• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
18 Мамыр, 2011

Сахна саңлағының самғауы

382 рет
көрсетілді

Қазақ сахна өнеріндегі өзгеше бір шоғыр – отызыншы жыл­дардың төлдері қатарынан суы­ры­лып шыққан таланттар тобы. Жарық жұлдыздар шоғырында Әнуар Молдабеков, Фарида Шә­ріпова, Сәбит Оразбаев, Асанәлі Әшімов, тағы басқалар бартұғын. Райымбек Сейтметов «сахна» деген сөзді «сақана» дейтін. «Сақ ана», «сақтың анасы», «сақ жұр­ты­­ның, сақ елінің анасы» дегендей естілетін. Солай сезілетін. Сол сақ анаға адал актер­лері­міздің бірегейі Сәбит Оразбаев­тың 75 жасқа толған тойы Оң­түстік өңірінде дүркіреп өтті. Сақ анадайын көретін шешесі Апақай ана айтқан екен: «Балам, алаңдама маған. Ауылда қалып қойсаң, өкінесің. Өзгешесің сен. Өнеріңді өлтірме. Қалаған маман­ды­ғыңды ал. Оқы. Мақсатыңа жет», деп. Ал ауылдағы ақыл­шылар: «Әртіс болма, адам бол. Мал дәрігерлігін меңгер», деген. Сәбит Оразбаевтың майталман маман, жауапкершілігі аса жоғары мал дәрігері болуға мол мүмкіндігі бар-тұғын. Бірақ ол жүрегінің үніне құлақ қойды. Үлкен әріппен жазылатын ма­ғы­надағы Әртіс те, Адам да болып шық­ты. Сахна саңлағының сам­ғауы айтулы Арыс өзенінің бо­йынан басталған. Мамыр айының ортасында Оңтүстік жұртшылығы Қазақ­стан­ның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Оразбаевтың 75 жылдығын үш күн тойлады. Алғашқы күні актерді облыс әкімі Асқар Мыр­захметов бір топ зиялы қауым өкілдерімен бірге қабылдады. Емін-еркін әңгіме болды. Сый-сияпат жасалды, оқалы шапан жабылды, оюлы бөрік кигізілді. «Сіз – қазақ халқының мақтаны­шы­сыз, мерейісіз. Тәуелсіздікке қызмет ете беріңіз,  ұзақ жасаңыз, аға», деді әкім. «Айналайын, хал­қымнан. Жамбыл жәкеміз айт­қандай, жас құрақтай жайнай бе­ріңдер. Күнгейдің көктемі керемет, ауасы кәусар боп тұр екен. Еңбексүйгіш өлкенің бейнеті жансын. Тұнып тұрған тарихтың бағасын біліңдер. Абылай хан жан тапсырған, асыл сүйегі жат­қан топырақтың киесін қадір­лең­дер. Қазығұрт, Қаратау, Алатау түйісіп тұрған, тамылжыған туған жерім, кең-байтақ Қазақстаным көркейе бергей», деді Сәбең. Екінші күні Жұмат Шанин атын­дағы облыстық драма театрын­да керемет кеш өтті. Өңір­дегі сегіз театр арнайы әзір­лік жасапты. Әзіл-күлкіге, тағылымды тамашаға құ­рылған құттықтаулар аса қызғы­лықты да мазмұнды болды. Асан­әлі Әшімовтің «сценарийге» бағынбас іс-әрекеті де тебіреністі һәм әсерлі шықты. Екеуінің құ­шақтасып ұзақ тұрған «паузасы» да жұртты толқытып жіберді. Мә­жіліс депутаттары Қуаныш Айтаханов, Сауырбай Есжанов, Нұр­лан Өнербай сынды азамат­тар­дың ақеділ тілектері төгілді. «Әртістер әлемі, жалпы актерлер туралы қанша кітап жазсам да, бұларды жете түсінемін дей алмас едім, – деді театр сынының сардары Әшірбек Сығай. – Сәбит Оразбаев – суреткер актер. Бір қараған­да, томаға-тұйық, көп ашыл­май­тын адам сықылды. Ал ішкі әлемі, интеллектісі ғажап. Актерлігіне әншілігі, ойшылдығы үйле­сім үстеп, одан бетер биіктетіп әкете барады. Елбасымен де, етікшімен де сөйлесе біледі. Ұс­қын­сыз тірліктерге ұсақтал­ма­ған тұл­ға. Міне, бүгін де бәріміз жаңа­рып, жаңғырып, жасарып отыр­мыз. Өнер адамы үшін елдің алақанынан артық марапат жоқ». Үшінші күні Сәбең тойы Сайрам ауданында, Ақсу мен Арыс­тың бойында жалғасты. Аудан бас­шысы Уәлихан Қайназаров жаңа­дан ашылған дендробақта, дүйім жұрттың алдында актерге ақбозат мінгізді. Құрманбек Жан­дар­беков­тің, мерейтой иесі Сәбит Ораз­баевтың, өзге де өнер өрендерінің кіндік қаны тамған қайран Сай­рамның тамылжыған топырағына нұрлы шуақ құйы­лып тұрды. Оқта-текте жаңбыр сір­кіреді. Ән әуелеп, күй күмбірледі. Жырлар оқылды. Мархабат БАЙҒҰТ.