерт өмірдің өзіндей әсерге бөледі. Әскери тірлік тыныс пен өнер ұштасқан тұста адам бол­мысы ерекше серпіледі екен. Кө­рермендерге осы сәт Қазақ елі әскері тек жауынгерлік-ше­берлік бойынша ғана емес, шы­ғар­машылық салада да мақтана алатынын дәйектеді. Мысалы, «Қыран» аэроұтқыр әскерінің орындауындағы «Арнайы тап­сырма» биі, сол секілді «Сардарлар зайыбы» би ұжымының орындаған дүниелері де зал ішін дүр сілкіндірді. Осы арада Отан Қарулы Күштерінің құрамында нәзік жанды мыңдаған азамат­ша­лардың сарбаздар сапында жүргенін айта кеткеніміз ләзім. Солардың арасынан лейтенант Ольга Цегильник қазақтың ха­лық әні «Дей салдым-айды» әуе­леткенде оның ашық дауысы кім­ді де болса тәнті етпей қой­мады. Бұдан өзге де тыңдау­шы­лардың рухын оятып, жан дү­ниесіне серпіліс әкелген небір дүниелер сахна төрінен айты­лып жатты. Аға лейтенант Біржан Мұ­каманов «Шапырашты Наурыз­бай» атты көріністі жұрт наза­рына ұсынса, ағайынды Бағлан мен Ерлан Есбаевтар «Гвардия қанаты» атты теңізшілер биін орындады. Сол секілді «35-ші десанттар бригадасының әнұра­ны» да шырқалды. Отан қорғаушылар қашанда үлгі тұтуға және құрметке лай­ық. Олар Отанды сүюдің, Отан­ға қызмет етудің үлгісі ғана емес, ұлт мақтанышы, әрі өлше­мі. Мерекелік шараның осылай­ша жоғары дәрежеде өткізі­луі­нің негізінде өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру, бейбітшілік пен келісімді нығайта оты­рып, олардың санасына сі­ңіріп жатқаны белгілі. Тәуелсіз­ді­гіміздің 20 жыл­дығына олар­дың қосқан үлесі ерен. Сөйтіп, Қазақ елі армия­сы­ның 19 жылдығына арналған ме­рекелік концерт сахнасының төрінде көпшілікке белгілі жоға­ры рухты ән мен билер орын­да­лып, ар мен намысты биік ұс­таудың үлгісі көрсетілді. Мұн­дай өнер кешіне мемлекетіміздің әр өңірінен келген сарбаздар қатысып, өздерінің сегіз қырлы, бір сырлы екенін көрсетті. Сүлеймен МӘМЕТ.