• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Мамыр, 2011

20 жылға сотталуы мүмкін

357 рет
көрсетілді

Халықаралық валюта қорының 62 жасар басшысы Доминик Стросс-Кан қыз зорламақ болды деген айыппен сот алдында жауап бермек. Ол 20 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Стросс-Канның өзі болса, тағылған айыптардың бәрін теріске шығарып отыр. Қалыптасқан жағдайға қарамастан, бірқалыпты жұмыс істеп жатқан Халықаралық валюта қоры өз басшысының әрекетіне қатысты ешқандай түсінік берген жоқ. Сөз ретінде ХВҚ басшысының жексенбіге қараған түні Парижге ұшатын ұшаққа отырайын деп тұрған жерінде Нью-Йорк әуежайында тұтқындалғанын айта кету керек. Оған қонақ үйде жұмыс істейтін бір әйелді зорламақ болды деген айып тағылып отыр. «Накбы» күніндегі қасірет Еврей мемлекетінің құрылған күні және арабтардың ұлттық қасірет күні болып есептелетін «Накбы» күні шекарадан өтпек болған палестина­лық­тарға қарсы израильдік солдаттар оқ атқан. Соның салдарынан кемінде 13 адам қаза тауып, 100-ден астам адам түрлі жарақаттар алған. Осы себептен Палестина автономиясында үш күндік қаралы күн жарияланды. Ал Израиль мемлекеті болса, өз шекарасын одан әрі де қорғай беретінін мәлімдеп отыр. Сонымен бірге Тель-Авивте 22 жасар арабтың қаланың басты көшесінде тұрған бірнеше автокөлікті келіп соғуына байланысты бір израильдік қаза тауып, 17 адам жарақат алған көрінеді. Ливия бомбалауды тоқтатуды сұрайды 15 мамыр күні Ливия астанасы Триполиге БҰҰ-ның арнаулы елшісі Абдул Илах әл-Хатиб келді, деп ха­барлады «Бостандық» радиосы. Ол М.Каддафи үкіметінің сыртқы істер министрімен және Ливия лидеріне адалдығын сақтап отырған тайпалар басшыларымен кездескен. Бірақ оған М.Каддафидің өзімен тікелей жүздесудің сәті түспеген көрінеді. БҰҰ елшісі оқ атуды тоқтатып, Ливия әскерлері қарамағындағы қалаларға гуманитарлық миссияның өтуіне жол ашуды талап еткен. Дегенмен, Ливияға қарсы операцияға қатысып жатқан Ұлыбритания басшылығы елдің инфрақұрылымдарын бомбалауға рұқсат алу қажет деген пікір білдіріп отыр. Сайлау алдындағына насихат деп бағалады Иран президенті Махмуд Ахмадинежад «Әл-Каида» басшысы Усама бен Ладеннің қаза тапқан сәтінде Амери­каның тұтқынында болғандығы туралы мәлімдеген. Ал оның көзін жою жөніндегі операция Барак Обаманың алдағы сайлаудағы же­ңісін қамтамасыз етуді көздеген насихаттық жұмыстың бір бөлігі ғана. АҚШ бен Ладенді терроризммен күрес мақ­сатында емес, сайлау кезінде адамдардың дауысына ие болу үшін сайлауалды науқаны шеңберінде өлтіріп отыр, деп атап көрсеткен Иран президенті Теһранда өткен терроризммен күрес жөніндегі халықаралық конференцияға қатысушы­лармен кездескен кезде. Дүние-мүлік пен ақшадан бас тартпақ Египеттің экс-президенті Хосни Мубарак пен оның зайыбы Сюзан Сабит дүйсенбі күні мемлекет пайдасы үшін өздерінің мүліктері мен ақшалай қаржыларынан бас тарту процедурасын бастады, деп хабарлады РИА-Новости агенттігі. Египеттің бұрынғы басшысы 143 миллион доллар қаржысы бар есеп-шотты мемлекет пайдасына ау­даруға дайын екенін мәлімдеген. Мубарактың ай­туынша, бұл есеп-шот Александрия кітап­хана­сының мұқтаждарына арналған көрінеді, бірақ ақша жоға­лып кетеді деген қауіп­пен экс-президент ол жөнінде кітапхана басшылығына хабар бермеген. Ал Сюзанна Сабит болса, Каир қаласының шетіндегі 741 мың доллар тұратын вилласын мемлекетке беру жөнінде құжаттар дайындау туралы өз адвокатына тапсырма берген көрінеді. Солтүстік Кавказ мүфтилері бас қосты Бакуде Кавказ халықтары жоғары діни кеңесінің есеп беру мәжілісі өтпек. Оған Солтүстік Кавказ респуб­ликала­­рындағы діни басқармалардың барлық басшылары қатысады деп күтілуде. Мә­жілісте Кавказ мұсыл­мандары басқар­масының басшысы шейх-ул-ислам Аллахшукюр Пашазаде төрағалық етпек. Кавказ халықтарының жоғары діни кеңесі Пашазаденің төр­ағалығымен 1992 жылы құ­рылған болатын. Осы жолғы мәжіліс Кавказ мұсыл­мандары басқармасының Баку әкім­шілік ғимаратында өтетін болады. Лигаға жаңа басшы сайланды Араб мемлекеттері Египеттің сыртқы істер министрі Набил әл-Арабиді Араб мемлекеттері лига­сының басшысы етіп сайлады, деп хабарлады Рейтер агенттігі. Араб мемлекеттері лигасына мүше елдердің сыртқы істер министрлері әл-Арабиге бірауыздан дауыс берген. Консультациялар барысында Катар мемлекетінің өкілі әл-Арабиге бәсекелес болып, дегенмен, кейін ол өз кан­дидатурасын қайтып алған көрінеді. Сөз ретінде Араб мемлекеттері лигасына Африка мен Азияның араб тілді 22 мемлекетінің кіретінін айта кету қажет. Олардың ішінде Египет, Сирия, Ливия және Ирак сияқты бірқатар державалар да бар. Интернет материалдары негізінде әзірленді.