• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
07 Мамыр, 2011

Тәуелсіздік аллеясы ашылды

339 рет
көрсетілді

Елбасымыз ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында әр аумақ өмір сүруге қолайлы, жұ­мыс істеп, демалуға ыңғайлы бо­лып көрік­те­нуі тиіс деген бола­тын. Соған орай өткен аптаның соңында Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде «Тәуелсіздік аллея­сы» ашылды. «Тәуелсіздіктің 20 жылды­ғына – 20 жарқын іс» шарасы аясында жүзеге асырылған игі іс бары­сын­да аталған универси­тет­тің барлық оқу ғимарат­та­ры­ның ауласына студенттер күшімен 1000 көшет отыр­ғызылды. Осы орайда «Жасыл ел» рес­пуб­ликалық қозғалысының облыс­тық штабы Семейде жұмыс істеп жатқанын және оның басшысы осы жоғары оқу орнының жас оқы­ту­шысы Мерей Шаменов екендігін айтпасқа болмайды. Бүгінде біздің штаб мүшелерінің саны бес мыңнан асып отырса, соның үш мыңы Семей өңірінің жастары дейді ол. Жасылелдіктер өздері құрыл­ғаннан бергі бес жылға жетер-жетпес уақыт ішінде қарағайлы орман ал­қабына 20 мың көшет отыр­ғыз­ғаны да көңіл сергітеді. Әйтпесе, соңғы жылдардағы орман алқа­бын­­дағы сорақылықтар шегінен асып кеткені баршаға мә­лім. Ал мұндай орны толмас олқылықтармен қалың көпшілік болып шұғылданбаса, іс ілгерілемейтіндігі айтпаса да түсінікті. Жасылелдіктер ендігі ретте ерке Ертіс айрығындағы таби­ға­ты көркем аралды қоқыстан тазартумен айналыспақ. Олардың жұмы­сы бұдан кейін де тоқтамақ емес. Яғни, табиғат жанашыр­ларынан тұратын студенттік отрядтар өз жұмысын жаз бойы жалғас­тыратын болады. Оның әр мүшесі өткен жылы ай сайын 25-30 мың теңге көлемінде  ақша тапқан болатын. Солайша бұл іс екі жаққа да тиімді болып отыр. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. Семей.