Тәуелсіз еліміздің тарихында тағы бір асудан өттік. Тағы да бір рет жалпыхалықтық сайлауда жасырын дауыс беру арқылы еліміздегі ең үлкен лауазымның иесін анықтадық. Барлық асулар мен өткелдер сияқты бұл сайлау да өзінің артына сабақ болар ұлағаттар тастап кетті. Соның бірі – президенттікке кандидат болып тіркелетін үміткерлерге де табалдырықтың қажеттілігін танытты.
Ата Заңымыздың 41-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының Президенті болып Қазақстан Республикасында туған, 40 жастан кіші емес, елімізде кем дегенде 15 жыл тұрған кез келген азамат сайлана алады. Оларға қойылатын тағы бір талап – мемлекеттік тілді еркін меңгерген болуы қажет. Осыларға сәйкес болған кез келген азамат саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің ұсынуымен де, өзін өзі ұсынып та президенттікке кандидат болып тіркеле береді. Биыл осы құқын пайдаланып, талайлар тіркеліп, олардың барлық саны 22 адамға жетті. Оның ішінде үй шаруасындағы әйел де, жұмыссыз жүрген азаматтар да болды. Әрине, олардың көбі президент болып, ел басқарайын деген жоқ шығар, қандай да бір себептермен көрініп қалуға тырысқандар екені анық. Соның ішінде президенттікке кандидаттардың сайлауалды үгіттеріне бөлінетін 6 млн.-нан артық қаражаттан да иегі қышығандар болмай қалған жоқ сияқты.
Басқада жұмысымыз жоқ, қазақ халқы ежелден биік орында отырған адамды ғана емес, биік орынның өзін де сыйлаған. Оның қадірі мен қасиетін жоғары бағалап, ешқашан аяқасты етпеген. Халқымыздың қалыптасқан менталитеті осы. Сондықтан да, көп адамдар, ұлағатты ақсақалдарымыз президенттікке үміткерліктің ойыншыққа айналғандай болғанына наразылықтарын білдіріп жатты. Соның ішінде халқымыздың ардақты ұлдарының бірі, атақты композитор, Қазақстанның Еңбек Ері Еркеғали Рахмадиев «Арзандамайықшы, ағайын» деген мақала да жазды («ЕҚ», 25.02.2011 ж.).
Сөз жоқ, Қазақстан – демократия құндылықтарын жоғары бағалайтын зайырлы мемлекет. Барлық адам тең құқылы, бәрі де президент болуға ұмтылмақ қақысы бар. Ешкімнің осы құқын шектеуге болмайды. Ендеше, «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» осындай тығырықтан шығып, президенттікке тек лайықты үміткерлердің өтінішін ғана қалай қабылдауға болады?
Ол үшін Конституцияға ешкімнің құқығын шектемейтін, тек ежелден екшеуіш құралы болып келе жатқан табалдырық туралы өзгеріс енгізу қажет. Қазақта «табалдырықтан аттады» деген сөз бар. Бұл адамның жаңа сапаға көшіп, жаңа ортаға өткенінің белгісі. Сол сияқты үміткер болу үшін де шағын табалдырықтан аттау керек.
Ал бұл жердегі табалдырық деп отырғанымыз 30 айлық есептік көрсеткіш (АЕК). (Қазіргі бағамы 45 мың теңгеден артық). Осынша соманы үміткерлікке тіркелгісі келген азамат Орталық сайлау комиссиясының есеп-шотына аударып, түбіртегін өтінішіне қоса тіркеп, ұсынуы қажет. Егер мұндай түбіртек болмаса, өтініш қабылданбасын. Ал оның атауын «кепілдік жарна» десе де болады.
«Е, адамның президенттікке кандидат болу құқын шектеу осы емей немене» деп айтуға асықпаңыз. Бұл қаражат үміткердің мемлекеттік тілді меңгеру дәрежесін анықтайтын комиссиясының отырысынан кейін үміткер сынақтан өтсе де, өте алмаса да оның есеп-шотына қайтарылсын. Ал егер сынаққа келмей қалса, онда қаражаты мемлекеттік бюджетке түсім ретінде аударылсын. Конституцияға енгізілетін өзгеріс осы норманы қамтуы керек.
Сонда бұл қаражат, біріншіден, кез келген адамның (оның ішінде мүлде лайықсыздардың) өтініш бере беруін екшейді; екіншіден, мемлекеттік тілді меңгеру дәрежесін байқайтын комиссияны ойыншық қылғандай болып, оның сынағына келмей қалудан кепілдік береді; үшіншіден, қайтадан өзіне қайтарылу арқылы ешқандай қаржылық салмақ түсіріп, қиындық тудырмайды;
Ал, енді, кепілдік жарна неге 20 немесе 40 емес, 30 АЕК көлемінде болуы керек дегенге келейік. Өйткені, бұл қаражат аз да емес, көп те емес, өзін президенттікке үміткер болуға лайықпын деп санаған адамның қалтасы көтеретін сома.
Міне, Ата Заңға осы шағын өзгеріс енгізілсе, президенттік таққа кандидат болу да ойландыратын орын екенін әркім біле жүрер еді.
Жақсыбай САМРАТ.