• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
11 Мамыр, 2011

Көлік жүйрік болса... қылмыс та тез құрықталады

362 рет
көрсетілді

Арындаған тұлпардай ап­пақ автокөліктер Қостанайдың орта­лық алаңында қаздай тізілді. Сым­дай тартылып сапқа тұрған полицейлер салтанатты түрде аймақ басшысының қолынан кө­ліктердің кілтін алды. Соңғы жылдары облыс әкімі Сергей Кулагин тәртіп сақшыларының ма­териалдық жағ­дайының жақ­са­руы­­на айтар­лық­тай қолдау көр­сетіп келеді. Бірнеше жыл­дың ішінде олардың фор­масы түгел жа­ңартылды, барлық учаскелік пункттер компьютермен жаб­дық­­талды, көше тәртібін ба­қы­лай­тын видеокамералар орна­тыл­­ды. Облыс әкімшілігінің кө­мегімен Ішкі істер депар­таменті­нің автопаркі де жыл сайын то­лықтырылып отыр. Осы жолы облыс басшысы 124 машина­ның 51-ін учаскелік полицейлерге, ішінде видеобақылағышы, компьютері бар автомашинаны жол полициясына, 27 көлік қылмыс­тық жедел тергеу бөлімше­лері­нің, 16 машинаны кезекші бөлім, қалғанын басқа да қызмет бөлім­дер қызметкерлеріне табыс етті. Техникалық инновацияның енгізілуі полиция жұмысын­дағы тиімділікті еселеп артты­ра­тынын осы салтанатты шарада облыс­тық ішкі істер де­партаментінің бас­тығы, генерал-майор Болат Байжасаров та айтып өтті. Қазір тұрғындар облыс­тық ішкі істер департаментіне өз­дерінің өтініші мен арыз-шағымын электронды түрде жібере бастады. Жол қоз­ға­лы­сының автоматты бас­қару жүйесін және қозғалыс күшей­ген мезгілдерде алыстан басқа­ры­латын ви­деобақылау камера­лары бар бағ­даршамдардың қо­сылуы облыс орталығында жү­ріс-тұрысты реттеді. Апат жиі орын алатын, қоз­ғалысы көп көшелерге 10 стацио­нарлық фотокамера орнатылған. Мате­риал­дық-техникалық базаның ныға­юы сөз жоқ, қылмыстыларды ұс­тауға, оның алдын алуға оң ық­пал жасайды. Үстіміздегі жыл­дың бірінші тоқсанында өткен жылдың осы мерзімімен салыс­тыр­ғанда ауыр қылмыстардың ашылуы 15,4 пайызға өскен. Ал жасөспірімдер жасаған қылмыс 42,9 пайызға дейін азайған. Машина мінген полицей­лер­дің арасында Қостанай қа­ла­лық ішкі істер басқар­ма­сының учаскелік инспекторы Бауыржан Илияс та бар. Ол қаланың шетіне таман орна­лас­қан «2-Қос­та­най» деп ата­латын ең «мазасыз» тұрғын ауданның тәртібін күзетеді. – Тұрғын ауданның ұзын-ыр­ғасы 10 километрді құрайды. Ма­шина жоқ кезде оны аралап шы­ғудың қиындығы көп бола­тын. Енді машинамен оқиға ор­нына бұрынғыдан тезірек жетеміз, – дейді Бауыржан. Бұл тек Бауыр­жан­ның ғана емес, оның көлік мінген барлық әріптестерінің лебізі дер едік. Ал Бауыржанның өзі басқа да қызмет өкілдерімен бірлесіп, жыл­дың басынан бері он қылмыстың бетін ашты. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай.